Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Аталар ерлігіне бас иеміз!

Осыдан оншақты жыл бұрын Айыртау аудандық газетінде «Үзілмеген үміт» атты мақалам жарық көрген еді. Онда соғыс жылдары із-түссіз кеткен атамыз Жаржан Тақырбасұлы Атығаевтың қаза болып, жерленген жері табылғаны жөнінде қуанышымды жеткізген болатынмын. Белоруссия Республикасы Витебск облысының Лиозно ауданына қарасты Погостище деревнясындағы бауырластар зиратында жерленген атамның қабірін мектеп оқушыларынан құрылған қызыл ізшілер өз қамқорлықтарына алған екен. Кейін олардың жетекшісі Константин Петрович Гайдуковпен байланыс жасап, атамыз жөнінде біраз мағлұмат алдым.

Сол зиратта 2 мыңға жуық жауынгер жерленген. 1535-інің аты-жөндері белгілі, ал, қалғандары әлі іздестірілуде. Мұндағы ақмолалық Шайым Байғабыловқа да туыстары белгітас орнатыпты. Жатқан жерлері жарық болсын! Хат және электронды пошта арқылы жазысып, фотолар алысып тұрдық. Содан Константин Петровичпен ақылдаса отырып, Жаржан атамызға зират ішіне қалай белгітас қоюды ойластырдық. Осы жақтан тас дайындап апару ауыр жұмыс. Содан ол жақтан хабар келді, егер белгітастың жобасын және жазатын мәтінін жіберсек, олар өздері дайындайтындарын айтты. Мен ұлым Атығай екеуіміз солай істеп, Жаржан атамыздың үлкен ұлы Ерназар ағамен және немересі Мақсатпен бір шешімге келген соң, дайындаған жобаны Белоруссияға жібердік.
2016 жылдың 7 мамыр күні Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Погостище бауырластар зиратында сол белгітас орнатылды деген хабар келді. Біз ол уақытта ауылымыз Сырымбетте жаңа үйдің іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп жатыр едік. Жақсы істің үстіне жақсы хабар келіп, төбеміз көкке жетті. Мен өзіміздің атымыздан қызыл ізшілер мен олардың жетекшісі К.Гайдуковке, белгітасты дайындаған С.Захаровқа, селолық Кеңестің төрағасы Л.Ивановаға және тағы басқа азаматтарға шексіз алғысымызды жеткіздім
Өткен жылдың қараша айында Белоруссияның неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 75 жыл толуына байланысты Погостище деревнясында өткізілген іс-шараға Жаржан атамыздың екінші ұлы Ермактың баласы Шоқан атасының белгітасына балалары, немерелері, шөберелері атынан гүл шоқтарын қойып, құрбандық шалып қайтты.
2019 жылдың 19 қарашасында Лиозно аудандық «Сцяг перемогі» газетінде «Почтим память воина освободителя» деген үлкен мақала шықты. Онда генерал-майор В.В.Михневич, беларусь-қазақ бірлескен қоғамының жетекшілері, тарихи-соғыс мұражайының ғылыми қызметкері А.В. Кулакова қатысқан жиында Сырымбет ауылында мешіт ашылғаны және атамызға арнап белгітас қойылғаны жөнінде де айтылады. Ата рухымен 75 жылдан кейін тілдесіп қайтқан Шоқан Ермакұлына, 29-шы гвардиялық полктың саяси жетекшісі Жаржан Атығаевтың 1944 жылдың 18 қаңтарында ауыр жарақаттан қаза болғанын растайтын құжаттар, жерленген жерінен қобдишаға салынған бір уыс топырақ және «Белоруссияның азат етілгеніне 75 жыл» медалі табыс етілген екен. Сол бір уыс топырақты Ұлы Жеңістің мерейтойында елге жеткіземіз деп отырмыз.
Соғыстың аты – соғыс. Уақыт ешкімге бағынбайды, өз дегенін жасайды. Ұлы Отан соғысы жылдары от кешкендер қатары күннен-күнге сиреп бара жатыр. Сондықтан, қазіргі ұрпақ «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген ұранмен боздақтарды іздеу және олардың майдан жолдарын зерттеу істерімен белсене айналысуы керек деп ойлаймын. Алапат соғыста шейіт болған жерлестерімізді есте сақтау, оны келешек ұрпаққа аманат ету – біздің парызымыз. Соғыс және тыл ардагерлерінің соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен еңбекқорлығы келешек ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін мәңгілік үлгі-өнеге бола бермек. Атыраулық тарихшы Жұмабай Досановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 25 томдық жинағына Жаржан Атығаев, Рахмалы Нұрғожин, Қалихан Ахметов атты жерлестеріміздің аты-жөндерінің кіруіне менің де еңбегім бар. Ондағы 12 100-ден аса қазақ офицерлерінің 120-сы батальон командирі, 70-сі штаб бастығы, 48-і комиссар, ал, 63-ші ұшқыш болғандар. Қазір бұл жинақ одан әрі жаңа есімдермен толығуда. Жуырда Павлодар облысының «Боздақтар» естелік кітабының 6 томына фотосуреттерім енді. Онда Ресей-Қазақстан шекарасындағы қызыл ізшілер отрядтарының кездесу сәттері бейнеленген.
Ерсін ҚАСҚИҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан журналистер Одағының және көркемөнер Академиясының мүшесі.
Павлодар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар