Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ой салар - АРҚА АЖАРЫ

Ой салар

Әкең келе жатыр!..

Мен ес білгелі «Әкең келе жатыр» деп анам Қамария айтқанда, шашылып жатқан үйдің ішін жинастырып, үсті-басымызды ретке келтіріп, шулап жатқан балалары, біздер «қой аузынан шөп алмайтын жуас» бола қаламыз. Кешкісін әкеміз жұмыстан шаршап келіп бірінші болып тамақтан дәм татпайынша, біз қол созбайтынбыз. Атам қазақта сан ғасырлар жалғасын тауып келе жатқан, еш жерде жазылмаған қағида. Ішімізде біреуіміз жаман сөз айтып қалса, анамыз бұл сөзді «әкең естісе-ғой… жаныңды шығарады» десе, зәре-құтымыз қалмайтын, анамыздың бұл тәлімі өсе келе отағасының беделі үшін айтатынын түсіндік. Анам Қамария әкем Кеңеспен 33 жыл отасып, атын атамай 2005 жылдың 11 маусым күні бақилық болды.

Балалардың әкесі, отағасы, күйеуім деген сөз тіркестерін қолданатын. Қазіргі келіншектерден күйеуінің атын атамау былай тұрсын, қол көтеріп төбелесіп, ақыры сотқа арыз жазып, ажырасып жатқандарды көріп жүрміз. Кез-келген отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы үйдегі әкеге тікелей байланысты. Бір кездері әкенің тәрбиесі мен үлгі-өнегесін қастерлеген халық едік. Алайда, қазіргі таңда төрдегі орнын босатып, босағадан сығалаған әкелер пайда болғаны жасырын емес. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді, ақша таппайсың» деп балағаттап сөйлейтін қатын-қалашты көзіміз көріп жүр. Анасының осы сөздерін естіген бала әкесін қалай сыйласын? Сабырсыз, тәубасыз әйелдер күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала-шағаның көзінше намысын таптаудан тайынбайды. Тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жоғалтып, құрметтемейтін болады. Ол аз болғандай, сырттан келіп дендеп енген гендерлік саясат та әйелдерге басымдық берді.
Осылардың бәрін сараласақ, ер-азаматтардың нәзік, ынжық, жігерсіз болуы қоршаған орта мен қоғамда қалыптасқан жүйеден екенін мойындаймыз. Бала-шағаның көзінше ұрыс-керіске жол беру ата-ананың түзелмес қателігі дер едім. Отбасылық кикілжіңді болдырмау кез-келген әйелдің қолында екенін ескерсек, әрбір ер-азаматтың беделі мен орнын сақтау да әйелдеріміздің пайым-парасаттылығымен өлшенеді. Сондықтан, әйелдің еріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы балаларына берілетінін есте ұстау керек тәрізді. Кеңес одағы ыдырап Қазақ елі өз алдына отау тігіп, 1991-2001 жылдар аралығында елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақсыздығынан жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның арты үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтырды. Соның салдарынан әке мен баланың арасында проб-
лемалар туындай бастады.
Дүрбелеңге толы мына жалған дүниеде өз баласына өгей болып жүрген байғұс қариялар да жеткілікті. Ұлы Абай өз заманында да «Әкесін ұрғандардың талайын көріп едім, бірақ, арбаға байлап ұрғанды бірінші көруім» деген екен. Тіпті, әке-шешесіне қол көтеріп, соққыға жығып, өлімге қиып, немесе қартайғанда керек емес заттай кеудесінен итеріп, қарттар үйіне тапсырып жатқандар арамызда толып жүр. «Әкесіз де бала өсіруге болады»,–деп өз әркеттерін жақтайтын Батысқа еліктеген шошақай ханымдар күн санап көбеюде. Әке тәрбиесін көрмеген, оның алақанының жылуын сезінбеген, ұлағатты сөздерін естімеген ұл бала болашақта қандай ер-азамат болады? Толыққанды отбасы болмаған шаңырақта әкесіз өскен баланың ертеңі не болмақ? Тәрбиені тек анасынан көрген, үнемі қыз-келіншектердің арасында өскен ұл бала батыр, еш нәрседен жасқанбайтын, ержүрек батыл әрі төзімді, ешқандай қиындыққа мойымайтын азамат болып қалыптасуы екіталай?
«Әке» деген асқар таудай асқақ сөзді естігенімде көз алдыма әкем Кеңестің бейнесі келеді де тұрады. Әркімнің де осындай күйде болатынына күмәнім жоқ. Әкем бала күнімде мені көлігіне мінгізіп, алыс жолға бірге алып жүретін. Жол жөнекей мені сөзге тартып сөйлетуге тырысатын. Сөз арасында кейбір сөздерді дұрыс айтпасам, «ол сөз былай айтылады балам» дейтұғын. 1995 жылы әскери жоғарғы оқуға түсіп, алты айдан соң үйге демалысқа келгенімде, генерал мен үш полковник біздің үйге келіп дәм татқаны бар. Сонда көрдім әкемнің қуанғанын, ұлының ер жетіп офицер болатынына сенді-ау деймін.
Әке-бала болып екеуара шай ішіп отырып шүйіркелесіп айтылған әңгімелері, оңаша ой бөлісулер, сонау балалық шағымда басынан өткерген күндерім есіме түскен сайын көзіме ыстық жас тығылады, жүрек қылын шертіп, еріксіз жанымды елжіретеді. Осындайда біздің ауылда көрші тұрған Бейсенбай ақсақалдың өмірі есіме еріксіз орала береді. Өйткені, ол кісінің өмірі удай ащы, әрі балдай тәтті болғанын әкем айтып отырушы еді.
Қысқаша тоқтала кетейін, Бейсенбай ата 1923 жылы дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық, жоқшылықпен өтсе, бозбалалық кезінде атың өшкір соғыс басталып кетіп, фронтқа аттанады. Содан жұрт соғыстан 1945 жылы қайтса, Бейсекең 1948 жылы кеудесіне «Герой Советского Союза» деген орденді тағып, әзер дегенде елге оралады. 1953 жылы Бәтима әжейге үйленіп бес ұл, бес қыз болады. Бейсекең жақсы қызметте істеп, он баласын жақсы тәрбиеледі, өсірді, оқытты, адам қатарына қосты. Ақылын айтып, көмегін беріп тұратын. Бір сөзбен айтқанда, балаларының бар жағдайын жасап, аяғынан тұрғызды. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға орналастырған соң, Бәтима әжей 2001 жылы қайтыс болды. Бейсенбай ата жалғыз қалды. Ақыр соңында 2005 жылы 20 ақпанда он баланың біреуінің үйіне сыймай, «Герой Советского Союза» көршісінің балконында қатқан қара нанды тістеп о дүниеге аттанды. Өте аянышты тағдыр десеңші.
(Әттеген-ай, осындайда қарт әке-шешеге бір сәт көңіл бөліп, олармен пікірлесуге, ой бөлісуге уақыт таппайтын, «ой, қойшы, олар қандай ақыл айтады бізге» деп мұрнын шүйіріп, 11 баланы өсірген, 25 немере 3 шөбере сүйіп отырған ата-анасына жеке пәтер әперіп, оңаша қалдырған досымды көріп жылағым келді!). Сонша баладан қайыр жоқ екен, бір Алланың өзі сақтасын. Осындайды жазғың да, айтқың да келмейді, өйткені, менің де ұл-қызым өсіп жатыр. Ертең олар өскенде маған не істері белгісіз. «Әуелі құдай ақырымды бер» деп жүрмін.
Ата-ана өз балаларының алдында сыйлы, беделді, қадірлі болғаны абзал. Балалармен ой бөлісуге әрдайым уақыт тауып, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерді бақылауда ұстаған жөн деп ойлаймын. Әйтпесе, жас бала ақылдасар кісіні сырттан іздейді, ауладағы, көшедегі замандастарының пікірі бойынша ой түйіп, солардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Балалар біздің бет-бейнеміз тәрізді, бізден көрген тәрибесін келер ұрпаққа жеткізетін жалғастырушы екені белгілі. Сондықтан, дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» демекші, өсе келе олардың дұрыс адам болып қалыптаспауына өкінішпен бармағымызды шайнап жүрмесек болғаны.
Өсе келе әкелердің бәрі бірдей емес екенін түсіндік. Олардың берер тәрбиелері де әртүрлі. Кезінде мектепте менің жақын Әмір деген досым әкесі туралы ештеңе айтпайтұғын. Сөйтсем, бір күні сыныптасым, бәрін бастан-аяқ айтып берді. Әкесі ащы суға жақын, ішіп алса бұл әлемде одан артық жынды адам жоқ. Әмірдің анасын пышақ алып қуады екен, сәби күнінен бастап әкесінің мейірім-шапағатын көрмей өсіпті. «Ондай әкенің барынан жоғы жақсы. Ауыл адамдары да, жора-жолдастары да әкемнен іргесін аулақ салғалы қашан. Кейде ұяламын, әкемнің осындай болғанына. Жұмамұрат сен әкеңді мақтап отырасың, ал, мен әкемнің қай жерін мақтайын өзің айтшы, әкенің шарапатынан баяғыда-ақ күдер үзгенмін»,–деп күрсінді».
Шынында да, әр адамның тағдыры әртүрлі, кейбір әке өзінің баласы үшін дос немесе әріптес емес, қол жетпейтін, түсініксіз, көп жағдайда тек жазалаушының рөлін атқарады. Ол күні бойы жұмыста болады, ал, үйге келгеннен кейін өзінің жеке шаруаларымен, теледидар көрумен немесе компьютердің алдында отырумен айналысады. Ал, байғұс бала өз ісімен айналысып жатқан әкесін айналшықтап, бірақ, жанына баруға бата алмай жүреді. Иә, мұның көңілді көрініс емес екендігі айқын, Әке мен баланың арасында көзге көрінбейтін кедергі тұрғандай.
АҚШ-тың психологы Джон Смит 100 жастағы әкелердің арасында сауалнама жүргізіпті, нәтижесінде олардан балаларымен қанша уақыттарын бірге өткізетіндерін сұрайды. Олардың көпшілігі шамамен былай жауап берген: «Ол қазір не түсінеді! Біраз өссін, сол кезде… Ал, әзірше анасы мен үй қызметкері қарайды ғой». Иә, бұл түсінуге болатын ұстаным. Бірақ, көбіне жылдар өте береді, ал, әлгі айтылған «сол кезде» орындалмаған күйі қала береді. Мұндай өзін аулақ ұстаушылық уақыт өте келе түсініспеушілікке, сенімсіздік пен ұрыс-керіске алып келеді. Балаға кішкентай кезінде оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеу (бірге серуен құру, ойнау, әңгімелесу) кейіннен олардың қарым-қатынастарына әсерін тигізеді, бұған қоса, көп жағдайда ондай балалар әкелеріне сенбейді және оны жақын тұтпайды.

Бұл пәниде өз перзентіңе жетер ештеңе жоқ шығар. Ол – өзіңнің ізбасарың, өміріңнің жалғасы. Қу тіршіліктің мәні мен сәні, көзіңнің шамшырағы. Ертеңгі күні кімді қандай қарттық күтіп тұр, ешкім дөп басып айта алмайды. Көп жылдар өтіп, балалар өсіп, бойдан қуат кеткен соң ешкімге керек болмай қалудан Тәңірім өзі сақтасын. Өткен күндеріңді ой елегінен өткізіп, артта қалған күндеріңе, жылжыған жылдарыңа қарап тұрып: «Мен артыма дені сау ұрпақ қалдырып барамын ба, халқыма қандай пайдам тиді, елімнің дамуына кішкентай болса да үлес қоса алдым ба, өмірімде қандай із қалдырдым?» деп бір сәт ойланатын кез кім-кімде де болатын шығар деп ойлаймын.

Жұмамұрат ШӘМШІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар