Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латынша жазып, оқуды үйрене берейік! - АРҚА АЖАРЫ

Латынша жазып, оқуды үйрене берейік!

Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы

Біз соңғы уақытта ұлттық кодты сақтау мәселесіне баса назар аударып жүрміз. Ұлттық код дегеніміз не? «Ұлттық код» дегеніміз – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, өзге ұлттан ерекшелеп тұратын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, діни ұстанымымыз бен тіліміз, ұлттық қасиетіміз. Өзімізге ғана тән ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз.

Ұлттық кодты сақтау дегенде, ең бірінші, біздің қазақ екенімізді анықтайтын – ана тілімізді сақтау керек. Ұлан-байтақ жері бар қазақ елі мәңгілік жасасын десек тілімізді, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізге көздің қарашығындай ие болуымыз керек.
Ал, осы ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қоры да, қазынасы да, тасымалдаушысы да – оның тілі. Ендеше, тіл – біздің жер бетінде бар екеніміз. Ана тілімізді сақтаудың бір жолы – әліпбиді латын қарпіне көшіру. Өйткені, латын тілі – ғылым мен техниканың тілі.
Бірқатар деректер көрсеткендей, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен, ал, дүниежүзі халықтарының 80 пайызы латын әліпбиін қолданады.
Қазақ жазуының тарихына көз жүгіртсек, қазақ халқы даму барысында 5-6 әліпбиді басынан өткізген. Мәселен, түркі заманында Орхон-Енисей ескерткіштерінде ежелгі түркі жазуы немесе руна жазуын (сына) қолданған.
Одан кейінгі VІІІ ғасырда көшпелі түрік тайпаларының басым бөлігі мұсылман дінін қабылдады және Х ғасырдан бастап түріктің руна жазуы ығыстырылып, араб алфавиті қалыптасып, ХХ ғасырға дейін берік орнықты.
Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан араб жазуының тез әрі жаппай сауаттандыру жолында үлкен кедергілері мен қиындықтары бар еді. А.Байтұрсынұлы осы кедергілер мен қиындықтарды жоюдың ең басты тәсілі – араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес реформалау деп білді. Ол араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзеуді қолға алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды.
Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «Қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсын жазуы» немесе «Төте жазу» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Осы әліпби негізінде А.Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін 1912 жылы «Оқу құралы» атты тұңғыш оқулық құрастырып шығарады. Сөйтіп, 1912 жылдан 1929 жылға дейін араб алфавитінің қазақшаға икемделген «Төте жазуын» қолдандық. Кеңес өкіметінің халыққа істеген «озбыр» саясаты өз дегеніне жетіп, қазақ тілі әліпбиі 1929 жылы латын алфавитіне ауыстырылды. Ал, 1940 жылдан бастап қазіргі қолданыста жүрген кирилицаға өзгертті.
Енді жаңғыратын кез келді. Латын әліпбиіне көшу үрдісі бір күндік шаруа емес, кезең-кезеңімен өтетін зор жауапкершілікті қажет ететін игі іс.
Әліпбиімізді латын графикасына көшіру жолында жүргізіліп жатқан жұмыс барысы және жаңалықтар қазіргі кезде «Тilalemi.kz», «Til-qazyna» порталында жарияланып тұрады. Тіл пайдаланушыларға «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы латын графикасына байланысты барлық мәліметтер мен ақпараттарды ұсынады. Порталдағы қазақ әліпбиінің емле ережесі бойынша дайындалған көпфункционалды конверттер мәтінді кирилден латынға және керісінше аудару қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, интернеттік оқыту негізінде мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Tilqural.kz» веб-сервисі және қазақ тіліндегі 300 мыңнан астам сөздердің сипаттамасын көрсететін электронды «Sózdikqor.kz» іздеу жүйесі ғаламтор кеңістігіне қосылды.
«QazaqLatynKeyboard» атты жоба мобильді құрылғыларға жеңіл жүктеліп, латын пернетақтасын еркін қолдануға мүмкіндік береді.
Балаларға арналған онлайн-қосымшаларға тоқтала кетсек, 3D форматта әзірленген «Selteń seri» толықметражды анимациялық фильмінде латын негізді әліпбимен субтитр берілген, ал, әліпбиді білмейтін балақайлар үшін «IQdos» дубляждалған мультфильмі әзірленді. Бұл балаларға жаңа қазақ әліпбиін жылдам үйренуге мүмкіндік береді.
Осы арада естеріңізге сала кетсем, біздің, яғни, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрету сабақтарын фейсбуктағы «Til-taǵylym Aqmola oblysy» парақшасынан және «Til_ortalyq2019» инстаграм әлеуметтік желілерінен көре аласыздар.
Қорыта айтқанда, осы жобалардың барлығы кез-келген тіл үйренушіге интернет пен мобильді құрылғыларды пайдалану арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жылдам әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.
Біз, Қазақ елі, уақыт көшіне ілесіп, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу және жалпы ұлт ретінде сақталып қалу үшін әліппемізді латын жазуына көшіріп жатырмыз. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Қарагөз ЖАМҰХАНОВА,
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар