Төтенше жағдай кезінде мүгедектікті белгілеу тәртібі жеңілдетілді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Қабдуәли Құлышев карантин кезінде мүгедектік тобын анықтау және оны растайтын медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысын тапсыру туралы ақпарат берді.
Төтенше жағдай кезінде жоғарыда атап өткен мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібіне өзгерістер енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №109 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 25 наурызынан бастап төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету және азық-түлікпен қамту саласында туындап жатқан бірқатар мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің бұрын қағаз түрінде жүргізуді қажет ететін кейбір түрлері уақытша электронды форматқа ауыстырылатын болды.
Бұл жердегі ең басты назар аударатын мәселе мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік тобын анықтау бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысын ұсыну мәселесі болып отыр. Бұл да электрондық форматта іске асырылмақшы. Мүгедектік тобын анықтау, жұмысқа жарамсыздықты белгілеу медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысын шығару арқылы жүргізілетіндігі белгілі. Енді бұл жерде сырттай куәландыру жүргізіледі. Заңнамаға сәйкес бұрыннан мүгедектік тобы бар адамдардың алдыңғы белгіленген сараптамалық қорытындысының жарамдылық мерзімдері автоматты түрде төтенше жағдай аяқталған уақытқа дейін ұзартылады. Және алатын төлемақы мөлшерлері де сақталады. Жалпы, еңбек және әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің 25 түрі электрондық үкімет порталы арқылы жүргізіледі, – деді департамент басшысы Қабуәлі Құлышев.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Шерияздановтың ақпараттына сәйкес, бүгінгі күні облыста 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Жыл сайын бұл тізімге жаңадан 2 мыңға жуық адам қосылады. 7 мыңға тарта адам қайта медициналық-әлеуметтік сараптамалық тексерістен өтіп отырады. Мүгедекті сырттай бекіту мерзіміне төтенше жағдайға дейінгі бір ай, дәл уақыты және одан кейінгі бір ай жатқызылады. Төтенше жағдайдан кейінгі бір ай ішінде қайта мүгедекті белгілеу бойынша медициналық сараптама қорытындылары тапсырылып, тиісті мамандар куәландырылуы тиіс. Егер төтенше жағдайға дейін адамдар медициналық тексерістен өтіп, медициналық қажетті құжаттары дайын болса, онда қолда бар анықтамалық құжаттарын электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы «электрондық үкімет» порталымен медициналық-әлеуметтік куәландыруға жолдауына болады. Ал, егер барлық құжаттары дайын бола тұра, тек медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы жоқ адамдар алдымен емдеуші дәрігеріне барып, консультациядан өтеді. сол жерден анықтамалық құжаттарды толтырып, барлық құжаттарын жинақтап, электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы порталға өтініш жібереді. 4 күн ішінде смс немесе порталдан хабар келеді. Интернеті жоқ немесе оны нашар ұстайтын шалғай ауылдардағы мүгедектер медициналық әлеуметтік сараптама қорытындысын куәландыру үшін 76-36-92 телефон нөмірі арқылы сұрап білулеріне болады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.