«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының еріктілері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы облыстық филиалының қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына азық-түлік таратып, қысылтаяң шақта қол ұшын берді.
Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарттарға осындай көмек көрсетілді. 9-13 сәуір аралығында еріктілер Біржан сал, Бурабай аудандарында және Көкшетау қаласында тұратын елуге жуық отбасында болып, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін – ұн, жарма, қант, май, жеміс-жидектер, сондай-ақ дәрі-дәрмектер, антисептикалық құралдарды үлестірді.
Облыстық ассамблеяның еріктілер орталығының жетекшісі Умар Шоназаров Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері «Новопэк» ЖШС, «Вертикаль» ЖШС және «МК-Агропродукт» ЖШС кәсіпкерлеріне көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді. Елдегі төтенше жағдай кезінде еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету бойынша өз жұмысын жалғастырады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі.