Қазақстан Республикасы Президентінің «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығы карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Төтенше жағдай режимін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесуге бағытталған.
Мұндай жиындар жыл сайын өткізілетін. Ал биылғы жылғы шара елдің қалыпты өмірі үшін өткізілетінін жақсы түсінемін. Ел іші жұдырықтай жұмылып ұйысқанда ғана кез-келген қиыншылықты жеңуге болатыны сөзсіз. Осы сын сағатта әскерге жарамды азаматтар жұқпалы індеттің алдын алуға атсалысуы қажет. Кезінде ел басына күн туған замандарда жастар қолына қару алып, ел қорғаған. Бүгінгі күні мұндай жау шапқан кезең емес. Бұдан өзге төтенше жағдай. Әрине, бізді ешкім оқ жауып тұрған майданға шақырып жатқан жоқ. Бізге жау іргеден көзге көрінбейтін коронавирус деген атпен кірді. Қиын кезеңде елге қол ұшын созу басты міндетіміз деп білемін. Әр әскери міндеттілер өз қаласы мен елді мекенін жұқпалы індеттен арашалап қалуы тиіс. Олардың бәрі арнайы еңбекпен айналысып, ауруды ауыздықтауға өз үлесін қосуы қажет.
Жарлықта әскери міндеттілер дезинфекциялау жұмысына, су тасқынымен күреске, құқықтық тәртіпті күзетуге тартылатын болады делінген. Еңбекақы мәселесі де шешілген. Заңға сәйкес жиындарға шақырылғандар әскери қызметшілердің тамақтану, медициналық қамтамасыз ету, киім-кешекпен, инвентармен жабдықтау, тасымалдау тәрізді барлық жеңілдіктерін пайдаланады. Сондай-ақ, Жарлықта әскери міндеттілер күндіз қызмет орындарында болып, кешке үйге қайтатыны, денсаулық сақтаудың барлық шаралары қамтамасыз етілетіні жөнінде де айтылған. Қазір еңбек майданында медицина, журналистика, ішкі істер және өзге де салалардың басшылары мен мамандары жұдырықтай жұмылып, елдіктің үлгісін көрсетіп жүр. Біз де олардан үлгі алып, қиын кезеңде елімізге қол ұшын созуға тиіспіз.
Жанайдар ТЕМІРБЕКОВ,
әскери міндетті.
Атбасар ауданы.