немесе қайтарым қағидасы қалай жүзеге аспақшы?..
Әлемді тітіркендірген коронавирус пандемиясы алқапқа шыққалы отырған диқанның да көңілін күпті етіп еді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген нұсқауы ел санасында сенім ұялатып, серпіліс туғызды.
Солтүстік өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін көктемгі егіс қашанда маңызды. Әр жыл сайын қарбаласы көп осы науқан тәуекелмен басталатын. Өйткені, қажетті қаржының тапшылығы, несие алудағы әуре-сарсаң, жанар-жағар майдың уақытында жеткізілмеуі қолбайлау болып жататын. Биылғы жылы Мемлекет басшысының мәлімдемесі алқапқа шыққалы отырған диқандардың алаңдамай, алға
басуына мол мүмкіндік тудырып отыр.
–Біздің ауылдық округте бірнеше шаруа қожалықтары егін егумен айналысады. Бұл – жақсы үрдіс. Біріншіден, диқандық кәсіптің өрісі кеңіп, астық молаяды. Екіншіден, әріптестік жанданады. Президент мәлімдемесінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетіні, бұл мақсатқа бюджеттен 70 миллиард теңге қаржы бөлінетіні диқандардың құлшынысын арттырып отыр. Науқан қарсаңында Үкіметке жанар майдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендетуі шаруаның мойнындағы зілбатпан салмақты біршама жеңілдетіп, өздерінің басты міндетімен айналысуына мол мүмкіндік беруде,–дейді Бұланды ауданындағы «Даниловское и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Айбат Есентұров,–біз жыл сайын дерлік дәнді дақылдардан мол өнім жинап келеміз. Биыл да бұрынғы межеден кем түспейміз.
Шаруашылық басшысы айтып отырған жайдың бәрі оң. Диқан қауымның қамқорлықтан қағыс қалмағаны жақсы. Бірақ, «алаған қолым береген» дегендей, осындай қамқорлық көрсетіліп отырғанда, ел ырысын еселеп, молайта аламыз ба? «Жасыл экономика» концепциясын жүзеге асыру бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде органикалық тыңайтқышты пайдалана отырып, 2030 жылдары республика бойынша гектар берекесін 25 центнерге жеткізу көзделген. Жыл сайын жаңа бағыт айқындалып, ғылыми тұжырымдар екшеліп, қолданысқа енгізіліп жатқанымен, соңғы жарты ғасырда дәнді дақылдар шығымдылығы өсе қойған жоқ. Сол баяғы орта есеппен әр гектардан 10-11 центнер төңірегінде ғана өнім жиналуда. Егін шаруашылығының қайтарымы көбеюі үшін гектар берекесін екі жарым есеге дейін арттыру қажет. Сонда ғана шаруаның бар шығыны ақталып, табысқа кенеледі.
–Менің ойымша, ендігі арада жер құнарын молайту ең маңызды мәселе,–дейді Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайынов, – егін шығымдылығына тікелей әсер ететін жай осы. Екіншіден, біздегі тұқым селекциясының жұмысы көңіл көншітпейді. Алдымен, тұқымның басым бөлігінің шет елдерден әкелінетіндігін айтуға тиістіміз. Шеттен әкелген тұқым біздің өлкенің табиғи ерекшелігіне бірден көндігіп кетпейді. Сондықтан, өзіміздің жаңа сорттарды дайындайтын ұлттық селекция заман талабына сай дамуы қажет. Жасыратыны жоқ, қазір көптеген шаруашылықтар жаппай репродукциядағы стандартқа келмейтін тұқымды пайдалануда. Бізге тұқым шаруашылығын әбден жетілдіруіміз қажет дейтінім осы себепті. Оның үстіне табиғаттан көп алғымыз келгенімен, қайтарып беретініміз аз. Қайтарым қағидатын берік ұстанбаған соң егіс алқаптары мүлде тозып кетті. Мәселен, топырақтан алған өнімің алқап төсіне қайтадан тыңайтқыш түрінде оралуы керек. Қазір біздің егістік алқаптарымыз осы қағиданың орындалмауынан сараңдық танытуда. Мына бір жайға көңіл аударалықшы. Республика бойынша әр гектарға 6-8 келі ғана тыңайтқыш сіңіріледі. Іргедегі Ресейде бұл көрсеткіш 45 келіні, ал, АҚШ-та 135 келіні құрайды.
Ғалымның айтуына қарағанда, алқаптардың құнарлылығын арттыру шараларының ең абзалы органикалық тыңайтқышты пайдалану. Қазіргі күні егінмен айналысатын шаруашылықтар қай алқапқа қанша тыңайтқыш сіңіру қажет екенін біле бермейді. Соқыр сеніммен ғана жұмыс істеп жүр. Ендігі арада барлық жыртынды жердің картограммасы жасалып, қай алқапқа қанша тыңайтқыш қажет екенін есептеу керек. Осы жобаға сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарын ғылымның жаңа жетістіктерімен қаруландырған дұрыс.
Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар алуға 40 пайыз мөлшерінде субсидия бөлінеді. Диқандарды ынталандыру үшін тыңайтқышқа кететін барлық шығын бюджет есебінен жабылса, оң болар еді. Ал, органикалық тыңайтқышқа мемлекет тарапынан мүлде субсидия төленбейді. Алқаптардың құнарын арттыруға кедергі келтіріп отырған осы жай. Органикалық тыңайтқыштың ең тиімді әрі экономикалық жағынан арзан, экологиялық жағынан қауіпсіз, шаруашылықтар үшін қолжетімді екендігі айтпаса да түсінікті. Қазір мал шаруашылығы жылдан-жылға жетіліп келеді. Елдің де төрт түлігі аз емес. Демек, қай елді мекенде болсын көң аяқ астында бей-берекет шашылып жатыр.
Ендігі үміт дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолдануда болып отыр. Шынтуайтында, әр өңірдің ауа райында, топырақ құнарында ерекшеліктер көп болғандықтан, бұл айрықша төзімді қажет ететін қыруар жұмыс. Ғалымдардың айтуына қарағанда, келешекте мол өнім алу үшін диқанға демеу болар жай осы дәлме-дәл егіншілік. Шығыны көп болғандықтан, бұл іске мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілгені ләзім. Ендігі арада дәлме-дәл есепке жүгінгеніміз жөн. Ал, дәлме-дәл егіншілік дегеніміз – нақты есеп. Сандық технологиялардың қажет болатын жері осы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын түбегейлі зерттеу үшін барлық жаңашыл жүйелерді пайдалану керек. Сонда ғана алқаптың ақпаратын ала аласыз.
–Алқаптарды химиялық тыңайтқышпен өңдеу жайына келетін болсақ,–дейді академик Әбілжан Құсайынов,–әрине, қалыптасып отырған жағдайда біз одан бірден бас тарта алмаймыз. Диқандар соңғы жылдары химиялық тыңайтқышты тым көп пайдалана бастады. Ендігі арада ел егіншілігі химиялық тыңайтқыштан экологиялық жағынан таза тыңайтқышқа көшкендері жөн. Оған қоса жоғарыда айтқанымыздай, тұқым сапасына айрықша көңіл бөлген жөн. Оның ішінде солтүстік өңірдің ауа райын ескере отырып, ерте пісетін тұқымды пайдаланған дұрыс. Әйтпесе, соңғы жылдары егін орағының соңы сүмбілеге қалып жүр. Тұқымың жақсы болса, жоғары өнім аласың.
Тұқым демекші, Ақмола өңірінде тұқым тапшылығы байқалады. Бірқатар аудандардың шаруашылықтары бұл қажеттілікті тұқым дайындайтын шаруашылықтардың есебінен жаппақ. Сәуірдің алғашқы күндеріндегі мәліметке қарағанда, облыс бойынша тұқым тапшылығы 27,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде Жарқайың ауданына 14,5, Жақсыға – 1,6 мың тонна, Ерейментауға – 0,7 мың тонна, Бурабайға – 0,5 тым тонна тұқым қажет. Сондай-ақ, Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар, Есіл аудандарында да тұқыммен толық қамтамасыз етілмеген шаруашылықтар бар. Өткен жылы облыс диқандары 527 мың тонна тұқымды қамбаға құйып алған. Осы көлем көктемгі егіске толық жетеді. Тек сапасын айтсаңызшы.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
Байқал БАЙӘДІЛОВ.