Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыстық әкімдікте - АРҚА АЖАРЫ

Облыстық әкімдікте

Бірінші тоқсан – нәтижелі

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен онлайн режимінде өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуы, сондай-ақ, коронавирус инфекциясымен күрес және жазғы маусымда орман-дала өртінің алдын алу мәселелері қаралды.

Облыс әкімі ең алдымен, жиналғандарға жаңадан тағайындалған облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповті, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласпаевты таныстырып, жауапты қызметтеріне табыс тіледі.
Бұдан әрі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев өңірдің бүгінгі таңдағы даму деңгейіне жан-жақты тоқталып өтті. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік режим енгізілгеніне қарамастан, бірінші тоқсан тәуір көрсеткіштермен ерекшеленді. Мал басы өсіп, өнім көбейген. Техника көктемгі егіске толық дайын. Жанар-жағар май кесте бойынша жеткізіліп жатыр. Тау-кен өндірісі ілгері басуда. Бұл салада нақты көлем индексі 128,1 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджетке 36,2 миллиард теңге салық пен міндетті төлемдер түскен. Ағымдағы жылдың қаңтар айында 2328 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл әрине, бәрі жақсы деген сөз емес, төтенше жағдай режимінің кері әсері де бар. Жақсы, Егіндікөл, Атбасар және Қорғалжын аудандары бірқатар сала бойынша облысты кейін тартқан.
Қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтың баяндамасында бірінші тоқсанда облыс бюджетінің 883,9 миллион теңгеге артық орындалғандығы айтылды. Бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, 267,9 миллион теңге қаржы игерілмеген. Бұл мәселе мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың уақытында жарияланбауына көп байланысты.
Сол себепті, облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдері, басқармалардың басшыларынан осының себебін сұрады және әрқайсысына биылғы жылдың бірінші тоқсанында жіберілген кемшіліктердің орнын толтыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ермек Маржықпаев облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасына аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп, тұрғындарды әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамтамасыз етуді, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын ширатуды тапсырды. Облыстық құрылыс, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тиісті салалар бо-йынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін де ескертті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен өңірлердің әкімдерінен көктемгі дала жұмыстарының кестеге сай мерзімінде жүргізілуін талап етті.
Облыс басшысы соңғы аптада өңірде коронавирус инфекциясына қатысты жағдай тұрақты болғанын, сол себепті, сәуір айының соңында карантиндік режим сәл жеңілдетілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коммуналдық төлемдердің бағасын төмендету туралы тапсырмасын да еске салды. Осы екі мәселе бойынша жарыссөзде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина сөз сөйледі.
Мәжіліс соңында облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілігі күшейтіліп отырғандығына тоқталды.
– Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес саяси мемлекеттік қызметшілер қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін отставкаға кетуі тиіс. Бірінші басшы соттың үкімі күшіне енгеннен кейін немесе оның қарамағындағы қызметкерге қатысты ақталмайтын негізде қылмыстық іс тоқталғаннан кейін он күн ішінде отставкаға кету жөнінде өтініш береді. Отставкаға кету туралы бұл өтінішті ол мемлекеттік қызметшіні қызметке тағайындаған лауазымды тұлғаға береді. Өтінішті қабылдау немесе қабылдамау саяси мемлекеттік қызметшіні тағайындаған тұлғаның құзыретінде.
Ал, өзге барлық басшылар, саяси емес
А және Б корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер заңмен тәртіптік жауапқа тартылады, – деп мәжілісті қорытындылады облыс әкімі.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар