Әбілқайыр ОШАҚБАЕВ, «Қоржынкөл-А» серіктестігінің бас директоры.
Елбасының республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, жұртқа ақ тілеулі сөзін арнады.
Бүгінгі күні пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі жұмыссыздықты көбейтіп отыр. Елбасы мұнай мен газға тәуелді болған дұрыс емес деп талай рет айтқан. Осы орайда, кейінгі жылдары ел экономикасы әртараптандырыла бастады. Өзім басқаратын «Қоржынкөл-А» серіктестігінің жұмысы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Өткен жылы біз 13,8 мың гектар егіс алқабының астығын шашпай-төкпей жинап алдық. Соңғы үш жылда өнімділігі жоғары бір «Buller» егіс кешенін, 14 «Есіл-740» комбайнын, 2 «John DEER» комбайнын, 12 «Омичка-2,3» егіс кешенін сатып алдық. Шаруашылықта жер өңдейтін техникалардың барлық кешені бар. Астық механикаландырылған қырманда өңделеді. Жаңа астық кептіргіш кешенін салдық. Біз мол астық алуға ықпал ететін агротехникалық технологияларды пайдаланып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізудеміз. Өткен жылы ауа райы қолайсыз болса да, мол өнім алдық.
Тұқым өсіретін шаруашылық мәртебесі бар серіктестігіміздің алдында тек қана өз шаруашылығымызды емес, ауданның өзге де шаруашылықтарын тұқыммен қамтамасыз ету міндеті тұр. Тұқым сапалы болғандықтан, Қазақстанның өзге өңірлерінен де өтінім түсті. Ұжымда тұрақты түрде 50 адам еңбек етеді. Науқандық жұмыс кезінде Өзге өңірлерден елу шақты адам шақырамыз. Шаруашылықтағы басты проблема кадр мәселесі болып отыр. Оны өз күшімізбен шешу үшін егіс алқабында жас механизаторлар дайындаймыз. Шаруашылықта жастармен бірге зейнет демалысына шыққан еңбек ардагерлері де жұмыс істейді. Механизаторлардың жұмысы мен демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Асхана, монша тәрізді барлық қажеттілікпен жабдықталған екі дала қосы барі.
Шаруашылықтағы жалақы еңбекке қатысудың коэффициентіне байланысты. Жақсы жұмыс істегендер қомақты еңбекақы алады. Көктемгі егіс пен егін орағы кезінде механизаторлардың айлық жалақысы 500-600 мың теңгені құрайды. Біз селода тұратын адамдар алдындағы жауапкершілігімізді естен шығармаймыз. Олардың өзге елді мекендерге қоныс аудармауы үшін барлық мүмкіндікті жасаудамыз. Шаруашылықтың наубайханасы село тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бір бөлке нанның бағасы 35 теңгені құрайды. Біз селоны абаттандыруды, жолды қардан тазалауды, мектеп оқушыларын тегін тасымалдауды өз мойнымызға алдық. Әкімшілік ғимаратта дәмхана, бильярд пен жаттығу залы жұмыс істейді. Шаруашылық зейнеткерлер мен мектепке материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, селода өтетін мәдени шараларға жыл сайын 1 миллион теңге бөлеміз. Өзіміздің осындай астық шаруашылығы Зеренді ауданы мен Солтүстік Қазақстан облысында да жұмыс істейді. Сондай-ақ, біз тұрғын үй және өзге де ғимараттар құрылысымен, су құбырын тартумен айналысамыз. Ал, енді қазіргі елімізді қинап отырған коронавирус дертіне келсек, Елбасының айтуынша, Қазақстанда осындай қиындық туғанда ұрпақ қамы мен ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Бұл бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік беретініне біз де сенеміз.
Егіндікөл ауданы.