Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Махаббат балладасы - АРҚА АЖАРЫ

Махаббат балладасы

Қуаныш Оспан

Ti amo

І
Күрк-күрк жөтел тынбай қойды-ау күркілдеп,
Терең тыныс алса, шіркін, мүмкін боп!
Сезіп жатыр, біліп жатыр осымен,
Жарық өмір барады ұзап, біртіндеп.

Тәтті өмірдің таусылды ма жыр-әні,
Жайқалған тал бір-ақ сәтте құлады.
Сыр-сыр етіп сырылдайды өкпесі,
Шың-шың етіп шыңылдайды құлағы.

«Жұқпалы ауру жабыстың ба сорым боп.
Қайдан келді мынау жұртқа жоқ індет?!
Науқас саны минут сайын көбейіп,
Айналада ине шаншар орын жоқ».

Көз алдында өткен күннің тізбегі,
Шіркін, сол шақ қандай ғажап ізгі еді!
Летиция – «Бақыт» деген сөз еді,
Ол өзі де ең бақытты қыз ба еді!

Ыстығын-ай бақыт дейтін құшақтың,
Ұшқырын-ай өмір дейтін ұшақтың.
Өткен күндер дейді-ау, байғұс, сондағы,
Сол уақыттың жылжығаны үш-ақ күн…

ІІ
Көне шаһар, сұлу шаһар көз арбап,
Жігіт қызға үздігеді сөз арнап.
Әне, шіркеу қоңырауынан шыққан үн –
Құс боп ұшып ғашықтарға қонар бақ!

Риккардо еді есімі бұл жігіттің,
Риккардоға бүгін жақтас тұнық түн.
Ынтық болған сағынышын өбеді,
Жанарында жасыны ойнап үміттің.
– Летиция, сені шексіз сүйемін,
Мен бейбақтың сенсіз қалған күйі – өлім.
Күледі қыз:
– Мен де сүйем, куә анау –
Санта -Мария Моджеро⁎ киелім!

Қос ғашықтың қуанышы арайлап,
Шаттық күйін шертіп жатты бар аймақ.
Бергамоның⁎ кезіп кетті көшесін,
Қос жүректен Доницетти⁎ сазы ойнап!

Бергамоның түні ғажап мақпалдай,
Ай қарайды жолға жарық жаққандай.
Сылқ-сылқ күліп Контарини⁎ фонтаны,
«Риккардо мен Летиция» деп жатқандай.

ІІІ
Дертті Италия нұрлы таңы алыстап,
Кеуделерден әлі қанша жан ұшпақ?!
Жер аумағы етікке ұқсас бұл елді,
Індет кезді етігімен жаныштап.

Кемсеңдейді жылай алмай кәрілер,
Тұншығуда, булығуда зарына ел.
Дәрменсіздік жанын өртеп қиналған,
Байыз таппай жүр Риккардо-дәрігер.

«Сөніп жатыр жанарларда мың жұлдыз,
Себіміз жоқ, еміміз жоқ біз кімбіз?!
О, Құдайым, бұл не қылған ойының,
Бір тәулікте өлген адам – мың бір жүз!

Не боп кетті менің сорлы ғасырым?!»
Жылап та алған оңашада жасырын.
Одан кейін күйіп кетті бұл байғұс,
Көрген сәтте дерт жұқтырған ғашығын.

Летицияны ап келгенде зембілмен,
Өзін-өзі «ол емес» деп сендірген.
Қорқынышын жаспен жуып амалсыз,
Ине ұшында тамшы-үмітке жеңдірген…

І V
Көкірегі удай ашып күйіктен,
Әр сәт сайын құлап жатыр биіктен.
Летиция көзін ашты ақырын,
Шіркін, өмір, неткен ғажап, сүйікті ең!

Біраздан соң боларын да жарық тұл,
Сезеді іші, бәрі бітті –анық бұл.
Дәл жанында тұмшаланған дәрігер,
Риккардосы!
Тұлғасынан танып тұр.

Қайғы торлап бұла жүзін сымбатты,
Әлсіз дауыс үзіп-үзіп тіл қатты:
– Тастап кетем, ұзап кетем мен сенен,
Кешір мені, кешіре көр қымбаттым.

Жақындама, жақындама өтінем,
Құштым сені жүрегімнің отымен.
«Жарым болсаң, бала сүйсем» деуші едің,
Сол арманға жеткізбедім, өкінем.

Жақындама, жұқтырарсың, келме көп,
Сен ауырма, Отаныңа бер көмек.
Жас арудың кірпігінен қос тамшы,
Самайына ағып түсті дөңгелеп.

– Олай деме, жазыласың…
– Тұра тұр…
Аяқтауға мүмкіндік бер… мына тіл…
сау тұрғанда айтып қалсам деп едім…
…пандемия келмей тұрып сұрапыл,

– Есіңде ме барғанымыз Римге,
Колизейде маңдайымнан сүйдің де:
«Гладиатор болсам шіркін!» деп едің,
Сондай аңғал, әрі арманшыл күйіңде.

Ол заманды іздеу – қате алыстан,
Мен онымен әлдеқашан табысқам.
Ақ халатты Гладиатор, ол – сенсің,
Аренада арыстанмен алысқан!

Сорлы жігіт өкіруге шақ тұрды,
Сүйгенінсіз болмақ емес бақ құнды.
Шешіп тастап көзәйнегін, қолғабын,
Жұлып алып, бетпердесін лақтырды.

– Мен біргемін, Летиция, мұңданба,
Не қылмақпын сенсіз тірі тұрғанда?!
Гладиатор болу деген – алдымен,
Ғашығы үшін бара білу құрбанға!

О, махаббат, мәңгі тірі, мәңгі ұғым,
Ешкім өлшеп бере алмайтын дәлдігін!
Екі ғашық соңғы мәрте сүйісті,
Сүйіп тұрды…
Біліп тұрды тағдырын…

*Ti amo – итальянша «мен сені сүйем» деген сөз.
*Бергамо – Италиядағы қала
*Санта -Мария Моджеро – шіркеу
*Доницетти – Бергамолық композитор
*Контарини – Бергамо қаласындағы әйгілі фонтан

Көкшетау.
29.03.20.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар