Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әбу Насыр Әл-Фараби – 1150 - АРҚА АЖАРЫ

Әбу Насыр Әл-Фараби – 1150

Ұлы ұстаздың оралуы

Әлемдік ой-санаға аса салмақты үлес қосқан ұлы бабамыз ғұлама ғалым Әбу Насыр Мұхаммед Әл-Фарабидің есімі бүгінгі күні баршамызға жақсы таныс. Әл-Фарабидің өмірбаяны мен ғылыми еңбектері жайлы мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарына тиісті мәліметтер енгізілген. Ұлы ойшыл ғалымның 1150 жылдығын атап өту шаралары 29 қаңтарда Алматы қаласында өткен салтанатта ресми түрде бастау алғаны көпке аян.

Бүгінде әлемнің 12 университетінде әл-Фараби орталықтары, Стамбул мен Делиде әл-Фараби мұражай-үйлері ашылған. Сондай-ақ, ғұламаның кіндік қаны тамған Отырар мен Сирияның Дамаск қаласында арнайы мәдени-руханияттық кесене-мұражайлар жұмыс істеуде. Жылма-жыл оларда баба мұрасына арналған республикалық, халықаралық ғылыми-теориялық, тәжірибелік конференциялар жүйелі түрде өтуде. 2000-ыншы жылдардан бергі кезеңде елімізде де, өзге мемлекеттерде де әл-Фараби мұрасына деген қызығушылық пен ғылыми-зерттеу жұмыстары еш бәсеңдеген емес. Атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері – Сырдария бойындағы Фараб
/Отырар/ қаласы екендігін дәлелдеп жазып, оның орнын картаға түсіріп кеткен атақты ғалым-географ ибн-Хаукал еді. Ибн-Хаукал әл-Фарабидің замандасы, Сирияның 10-ыншы ғасырдың орта тұсындағы әмірі Сайф ад-Даула Хамданидің сарайында әл-Фарабимен қатар қызмет еткен ғалым. Әл-Фараби 950 жылы режеб айында қайтыс болғаны, оны Сайф ад-Даула әмірдің өз қолымен Шам /Дамаск/ шаһарындағы «Баб ас-Сағир» зиратына жерленгендігі жайлы тарихи мәлімет сақталған.
Әл-Фарабидің жақсы дәрігер болғаны белгілі.Медицинада ол Гиппократ пен Галенге жақсы баға береді. Оның дәрігерлік жөнінде жазған еңбегінде табиғатпен, қоршаған ортамен өзара етене байланыстылыққа үлкен мән, маңыз беріледі. Фараби араб, парсы, түркі, латын, грек тілдерін өте жетік білген. Ол кісі көптеген тілді біліп қана қоймай, тіл ғылымдарының дамып-өркендеуіне зор үлес қосқан. Оның «Жазу өнері туралы кітап», «Өлеңнің ұйқасы мен өлшемі туралы кітап», «Риторика туралы кітап», «Ритм туралы кітап» деген еңбектері бар.
Ерте замандарда астрономия ғылымы барлық ғылымдардың атасы болып саналған. Әл-Фараби астрономия ғылымына көп көңіл бөлген. Ол өз заманындағы астрономиялық және астрологиялық барлық дерлік еңбектермен таныс болған. Мысалы, оның «Птолемейдің «Алмагестіне түсіндірме» деген еңбегі сол кездегі жалпы астрономия ғылымының ең биік шыңы болып табылады.
Фараби өз заманында асқан музыкант, тамаша орындаушы, композитор, музыкалық аспап жасаушы шебер, музыканың тарихын, теориясын, орындау әдістерін толық білген, түгел ғылыми негіздеп берген адам. Оның «Китаб әл-музыка әл-Кабир» атты еңбегі дүние жүзіне тегіс тараған өз заманындағы музыка жайлы теңдесі жоқ ұлы еңбек болып танылады. Әл-Фараби Қорқыт атамен замандас, тұстас өмір сүрген, өзара таныс-біліс кісілер болған деген болжам бар.
Әбу Насыр әл-Фараби математика, әсіресе, геометрия ғылымында аса ірі еңбектер жазған. Оның геометриялық түсініктерді физикалық негізде ұғу қажеттілігіне арналған «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының қиын кіріспелеріне түсіндірме» атты еңбегі бар. Оның музыкалық ноталарының дыбыс өлшемдері түгелдей математикалық принциптен құрылған. Сондай-ақ, Фарабидің астрономия, философия, логика жөніндегі еңбектерінің негізі математикалық қисынға құрылған. Сол сияқты, «Өлшем», «Уақыт», «Кеңістік» сияқты еңбектері де бірыңғай математикалық ұстанымдардан тұрады.
Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлы философ екені даусыз ақиқат. Ол басқа қырларынан бұрын философ ретінде танылған. Алдымен, оның аты Аристотель (Аристулаиз), Платон сияқты ежелгі заман философтарының еңбегін талдаумен танылып, даңққа бөленген. Бұл ретте әл-Фараби оларды ұстаз тұта отырып, олар ұстанған нақли-теологиялық ағыммен жүрмей, ғақли-рационалдық ағымды негіздеген.
Міне, сондықтан да Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабиді ақын, музыкант, дәрігер, түркі ислам пәлсапасының жарық жұлдызы, әлемдік философияның заңғары ретінде бүкіл әлем ғалымдары мойындап, Аристотельден кейінгі «Екінші Ұстаз» (Әл-Муғалим Әл-Сани) деп танығалы қаншама замандар өткен!
***
Әйтсе де, ұлы бабамыздың есімі өзінің туған Отаны – Қазақ еліне мың жылдан астам уақыт салып барып бір-ақ оралды. Біздің ендігі негізгі әңгімеміз осы Ұлы Ұстаздың оралуы және оған себепкер болған, Фарабитанудың бастауында тұрған тұлғалар жайлы болмақ.
Қазақ Фарабитануының әліппесі танымал чех ғалымы Э.Я.Кольманнан басталады. Математика ғылымдары тарихының ірі білгірі, профессор Кольман 1943 жылдың басында Қазақстанға келіп, Ғылым Академиясының филиалында Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесі туралы баяндама жасайды. Ғалым өз сөзінде орта ғасырлардағы араб ғылымының қалай өркендеп, дамығанына талдау жасап, Әл-Хорезми, Әл-Фараби, әл-Жаухари, әл-Беруни, Ибн Сина, Омар Хаям, Ұлықбек, тағы басқа да көптеген есімдерді атайды. Э.Кольманның осы баяндамасы негізінде қазақ баспасөзіне «Ұлы мұра» атты зерттеу мақаласы жарияланады. Міне, дәл осы лекция мен мақала мазмұндары қазақтың жас ғалымы Ақжан Машановтың үлкен қызығушылығын тудырады. Әйтсе де, бұл екінші дүниежүзілік соғыстың қызу жүріп жатқан шағы, ауыр жылдар болатын. Сондықтан, қазақ ғалымдары үшін бұл тақырып жабық күйінде қала береді.
Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің көптеген туындылары дүние жүзі кітапханаларында сақтаулы болғанымен, әлі бізге беймәлім күйде болатын. Оларды іздестіру, жарыққа шығару, туған халқының игілігіне айналдыру – зор міндет, бүгінгі ұрпақтың мойынындағы аманат парызы еді. Дүние жүзінің көптеген ғалымдары, әсіресе, араб, парсы тілді ғалымдар әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми еңбектерін орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Соның ішінде, Испанияда (Кордовода) 756-1031 жылдары құрылып, өркендеген Омиад халифалығы араб мәдениетінің европалық орталығына айналған. Осы халифалықта әл-Фараби ілімін дамытушы Аверрос (Ибн Рушд), Абубацер (Ибн-Туфейль), Ибн Хайтам, тағы басқа ірі ғалымдар өмір сүрген.
Шығыстың ұлылары Фирдоуси, Ибн Сина, Әл-Бағдади, Әл-Бируни, Омар Хаям, Ұлықбектер оны өздерінің ұстазы санаған. Атақты Леонардо да Винчи мен Н.Коперник, Бекон мен Лебництер де Отырар перзентінің ғылыми еңбектерімен жақсы таныс болған.
19-ыншы ғасырдың орта тұсынан бастап, Европа елдерінің ғалымдары бабамыздың өмірі мен шығармашылығына ден қоя бастайды. 20-ыншы ғасырдың орта шенінде неміс ғалымы К.Брокельман, американдық ғалымдар Дж. Сартон мен профессор Н.Решер, түрік ғалымдары А.Сайылы мен Х.Үлкен, француз ғалымы Р.Эрланже Фарабитану ғылымымен шұғылданған. 1950 жылы Түркия елі Әбу Насыр әл-Фарабидің қайтыс болғанына 1000 жыл толуын атап өтеді.
Арада 10-15 жыл өткенде геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ақжан Жақсыбекұлы Машанов әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге нақтылы ден қойып, өз бетінше қолға алады. Алдымен, әл-Фарабидің дүние дидарын көрген мекені Түркістан-Арыстан баб-Отырар аймағына сапарлайды. Көне көз қариялармен, шежіреші ақсақалдармен жүздесіп, әңгімелеседі. Киелі орындарға зиярат етіп, көне жәдігерлермен танысады. Әйтсе де, әл-Фарабидің ізін шығара алмайды… Ол жылдардағы Түркістан шалғайдағы ауыл шаруашылықты аудан орталығы, дүниежүзіне аты әйгілі Қожа Ахмет мовзолейі болса ешбір күтімсіз қалған, баратын жол да жоқ, бастайтын жан да жоқ жағдайда еді. Ал, Отырардың орыны болса, айдаладағы ақ шағыл құм басқан төбе болатын. Көз жетер жерде ешбір елді мекен де жоқ, құлазыған қиян дала… Сонау замандағы әлемге аты әйгілі қала қайда, әл-Фараби оқыған медресе, атақты кітапхана қайда, қайнап жатар қан базар, дуылдаған дүрмекті өмір қайда?!. Бұл – 1958 жыл болатын.
***
1219 жылы Шыңғыс хан әскерлері бұл қаланы әбден тонағаннан кейін оны өртеп, қиратып жермен жексен еткен. Кейініректе қала түбінен ағатын Сырдария өзенінің арнасы да алысқа аунап, қала орнында тек қана құм төбе қалды. 1903 жылы орыстың атақты археологы А.Черкасов бірінші болып, Отырар кітапханасының орнын іздеген еді. Әйтсе де, адам құрамы аз, жұпыны, қарабайыр құрал-саймандармен жарақтанған, қаржылық жағдайы да тым мардымсыз, ауыз су және азық-түлікпен, қатынас-көлік құралдарымен қамтылуы мүшкіл халде болған экспедиция мардымды жұмыс жүргізе алмады. Ақыры, А.Черкасов құпия кітапхананы таба алмады. Орыс Ғылым Академиясындағы шенеуіктерді мың жыл бұрынғы кітаптардың мол қоймасын – әлемдік өркениеттің баға жетпес қазынасын тауып, жаңалық ашып келемін деп сендірген уәдесін орындай алмады. Археолог ғалым Отырар кітапханасының 12-ғасырдағы күзетшісі Сунақ руынан шыққан Хисамуддин деген біреу екендігін ғана анықтай алды. Сөйтіп, бұл шағын экспедиция құм басқан Отырар төбеден жебенің ұшы, қылыш пен найза, қалқан сынықтарын, қираған құмыралар мен алапат өрттен қалған күл қабаты, шашылып жатқан мыңдаған адам сүйектерінен өзге ештеңе таба алмаған күйде кері қайтып оралды.
…Ұлы Отан соғысы жылдары Отырар төбенің баурайымен отарын жайып келе жатқан Нұрмағанбет қойшының борсықты қуа жөнелген иті оның жан-дәрмен қашып кірген үңгір-қуысынан мұқабасы жыртылған, жартылай сақталған бір кітапты алып шыққаны жайлы сол жылдардағы Одақтық басылым бетінде хабар жарияланды. Алайда, елде соғыс жүріп жатқанда археологиялық қазба, зерттеу жүргізетін мезгіл емес еді. Әлгі табылған кітап оны тапқан қойшының үйінде бірнеше жыл сақталғанымен, кейіннен іздеуші болмағасын із-түзсіз жоғалды. Ал, біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында өмір сүрген Александриялық ғалым Птолемей «Отырар жоғары мәдениетті қала, оның кітапханасы дүние жүзіндегі кітапқа бай орын, ол Александриядан кейінгі екінші орын алады» деп жазған еді. Отырар қаласының орыны сол Птолемей жасаған картаға түсірілген болатын.
***
Осылайша 1958 жылдың жазын оңтүстік өлкені аралаумен өткізген А.Машанов енді Мәскеу мен Петербор кітапханаларының шығыс бөлімдерін қаузауға кіріседі. Ақжан аға Ресей кітапханаларынан әл-Фарабидің неміс, ағылшын, түрік тіліндегі библиографиялық көрсеткіштерін табады да, соларды пайдаланып, бірнеше шетел кітапханаларынан әл-Фарабидің 10 шақты шығармасы мен оны зерттеген ғалымдардың жазбаларын алдыртуға қол жеткізеді. Енді оларды ана тілімізге аударту және әрі қарай тереңдете зерттеу тұрғысындағы ізденіс жұмыстарын жалғастыру керек еді. Осы мақсатта А.Машанов 1960 жылы 15 қараша күні республикалық академиялық кітапханасының директоры Н.Ахметовамен бірлесіп, Ғылым Академиясының Президенті Қ.И.Сәтбаевтың атына бұл істі бас ғылыми мекеменің жоспарына енгізіп, қаржылық-кадрлық көмек бөлу жайлы анықтама-өтініш жазады. Академик Қ.И.Сәтбаев бұл мәселеге ден қойып, әл-Фараби мұрасы зерттелсін деген шешім шығарады. Бұл жайлы академияның «Хабаршы» журналында 1961 жылы мақала жарияланады. Әйтсе де, ұзамай Қ.Сәтбаев қайтыс болады да, бұл бастама бірнеше жыл бойы қозғаусыз жатып қалады.
Алайда, Ақжан Жақсыбекұлы өзіндік ізденістерін жалғастыра береді. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бір санында әл-Фарабидің «Философияны үйрену үшін оның алдында нені білу керек» деген мақаласы тұңғыш рет қазақ тілінде жарияланады. Ғалым Уфа, Қазан қалаларына барып, ғұлама бабаның неміс, араб тілдерінде шыққан үш кітабын табады. 1963 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Шығыстану институтының директоры, академик Б.Ғафуровқа арнайы кіріп, Одақ көлемінде әл-Фараби мұрасын зерттеуді Қазақстанның үлесіне беруге келісімін алып шығады. Осыдан кейін Одақтық «Юный техник» журналына /1963 жылғы 8-саны/. «Аристотель Востока» деген мақаласын жариялайды. Бұл – Қазақстан бойынша әл-Фарабиге арналған алғашқы орыс тілді мақала еді. 1964-1965 жылдары Алматыдан «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» деген жинақта А.Машановтың әл-Фараби туралы көлемді мақаласы жарияланады. 1966 жылы Мәскеуде өткен математиктердің халықаралық конференциясында А.Көбесовпен бірлесіп, «Әл-Фараби және математика» деген тақырыпта баяндама жасайды. 1967 жылы Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткен Авиценнаға /Әбу Әли Ибн Сина/ арналған конференцияда «Әл-Фараби және Авиценна» атты баяндама оқиды.
1967 жылы Қазақ Ғылым Академиясының президенті болып өзінің сүйікті шәкірті, Одаққа танымал ірі ғалым-геолог, Лениндік сыйлықтың лауреаты, академик Шаһмардан Есенов сайланады да, Ақжан аға оның қабылдауына Алматы қаласының имамы, арабша-қазақша үлкен сөздік құрастырған, арабша аса сауатты, білімдар кісі Сәдуақас Ғылманұлын бірге алып кіріп, әл-Фараби мұрасын зерттеуге деген үлкен қолдау тауып, енді бұл іске жасы 60-тан асқан шағында тың шабыт, зор құлшыныспен кіріседі.
Осылайша А.Ж.Машанов енді шет елдерге шығуды, әл-Фарабидің Араб елдері мен Европа кітапханаларында сақталған ғылыми еңбектерін іздеп табу, олардың көшірмесін алдырып, қазақ тіліне аударту арқылы ұлы бабамыздың мұраларын кешенді түрде кеңінен зерттеп-насихаттауды мақсат етеді және бұған қажет қолдау мен көмек, мүмкіндіктерге де ие болады. Шет елдегі сақталған еңбектерді іздеп тауып, елге алдыртуда ғалым ағамыз сол кездегі қалыптасқан халықаралық ірі кітапханалар арасындағы өзара кітап алмасу шартын, шет елдерге баратындарға арнайы тапсырма берумен бірге, жеке өзі саяхатқа шығу жолдарын ұштастыра, тиімді пайдаланады. Осының нәтижесінде жазушы Ә.Әлімжанов 1967 жылы Пәкістанға барған сапарында Қарашы қаласы Сурет галлереясындағы әл- Фарабидің қолына домбыра ұстап тұрған портретінен арнайы көшірме жасатып әкеледі. Осы сурет танымал суретші Бек Ыбыраевтың өңдеп, толықтырып салуы арқылы бабамыздың бұл күнде бізге етене таныс қымбат бейнесіне айналады. Ал, академик Ш.Есенов Канадаға барған сапарында атамыздың Бейрутте араб тілінде шыққан кітабын сатып әкеліп берсе, дәрігер-академик С.Балмұқанов Стамбулдан 1950 жылы шыққан профессор А.Аташтың «Әл-Фараби кітаптарының тізімі» деген кітабын әкеледі. Бұл кітапта ұлы Ұстаздың 160 еңбегінің қай елде, қай жерде, қандай түрде, қандай нөмірмен тіркелгені көрсетіліпті.
Сондай-ақ, Голландияның Лейден университетінің кітапханасы әл-Фарабидің араб тіліндегі «Музыканың үлкен кітабы» еңбегін, Ливанның Бейруттегі кітапханасы 1967 жылы Каирде басылған «Китаб алмусақи ал-Кабир» кітабын жібереді.
Міне, осындай қолда бар жинақталған жазба жәдігерлермен танысқан Ғылым Академиясының президенті Ш.Есенов әл-Фарабиді зерттеу мәселесін академияның 1967 жылғы жоспарына енгізеді. Профессор А.Машанов 10 жылға таяған ғылыми ізденістер қорытындысы туралы 1967 жылдың соңында Қазақ Ғылым Академиясының Президиумында «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеу мәселесі» деген тақырыпта академик Ж.С.Тәжібаевпен бірлесіп баяндама жасайды. Ал, 1968 жылы күз айларында А.Ж.Машанов Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің ғылыми шығармашылық өмірінде талай табан іздері қалған Таяу Шығыс елдеріне өз қаржысымен арнайы саяхатқа шығып, өзге де көптеген жазба жәдігерлермен бірге, Сирияның Шам қаласындағы көне «Кіші қақпа» тұсындағы «Баб ас-Сағир» қорымынан оның зиратын анықтап, суретке түсіріп әкеледі.
Осылайша тынымсыз ізденіс, жанкешті еңбек, жұмсалған зор күш-жігердің нәтижесінде 1970 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан А.Машановтың «Әл-Фараби» атты тарихи-деректі кітабы Қазақ Ғылым Академиясының президенті, академик Ш.Есеновтың алғысөзімен жарық көреді. Бұл еңбек қазақ топырағындағы Фарабитанудың алғашқы қарлығашы болатын.
***
1971 жылы ЮНЕСКО-ның ғылымдар тарихына арналған халықаралық 13-інші конгресі Мәскеу қаласында өтеді. Осы конгресте әл-Фарабиге арнайы симпозиум ұйымдастырылады. Қазақстаннан 10-ға тарта ғалым сөз алып, баяндамалар жасайды. Конгресс мәжілісінде әл-Фараби мұрасының мұрагерлігіне деген талас, ғылыми тартыс орын алады. Араб ғалымдары әл-Фарабидің ғылыми шығармашылық өмірін Бағдат, Шам шаһарларында өткізіп, еңбектерін араб тілінде жазғанын, Сирия топырағында жерленгендігін алға тартады. Тәжіктер Әмударияның жоғарғы сағасында да «Фараб» аталатын мекен бар, ол сонда туған. Самани дәуірінде бізде ғылыми қызмет істеген, Ибн Сина оның шәкірті болған, – деп даурығысса, өзбектер де әл-Фарабиді біз көп жылдардан бері зерттеп келеміз, өзбек тіліне аударылған еңбектері бар. Оның мұрагері болуға біз лайықтымыз, – деседі. Бірақ, жан-жақты зерттеліп-зерделенген, нақтылы ғылыми дәлел, тарихи жазба деректер мен бұлтартпас айғақтарды алға тосқан қазақ ғалымдарының 13 жылғы еңбегі өз нәтижесін береді. Ақыр соңында конгрестің «әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кірсін. Оның 1100 жылдық мерекесі СССР-де, Қазақстанда тойлансын. Әл-Фарабидің еңбектерін зерттеуде көп еңбек сіңірген қазақ ғалымдарына ЮНЕСКО атынан алғыс айтылсын» деген қаулысы алынады. Сөйтіп, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияны 1975 жылдың қыркүйегінде Мәскеу және Алматы қалаларында өткізу белгіленеді.
Бұрын-соңды ЮНЕСКО тарапынан бірде-бір ұланының аты аталмаған қазақ халқына мұның өзі зор дәреже, әлемдік абырой әкелді. 1973 жылы Мәскеу мен Вильнюсте Н.Коперниктің 500 жылдығы, Тәшкентте Әбу-Райхан Бейрунидің 1000 жылдығы ЮНЕСКО аясында өткізіліп, бұл екі жиында да қазақ ғалымдары іргелі ғылыми баяндамалар жасайды. Сондай-ақ, 1973 жылы Алматыда Азия мен Африка жазушыларының конференциясы өтіп, оның бір күні әл-Фарабиге арналады. Сонымен, белгіленген күні 1975 жылы 8 қыркүйекте әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекесі Мәскеу Кремлінің үлкен Колонна залында ашылып, қыркүйектің 9-ына дейін жалғасады.11-13 қыркүйек күндері Алматыдағы Республика сарайында Азия, Европа елдері мен сол кездегі Одақтас 15 Республикадан келген көрнекті ғалымдардың, құрметті қонақтардың қатысуымен өткен халықаралық ғылыми конференцияның ашылымында алғашқы негізгі баяндаманы Қазақ Ғылым Академиясының президенті, академик Ш.Есенов жасап, бірнеше тақырыптық қосымша баяндама-тыңдаулар өткізіледі. Оларда ұлы энциклопедист-ғалым, ойшыл-ғұламаның өз ғылыми еңбектері арқылы Шығыс елдері мен әлемдік өркениетке қосқан үлесі кеңінен баяндалып, талданып, жан-жақты ашып көрсетіліп, орынды бағаланды.
Міне, осылай араға мың жылдық ұзақ мерзім салып, Ұлы Ұстаз өз туған топырағына, ежелгі Тұран жеріне, жаңарған-жасарған қазақ еліне оралған еді. Бізден кейін әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекесі Ирак елінің астанасы Бағдатта да өткізілді. 1975 жылы жарық көрген Қазақ Совет Энциклопедиясының алғашқы томында әл-Фарабиге арнайы мақала берілді. 1977 жылы халықаралық ғылым тарихының кезекті конференциясы Шотландияда өткізіліп, онда да әл-Фараби жайлы баяндама жасалды. 1978 жылы Ә.Әлімжановтың әл-Фарабидің тарихи бейнесін сомдаған «Ұстаздың оралуы» атты романы Мәскеуде шығатын «Дружба народов» журналының 12-санында жарияланып, кейін 1981 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ұлы Ұстаз туған халқымен, өзінің жасампаз жаңа ұрпағымен осылай мәңгілікке қауышты!
***
Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Ә.Марғұлан, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, Ә.Дербісәлиев,
Е.Жәнібеков, Ә.Нысанбаев, Ө.Жәнібеков, тағы басқа көптеген ғалымдар Фарабитану ғылымын онан әрі жалғастырып, дамытуға өз үлестерін қосты. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алды. Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілді. 1993 жылы дүниеге келген ұлттық валютамыздың
1; 200; 500; 1000; 2000; 5000; 10 000 теңгелік номинальдағы банкноттарында 1993-2003 жылдар аралығында әл-Фараби бейнесі бедерленген еді. Тәуелсіздік жылдарында әл-Фараби мұрасын зерттеу ісі жаңаша, кең көлемді, кешенді сипат алды. 1994 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан профессор А.Машановтың «Әл-Фараби және Абай» атты ғылыми-көркем жаңа кітабы жарық көрді. «Егерде бізге осы 20-ғасырда әл-Фарабиге ең жақын, рухани сабақтас адам бар ма десе, алдымен ол Абай,–дер едік. Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру – біздің халқымыздың мың жылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек», – деп жазады Ақжан аға осы еңбегінде.
Биылғы жылғы әл-Фараби мен Абайдың 1150 жылдық және 175 жылдық мерейтойларының өзара тоқайласып келуі де тегін болмаса керек. Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығы негізінде қалыптасқан рухани және мәдени кеңістік идеялары қазақ даласының 20-ғасырдағы ұлы ғұламалары Абай мен Шәкәрім ойларында үндестік тапқан. Көне түркі тілдерінде жазылған Ж.Баласағұн,
А.Иассауи, М.Қашқари шығармаларында да ұлы ойшыл бабамыздың рационалистік және гуманистік идеялары жалғасын тапқан. Осылайша Шығыс пен Батыстың ұлылар керуені бүгінгі күні де жалпы адамзат баласымен бірге үндесіп, жасасып келеді. Олардың мыңдаған жылдар бұрынғы еңбектері бүгінгі күннің қажетін тап басуда. Бәлкім, ертедегі адамдар дүниені біздің түсінігімізден әлдеқайда көбірек білгендігін айғақтайтын еңбектер әлі де табылуы ғажап емес-ау.
Сөз соңында биылғы жылғы Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының қолдауымен өткізіліп жатқан әл-Фараби бабамыз бен хакім Абайдың мерейтойлық бағдарламалары аясында профессор А.Машановтың бұдан 50 жыл бұрын жарық көрген «Әл-Фараби», 1994 жылы баспадан шыққан «Әл-Фараби және Абай» кітаптары және Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Әлімжановтың 1981 жылы басылған «Ұстаздың оралуы» романын қайта бастырып шығару жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді-ау деген тілек, базынамыз бар қарапайым қалың оқырман қауым атынан. Ылайым, бүгін болмаса, ертең солай болсын.
Сөз соңында осы мақаланы дайындауға жеке кітапханамыз бен архивіміздегі жоғарыдағы үш кітап пен «Лениншіл жас», «Ленин жолы», «Жас Алаш» газеттерінде 1975-2003 жылдар аралығында жарияланған мәлімет-деректердің негізге алынып, пайдаланылғанын айта кеткіміз келеді.

Тынымбай ДОСБАТЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар