Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағзым - АРҚА АЖАРЫ

Тағзым

Ұстаз ұлағаты

Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырымды шәкірт тәрбиелеуге арнадым. Бүгінде ардагер ұстазбын. Осынау қызығы мен қиындығы мол ұстаздық еңбек жолында білім беру саласының дамуына үлесімізді қосып, талай жақсымен таныстық. Шәкірт бойына білімнің шұғыласын шашумен қатар, әріптестерімізбен үнемі тәжірибе алмасып, оқытудағы озық бағдарламалармен жұмыс істеуге ұмтылдық. Бұл орайда, тәжірибесі мол, білікті де білімді Маташ Есмұханов сияқты ұстаздан үйренеріміз көп болды.

«Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демекші, өнегелі өмір жолын ғылымға арнаған ұстаз Маташ Есмұханұлының менің өмірімде алатын орны ерекше. Оның ғылым, білім саласына қосқан үлесін сөз етпес бұрын, алдымен ғалымның өнегелі өміріне тоқталып өткенім жөн болар. Бұл орайда, абыройлы азаматтың есімін ұмыт қалдырмай, ғылыми ізденістерін көпшілікке таныту үшін атсалысып жүрген отставкадағы судья, Ақмола облыстық сотының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибаділовтің еңбегі ұшан-теңіз. Артында жоқтаушысы бар ұстаздың тағылымды еңбек жолын өзгелерге үлгі етіп жүрген Мейрам Мырзахметұлының Маташқа туыстығы бар. Оның айтуынша, әкесі Есмұхан екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген батыр тұлғалы адам болған. Бозбала шағында ақсақалдың көзін көрген Мейрам естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
– Маташ 1929 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту ауданының Сатай ауылында дүниеге келді. Туған жері Ресеймен шекаралас тұрғандықтан, Омбыда білім алды. Орта мектепті де сонда тәмамдап, қазақ-орыс педагогикалық училищесінде оқыды. Ең алғаш еңбек жолын ұжымшардан бастаған ол кейін осы облыстың Шарбақкөл ауданындағы еліміздің талай атақты тұлғаларын тәрбиелеген Томар орта мектебінде жұмыс істеді, – дей келе, алыстағы Алматыға арман қуып барған Маташ Есмұхановтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, Өскемен, Қостанай, бертін Талдықорған қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқытушы болғанын жеткізді. Кейін Алатаудың баурайына оралып, 1968 жылы Қазақ қыздар институтында сабақ беріп, физика-математика ғылымдарының докторы диссертациясын қорғады. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғылым докторы, доцент бола жүріп, лауазымды қызметке ұсынылды. Қазақ КСР Білім министрлігінің педагогикалық оқу орындары басқармасының бастығы болды. Кейін іскерлік қабілетімен көзге түскен ол Куба Республикасы жоғары педагогикалық институты ректорының кеңесшісі болып жұмыс істеді. Алайда, өзінің білім-білігін, күш-жігерін туған елінің болашағы мен өркендеуіне жұмсауды жөн көрді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елге оралып, ғылыммен айналысты.
Бұрын әрбір ұстаз газет-журнал оқуға ынталы еді. Мерзімді басылымдарды асыға күтіп, әрқайсысына шолу жасайтынбыз. Ең алғаш педагогика ғылымдарының докторы, профессор Маташ Есмұхановтың есімімен газет арқылы таныстым. Бірде «Көкшетау правдасы» газетінде оның көлемді мақаласы жарияланды. Ол сол уақытта педагогикадан докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген. Ал мен бұрынғы Ленинград ауданындағы Ащыкөл орта мектебінде математика пәнінен балаларға сабақ беретін едім. Баспасөзде жарияланған мақаланы оқыған соң, оны Көкшетауға арнайы іздеп бардым. Бұл 1997-1998 жылдар болатын. Көкшетау педагогикалық институтында жұмыс істейтін аға ұстазбен аз-кем сөйлесіп, танысқан соң, ол маған өзінің жасаған оқыту бағдарламасы бойынша облыстық мектеп-интернатта тағылымдамадан өтуге ұсыныс білдірді. Ленинград аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрлыбек Әділжановтан рұқсат алып, мен бір ай Көкшетауда тағылымдамадан өттім.
Ол терең білімді азамат еді. Оқушылардың жанашыры ретінде әр баланың жағдайын ойлайтын. Бір ай бойы онымен етене араласып, жақсы тануға мүмкіндік алдым. Бұрыннан таныс адамдай бір-бірімізге бауыр бастық. Сабақты талқылап, пікір алмасатын едік. Оқу аяқталған соң, Ащыкөл орта мектебінде әріптестеріме есеп бердім.
Ғалым-ұстаздан көп нәрсені үйрендім. Оның өзінің оқыту әдістемесі болатын. Оқытудың құрылымдық әдісін үйрену маған оңай болған жоқ. Көп ізденіп, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде оқушыларға есеп шығарудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйреттім. Тәлімгерімнің талабы бойынша бір сыныпта он екі оқушыдан артық болмауы тиіс. Өйткені, бала саны одан көп болса, әрқайсысына сабақты түсіндіру қиынға соғады. Әйтеуір, 7 сыныпта оқитын он екі бала іріктелді. Алайда, олар бұл үрдіске дайын болмады. Сол сәтте Маташ Есмұхановтың әдіс-тәсілін қолдануды жөн көрдім. Әр баламен жеке-жеке жұмыс істедім. Біраз уақыттан кейін оқушыларымның математика пәніне қызығушылығы арта түсті. Күн сайын кешке балалар үйге жиналып, есеп шығаратын. Әр оқушының мінез-құлқы, ойлау қабілеті әр түрлі болады. Оларды бір арнаға тоғыстыру оңай шаруа емес. Бүгінде сол шәкірттерім білікті маман ретінде лауазымды қызмет атқаратынын мақтанышпен айтқым келеді.
Кейін білім ордасына Маташ Есмұхановты шақырып, математика пәнінен семинар өткіздік. Облыс көлемінде өткен семинарға мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының мамандары мен Ленин, Қызылту, Ленинград, Чкалов, Щучье аудандарынан ұстаздар қатысты. Сол бір кез арқаны кенге салған кеңшілік заман болатын. Адамдардың пейілі де сондай еді. Кеңшар директорынан бастап, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар тарапынан жан-жақты қолдау көрдік. Сөйтіп, математика мен геометрия пәндерінен ашық сабақ өткіздім. Семинар қорытындысы бойынша әріптестерім жоғары баға берді. Содан кейін де біз тығыз байланыста болдық. Үнемі бір-бірімізге ақыл-кеңес айтатынбыз. Сыйластығымыз достыққа ұласты.
Ол докторлықты сәтті қорғап шықты. Одан кейін аталмыш жоғары оқу орнының басшылығы мені оқытушылық жұмысқа шақырды. Алайда, белгілі бір себептермен институтта жұмыс істеу бақыты бұйырмады. Ал, Маташ Есмұханұлы өмірден өткенше жақсы араластық. Жоғары оқу орнына дейін ол бірталай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарғанын жоғарыда айтып өттім. Өте ақылды, білімді, өз ісінің білікті әрі білгір маманы еді. Ешқашан біреуге дауыс көтерген емес. Жаны таза, сыпайы, жібек мінезді адам болатын. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын. Адамгершілігі мол азаматтан біз де үлгі алуға тырыстық. Ол 2006 жылы келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Ұстаздың артында саналы ұрпақ қалғанына шүкір. Ортаншы ұлы Асқар қайтыс болса да, Абылай мен Мұрат әке атына кір келтірмеуге тиіс.
Әрбір адам үшін ұстаздың алатын орны ерекше. Қанатымен су сепкен қарлығаштай мыңдаған шәкіртті баптап, ғылымның дамуына атсалысқан оның еңбегі құрметке лайық. Сондықтан, талай жақсыны құндақтаған туған жері Уәлиханов ауданында көше атауын беріп, өмірінің соңына дейін қызмет атқарған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде аудитория ашса да артық болмас еді.

Придон БЕЙСЕМБАЕВ,
Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар