Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкше ғалымдары - АРҚА АЖАРЫ

Көкше ғалымдары

Кеңөткелде туып, кемелдікке ұмтылған

Қазақта Кеңөткел десе, елең етпейтін жан жоқ. Бұл өлкеде тарихымыз, мәдени жаҺұттарымыз тұнып тұр. Еліміздің танымал ғалымдары, белгілі археологтар жыл сайын қазба жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайын ғасырлар қойнауынан аса құнды жәдігерлер табылып, еліміздің рухани құндылықтарына жаратылуда. Кеңөткелде әйгілі Балқадиша өсіп-өнген. Ақанның домбырасы әлі күнге күмбір-күмбір. Ауылға аяқ басқандардың барлығы әнші боп кететіндей көңіл ауаны тарқай қойған жоқ. Әуезхан Тәшенов осынау қастерлі ауылда туды, құт қоныстың туын көтеріп, сары алтындай сағымдарға ілесіп, желмая армандарының жетегінде жүрді…

Дәл осы арада Әуезхан «отбасының жағдайымен елуінші жылдардың ортасында Алматыға көшті» дейтін дәстүрлі тіркесті келтіруге мәжбүр болғанымызбен, бұл заңды көшіс, биік мақсаттың биік қақпасы ашылған көш екендігін айтқымыз келеді. Кеңөткелдің, жалпы қазақ жерінің асты-үстіндегі байлықтың еселенуіне үлес қосу үшін үлкен қалада мүмкіндіктің жоғары екендігіне қуанды ол. Асыл мақсаттарына өзінің болмыс-бітімін тұтастай арнайтындар санатындағы Әуезхан Тәшенов 1968 жылы №33 мектепті де, сол кездегі жалғыз университет – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университет) химия факультетін де, 1973 жылы медальмен бітірді. Дипломды алу үстінде оған өзі оқыған университетте еңбек жолын бастайтындығы жөніндегі жолдама да қоса тапсырылған.
Әуезхан Кәріпханұлы Тәшенов осынау іргелі білім ордасында тәлімгер-зерттеушіден бейорганикалық химия факультеті профессорының кәсіби жетілу мен өрлеу сатысынан өтті. Ол ұзақ жылдарғы зерттеулері нәтижесінде, 1984 жылы «Органикалық емес қышқыл (тио) – семикарбазид-су жүйесіндегі қосындылардың өзара ықпалдасуы мен сипаттамасы» тақырыбында диссертация қорғап, КСРО Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен химия ғылымдарының кандидаты атағы берілді. Іргелі ғалым араға он жыл салып, «Органикалық емес қышқылдардың гидрозид және биуретопен үйлесімді қосындысы» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 1997 жылы профессор атағыне ие болды.
Ол жаңа Астанамыз шаңырақ көтерген тұста, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің оқытушылар құрамын нығайту мақсатында, алғашқылар сапында химия кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды. Бұл 1997 жылдың тамызы болатын. Ал, сол жылғы қараша айынан қазіргі күнге дейін осы жауапты міндетін абыроймен атқарып келеді.
Осынау 23 жылда кафедра ұжымының айтулы жетістіктерге қол жеткізгендігі еліміздің ақпарат айдынында кеңінен көрініс табуда. Кафедраның сапалық құрамы өсті. Мұндағы 20 оқытушының докторлық және кандидаттық атақтары бар. Бұл осы мерзімдегі мыңдаған түлектің білім деңгейіне әсер еткендігі де белгілі. Уақыт ағымына сай, үш деңгейлі білімге көшуге байланысты, химия мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, PhD доктарантурасы ашылды. Жүйенің тоқтаусыз дамытылуы мақсатында, кафедра оқытушылары шетелдік таңдаулы білім ордаларының (АҚШ, Франция, Түркия, Ресей, т.б.) ғалымдарымен тығыз байланыс орнатса, докторанттар әлемнің үздік ғылыми зертханаларында тақырыптық жұмыстар атқаруға мүмкіндік алды. Әуезхан Кәріпханұлын Хемницкий технологиялық университеті (Германия) өзінің сенімді әріптесі санайды. Мұнда жерлес ғалымның шетелдіктер назарындағы көптеген еңбектері дүниеге келген.
Бүгінгінің жемісі ертеңгі күні еселенетінін ойлайтын ғалым, елордаға көшкен 1997 жылдан бастап, химия кафедрасы мен Нұр-Сұлтан қаласының мектептерімен ынтымақты байланыс үрдісін нығайтумен келеді. Мектеп оқушылары кафедра зертханаларында химиялық эксперименттер жасауға мүмкіндік алды. Қаладағы мектепаралық пәндік олимпиадалар да осы кафедрада өткізілуде. Профессордың мектеп дәрісханаларында «Атомның құрылымы. Химиялық байланыс» тақырыбында циклдық лекциялар оқуы мектептердегі химиялық білімнің қалыптасуындағы маңызы зор қадам деуіміз керек. Сондай-ақ, Әуезхан Кәріпханұлының білім сынында 20 жыл бойы қазылар алқасының төрағасы міндетін атқаруы да көптеген талантты азаматтардың тәрбиесіне әсер еткендігін айта кеткеніміз орынды болмақ.
Профессор Ә.Тәшеновтің 300-ден астам ғылыми еңбегі Ресей мен Қазақстанның академиялық баспаларында, халықаралық, республикалық беделді конференциялардың қорытынды жинақтарында жарияланды. Бұған қоса, оның тұтқалы материалдары импакт-фактор жүйесіндегі шетелдік басылымдарда көрініс тауып, 24 еңбегі WebofScience және Scopus-тің деректер базасына енгізілген. Ғалымның химия саласындағы маңызды жаңалықтары КСРО-ның бірнеше авторлық куәлігімен және Қазақстан Республикасының 4 патентімен аталып өтілді. Бұл ретте, Әуезхан Кәріпханұлының 8 ғылыми грантты жеңіп алып, осы жобалардың өндіріске енгізілуіне қатысты 4 актының ресімделуі, оның жаңа астанамыздың өркендеуіне қосқан елеулі үлесін байқатады.
«Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Қазақстан Республикасының ғылымына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталған және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2010» грантының иегері Әуезхан Кәріпханұлының ұстаз, тәрбиеші ретіндегі еңбегі де елеулі. Ол 4 ғылым докторы мен 4 кандидатының ғылыми жетекшісі болды. Сондай-ақ, еліміздегі барлық дерлік жоғары оқу орындарында пайдаланылатын «Металдар химиясы», «Бейметалдар химиясы» сияқты қазақ тіліндегі 5 оқулықтардың авторы. Бұл еңбектер мазмұнының тереңдігі, теориялық деңгейінің жоғарылығы жағынан ғылыми саладағы ірі жетістік саналады.
Біз, әрине, мерейлі жетпіске келіп отырған ағамыздың бүкіл жетістігін тізбелеп шыға алмайтынымызды білгендіктен, оның өміріндегі елеулі ізі бар сәттерден қысқаша дерек келтіруді жөн көрдік. Мұндайда, алдымен жоғарыда атап өтілген Алматыға көшу мәселесінің шешуші орны бар деп білеміз. Әуезханның әкесі Кәріпхан Тәшенов те 1955 жылы ҚазМУ-дің журналистика фаультетін бітірісімен, атының өзі айғайлап тұратын «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа қалдырылған. Демек, «көшті» дегеннен гөрі «отбасын көшіріп алды» дегеніміз дұрыс болатындай. Кейінірек ол кісі Қазақ телеграф агенттігінде өмір бойы жұмыс істеп, белгілі қаламгер ретінде аты қалды. Осы ҚазМУ-ді Әуезхан да, інісі Шыңғыс та бітірді. Біреуі химик, екіншісі журналист. Тәшеновтердің тіршілігінде өзіме қатысты сәйкестік те бар. Мен де ҚазМУ-ді бітіріп, қазірігі «Егемен Қазақстан» атауындағы газетте 25 жыл жұмыс істедім, «Казахстанская правда» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Шыңғыспен әріптес болдым. Айтпақшы, Әуезхан ағаның экономист болып істейтін Жазирасынан кейінгі Дариғасы «Хабар 24-тің» жетекші журналистері қатарында…
Сәуле Сарқантайқызы. Айта берсек, айшықтала беретін шаңырақ шырайын осы жеңгемізбен байланыстырсақ, әбден жарасқандай. Ол кісі де химия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры. Ағайынның ұйытқысы, немерелерінің қуанышы…
Бақберген Амалбек,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар