Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні - АРҚА АЖАРЫ

12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні

Қазақстан және ғарыш

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 65-ші сессиясында 12 сәуірді адамның ғарышқа ұшуының Халықаралық күні деп жариялады. Мұндай ұсынысты Юрий Гагариннен кейінгі екінші ғарышкер Герман Титов жасаған болатын. Ал, Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Герман Степанович Титов өзінің ғарыш сапарында Жарқайың ауданының аумағына қонғаны және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Ақмола жерінде бірнеше кездесу өткізгені елеулі оқиға саналады. Ол 1961 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған.

Бұл атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор. Қазақ жерінен, яғни, Байқоңыр ғарыш айлағынан осынау ұлы оқиғаның бастау алуы біздің халқымыз үшін ұлттық мақтаныш пен символдық мәнге ие.
Бүгінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров және Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов тәуелсіз еліміздің ғарыш кеңістігін бағындыруда жаңа өмір парағын ашты. Жарасымды жалғастық ретінде, 2015 жылдың қыркүйегінде ғарышкер А.Айымбетов Жер орбитасына ұшу барысында Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың ғарыштық ғылыми бағдарламаларын тереңдете зерттеді. Тәуелсіз Қазақстан бұл маңызды салада тиімді саясат жүргізуде. Әлемдік державалар республика жетістіктерін жоғары бағалауда және Қазақстанмен бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін игеру жолында тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Қазақстанда Ұлттық ғарыш Агенттігі құрылып, табысты жұмыстар атқарылуда.
Осы орайда, Ақмола облысына тікелей қатысты жағдайларды атай кеткіміз келеді.
Болашақ ғарышкер Алексей Елисеев Ұлы Отан соғысы жылдары әке-шешесімен бірге Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында тұрған (Б.Бекмағамбетов. «Енбекшильдерский район. Энциклопедия, 2015 ж.). Оның әкесі 1937 жылы жалған жаламен репрессияға ұшырап, Қазақстанға жер аударылды және 1941 жылы жұбайы Валентинамен бірге Степняктағы аурухана мен емханада жұмыс істеді. Көп ұзамай ол әскерге алынып, 1945 жылдың наурызында мерт болды. Алексей Елисеев 1943 жылы Бурабайдағы мектепте екі жыл сабақ алып, 1945 жылы отбасымен Ресейге қоныс аударған.
Алексей Елисеев 1969 жылдың 15 қаңтары мен 18 қазанында және 1971 жылдың 22-24 сәуірінде ғарышқа үш мәрте сапар шекті. Ол екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, саналуан ордендермен бірге «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған. Ауданда оның ерлігін есте сақтауға арналған шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Енді Ақмола облысының аумағына қонған ғарышкерлер туралы бірер дерек келтіре кетсек дейміз.
Валерий Федорович Быковский басқарған «Восток-5» ғарыш кемесі 1963 жылдың 19 маусымында бұрынғы Көкшетау облысының қазіргі Айыртау ауданындағы Қаратал ауылының маңайында қонды. Оны алғаш жергілікті шопан көрген. Көп ұзамай сол жерде 350 адам қатысқан облыстық комсомол комитетінің көшпелі пленумы ұйымдастырылды. Оның жұмысына соғыс және еңбек ардагерлері, партия-кеңес қызметкерлері, депутаттар қатысты. Пленумда ұшқыш-космонавт В.Быковскийдің құрметіне ғарышты игерушілердің Даңқ мемориалын орнату туралы шешім қабылданып, 1966 жылдың 14 тамызындағы ескерткіштің ашылу салтанатына ғарышкердің өзі қатысты. Монументтің макетін Валерий Федоровичке Көкшетау аспап жасау зауыты комсомол ұйымының жетекшісі Рашид Ғайнуллин салтанатты түрде тапсырды. Сол күні ғарышкер облыс орталығындағы алаңда тұрғындармен кездесіп, қала активінің жиналысына қатысты.
Космонавтар Алексей Леонов пен Валерий Кубасов басқарған «Союз-19» ғарыш кемесі 1975 жылдың 21 шілдесінде қазіргі Жарқайың ауданының аумағына қонды.
Қазақ жерінде дүниеге келіп, кейін Ресейге көшіп кеткен ғарышкерлер.
Владимир Александрович Шаталов, 1927 жылы 8 желтоқсанда Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасы кезінде  Петропавл қаласында туған. Ғарышқа екі рет ұшқан. Петропавл қаласындағы мемориалдық бюсттің ашылуына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры В.Шаталов 1969 жылы арнайы қатысты. Сол жолы өзі оқыған мектепте және әкесі, Социалистік Еңбек Ері Александр Шаталов жұмыс істеген темір жол торабында болып, қаланың орталық алаңындағы құрметті қонақтар аллеясына ақ қайың отырғызды.
Александр Степанович Викторенко, 1947 жылы 29 наурызда Қазақ КСР-нің Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Александр Степанович ғарышта 1987 жылы 22 шілдеден бастап 30 шілдеге дейін «Союз ТМ-3» кемесі экипажының командирі А.П.Александровпен және М.Фариспен (Сирия), ал, «Мир» орбиталық кешенінде Ю.В.Романенкомен және А.Лаврикинмен болды. Ол «Союз ТМ-2» кеңесінде
А.Лавейкинмен және М.Фариспен Жерге оралды. Рейс 7 күн 23 сағат 04 минут 55 секундқа созылды.
Жалпы, ол төрт рет ғарышқа ұшып, онда 489 тәулік 1 сағат 35 минут 17 секунд уақыт болды. Сондай-ақ, жерлесіміз «Мир» станциясының бортынан 6 рет шығып, ашық кеңістікте 19 сағат 39 минут бойы зерттеу жүргізген. Ол – Кеңес Одағының Батыры.
Юрий Валентинович Лончаков, 1965 жылы 4 наурызда Балқаш қаласында туған. Ол геологтар отбасында өсті. Юрий 8 жасында отбасымен Ақтөбе қаласына қоныс аударып, 1982 жылы №22 орта мектепті бітірді. Сонымен бір мезетте ДОСААФ радио мектебінің үздік куәлігін алған. Бұдан кейінгі өмірі әскери қорғаныс саласымен байланысты болды.
Юрий Лончаков ғарышқа үш рет ұшып, 200 тәулік 18 сағат 39 минуттық көрсеткішке қол жеткізді. Бұнымен қоса, ол екі рет ғарыштық ашық кеңістікте болды. Ресей Федерациясының Батыры. Ол Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау Орталығының бастығы қызметін атқарды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар