Болат ЖАНӘДІЛОВ, қоғам қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте халқымызды сабырға, байсалдылыққа шақырған ақылман Үндеуін жариялап отыр. Шындығында, қауіп алаң тудырарлық сипатта екендігі күн санап байқалуда. Жер жүзі мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның қолда бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылыми жетістігін ортақ мақсатқа жұмылдыруда.
Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан коронавируспен күресті алғашқылардың бірі болып бастағанын айтуы көп ойға қалдырады. Әлемдегі болмысты терең талдау, мемлекеттік құрылымның барлық саласында арнайы дайындық жұмыстарының жүргізілуі, сақтандыру шараларының терең ойластырылуы індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше тосқауыл қоюда. Әйткенмен, бұл жұмысты күні кешегі қарекет-қарыммен ғана шектеу аздық етеді. Мұны жаңа Қазақстанның бүкіл өткен жолындағы тәлімнен байқауға болады.
Ата Заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Алғашқы заңдық құжаттар қатарында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, барлық өңірде бұрын болмаған заманауи медициналық мекемелер салынды. Ғылыми-зерттеу орталықтары, ауруханалар мен емханаларда озық технологиялар енгізіліп, мамандар әлемнің дамыған елдерінде тәжірибеден өтті және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқытылды. Алғы шептегі бүгінгі дәрігерлеріміздің, саланың барлық деңгейдегі қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі олардың жоғары кәсіби деңгейдегі мамандар екендігін көрсетуде. Біз абзал жандардың барлығына алғысымызды айтамыз.
Жалпы, кез-келген індетпен күрес ем-шарамен бірге, адами асыл қасиеттерді сынға салатыны анық. Сондықтан, Елбасы: «Әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» деп атап көрсетті. Ал, мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда және тиісті шаралардың барлығы атқарылуда. Бірде–бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Елбасы Үндеуінен көкейімізге осындай сенім ұялатарымыз анық.