Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бағдарламаның орындалуы – басты назарда - АРҚА АЖАРЫ

Бағдарламаның орындалуы – басты назарда

Өткен жылдың наурыз айынан бастап «Nur Otan» партиясының қолдауымен облыстың барлық білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды, жетім балаларды, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованы әңгімеге тартқан едік.

Облыс бойынша полиция органдарында 817 қолайсыз ата-ана есепте тұрса, олардың тәрбиесінде 944 бала және мінезі қиын 411 жасөспірім бар. Ақмола облысының білім беру ұйымдарында медициналық-әлеуметтік есепті жүргізуді реттеу мақсатында, «Мектептің электрондық картасы» жобасы іске қосылған. Бұл жоба орта және негізгі мектептерде облыстың жабық интерактивті картасы болып табылады. Интерактивті картада мектеп, оқушылар саны, профилактикалық есепте тұрған балалар туралы деректер және осы санаттағы балалар мен олардың ата-аналарымен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың барлық түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, мектептерде «Сенім поштасы» орнатылған, бірқатар оқу орындарында «Психолог поштасы» да бар. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында білім, денсаулық сақтау басқармалары, полиция департаменті, сот, қоғамдық қор және тағы басқа қызметкерлердің қатысуымен отбасылық дау-дамайдың алдын алуға бағытталған «Қоғамдық қабылдаулар» өткізіліп тұрады.
– Жасөспірімдер қылмысының алдын алу және қиын өмір жағдайындағы балалармен жұмыс жүйесінде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті үлкен рөл атқарады. Өткен жылы білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 8,3 миллион теңге сомасында үш жоба жүзеге асырылды. Осылайша қыркүйекте 14-18 жас аралығындағы белсенділер, жас өнертапқыштар, стартаперлер және әлеуметтік аутсайдерлердің қатысуымен «Ақмола жастар челлендж» жастар форумы өтті. Ал, қарашадағы күзгі демалыс кезінде ол «Бақытты балалық шақтың планетасы» атты лагерьге жалғасты. Сонымен қатар, «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Балалар түнгі қалада», «Көше», «Жасөспірім» тақырыптарында күнделікті жұмыс жүргізілуде. Осы ретте ағымдағы жылдың басынан бастап 4 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылса, 1-еуі уақытша ата-ана құқығынан шектелді. Ал, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен білім беру міндеттерін орындамағаны үшін 59 ата-анаға әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деген Ботакөз Балапайқызы білім беру ұйымдарында «Аналар есірткіге қарсы», «Балаларды снюстен қорғаймыз», «Ойынқұмарлықты бірге жеңеміз» және басқа да өз-өзіне көмек көрсететін арнайы топтар құрылып жатқанын тілге тиек етті.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында мектептердің 61,7 пайызына және балабақшалардың 89 пайызына бейнебақылау жүйелері орнатылған. Қазіргі таңда облыстың барлық дерлік мектептері ішкі дәретханалармен жабдықталған. Алайда, өңіріміздің бес мектебінде жылы дәретханалар жоқ. Олар, Зеренді ауданының Уголки, Бұлақ, Қорғалжын ауданының Үшсарт негізгі мектептері мен Целиноград ауданының Раздольное ауылындағы №50 негізгі мектебі. Аудандық білім бөлімдерінің мәліметі бойынша, жылы дәретханаларды орнату бойынша жұмыстар жазғы каникул кезеңінде жүргізілетінін айтқан басқарма басшысының орынбасары, мектептерде жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың алдын алу, ерте жүктілік, буклеттерді тарату арқылы түсік тастаудың алдын алу бойынша дәрістер мен әңгімелер, түрлі акциялар өткізіліп, фильмдер көрсетілетінінен де хабардар етті.
Бүгінгі таңда облыста 1696 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Өкінішке орай, олардың 204-і жетім балаларға арналған сегіз мекемеде тәрбиеленуде. Егер балалардың балалар үйіне түсу себептерін қарастырсақ, олардың жалпы санының тек 20 пайызы жетім болып табылса, ал, қалған 80 пайызы ата-аналарының қолайсыздығына байланысты осы мекемелерге түскен «әлеуметтік жетімдер» екені өкінішті-ақ.
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жою мақсатында облыста үш орталық жұмыс істейді. Атап айтсақ, Сандықтаудағы 68 орындық қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау облыстық орталығы, Көкшетау қаласындағы 25 орындық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы және Степногорск қаласындағы 112 орындық «Жастар» жасөспірімдер үйі. Олар да даулы жағдайда ата-аналардың балалармен сенімді достық қарым-қатынасын жолға қою, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру, емделуге жіберу және тағы басқа мәселелер бойынша «Отбасыларды қолдау қызметі» жұмыс істейді. Міне, осы бағытта 2018-2019 жылдары кәмелетке толмағандардың әлеуметтік жетімдігінің алдын алу үшін 50-ден астам отбасына барып, ескертулер жасаған. Нәтижесінде 120 бала ата-анасының қасында қалған. «Бауыр еті баласынан» ата-ананың тірідей айырылуын түсіну әрине, кім-кімге де оңай емес. Алайда, бүгінгі таңда жетім балаларды отбасына қабылдауға ниет білдірген адамдар да баршылық. Республикалық деректер банкінің мәліметі бойынша Ақмола облысынан жетім балаларды отбасына қабылдауға дайын, яғни, бала асырап алуға ниетті 298 үміткер есепте тұр. Бұл тұрғыда Ботакөз Балапайқызы 2018-2019 жылдары отбасылық тәрбиелеу түрлеріне балалар үйлерінен 119 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар берілгенін айта келе, туған отбасына да 20 бала берілгенін жеткізді. «Ана үйі» қоғамдық қоры ынтымақтастық бағытта облыста екі жобаны жүзеге асыруда. Ол «Балажан» және «Ақмола облысы бойынша бала асырап алу ұлттық агенттігі» эксперименттік бағдарламасы. Соңғы үш жылда облыстың мемлекеттік тұрғын үй қорынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 214 пәтер берілген. Ал, қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан 4 758 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 2 614 адам тұрғын үйге мұқтаж.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың құқықтарын қорғауға үлкен көңіл бөлінеді. 2018-2019 жылдар аралығында білім басқармасының «Дара» жекеменшік қорымен инклюзивті білім беру ресурстық орталықтарының желісін кеңейту бойынша ынтымақтастық аясында Көкшетау қалалық №18 орта мектеп лицейі, Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы №41 орта мектеп базасында инклюзивті білім беруді дамытудың ресурстық орталықтары ашылған. Ақмола облысында аутизмі бар балалар санының өсуіне байланысты, сондай-ақ аутизмі бар балалардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, білім басқармасы «Болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп, өткен жылы қарашада Көкшетау қалалық №4 орта мектеп базасында инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттері желісін кеңейту» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштерін іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде 2025 жылға дейін инклюзивті білім беруді қолдаудың 103 кабинетін ашу жоспарлануда. Оған қоса, 2017-2019 жылдар аралығында 40-тан астам педагог аутизмі бар балалармен жұмыс бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен.
– «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында көп балалы отбасылардың балаларына да қолдау көрсетіледі, – дейді басқарма басшысының орынбасары. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардан шыққан 17676 баланы тегін және бағасы жеңілдетілген тамақпен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. 2020 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша облыстағы 1-4 сынып оқушыларының жалпы саны 58637. Бюджеттік және көзделген қаражат есебінен тегін ыстық тамақпен 21837 оқушы қамтамасыз етілді. Әсіресе, бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтудың жоғары көрсеткіштері Жақсы, Жарқайың аудандарында 100 пайыз болса, олармен бірге Қорғалжын, Сандықтау, Ақкөл аудандары да жақсы нәтиже көрсетуде.
Бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық өткен жылға қарағанда 3,2 пайызға төмендесе, есірткіге тәуелді жасөспірімдер саны 29 пайызға азайған. Ал, ерте жүктілік көрсеткіштері 37 пайызға, суицид жағдайларының саны 44 пайызға төмендеген. Осының бәрі жоғарыдағыдай жүйелі жұмыстың нәтижесі. «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да одан әрі жалғасатын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар