Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төл табиғатымызды туған анамыздай аялайық! - АРҚА АЖАРЫ

Төл табиғатымызды туған анамыздай аялайық!

Ықылым замандардан ата-бабаларымыз өмір сүрген ортасын, табиғатын ерекше аялап, жылдың әр мезгіліне, табиғат құбылыстарына өте зор мән берген, зерттеп, зерделеп, байыптап отырған. Ай мен күннен бастап аспан жұлдыздарының қозғалыстарына орай жердегі ауа райының да өзгерістерге түсіп отыратынын білген. Қазақ халқы ондай адамдарды «жұлдызшылар» деп атаған. Сол сияқты халқымыз айнала қоршаған табиғатымыздың теңдессіз байлықтары жер, су, орман, тоғай қасиеттерімен өсіп-өнген аң, құс, жануарлар әлемін де бағалап сақтай білген. Соның бір айғағы көптеген жер атаулары мекендеген негізгі аң, құс аттарымен аталған, мысалы, Бүркітті, Аю алған, Ақ киік, Елікті, Зеренді, Шағалалы, Жекебояқ, Ақалаң, Айғыржал, Құлабие, Қасқатау, Түкті, Сандықтау, Жекебатыр, Желтау деген сияқты…

Аса терең саясаттарға бармай-ақ, соңғы кездері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбектерін зейін қоя оқып, зерделеуіміздің нәтижесінде қазақ халқының даму үрдісіндегі ұлттық қалыптасу жолдарының мән-мағынасына үңіле отырып, қазақ халқының ұлылығына, еңбексүйгіштігі, он саусағынан өнер тамған шеберлігіне, батыр да, ержүрек болғанына көз жеткіземіз. Небір қиын да қатерлі кезеңдерді бастарынан өткеріп, өлім мен өмір арпалысып тұрған сындарлы шақта жол тауып, қазақтың қасиетті жерін қорғап, сақтап қалуының өзі неге тұрады?! Сондықтан болар, күні бүгінге дейін кейбір қасиетті деп танылған ерекше жерлерді «киелі» атап қастерлеген, сақтаған. Мысалы, «Әулиекөл», «Киелі бұлақ», «Әулиетас» деген сияқты.
Жасыратыны жоқ, қазақтың тұнып тұрған табиғаты, салт-дәстүрлері, діні, тілі, қилы заман өзгерістерімен оның қиянатты қылықтарына шыдас бермей құлдырағаны белгілі. Тым әріге бармай-ақ, кешегі тың игеру науқанынан бұрын қазақ елінің мамыражай реңі қандай еді. Тіпті, есік бекітіп, мал жоғалтып, арақ ішіп арсыздықтарға бару дегенді білдік пе. Табиғатқа аяусыз қол салу, бұзу, қирату, түрлі берекесіздіктерге бару, елдің, жердің, ішіп отырған тамағымыздың қадір-қасиетін, киесін кетірмеді ме. Біздің қазіргі ауыл-ауыл деп аңсауымыздың алғаш басталуы да сонау ұжымдастыру, колхоздастыру науқандарынан басталған жоқ па. Ең көрікті деген жеріміз – Бурабай тауларын бұзып, тастарын Ресейге тасуды сол кездегі политбюро мүшесі Д.А.Қонаевтың 3-4 жылдар алысып, зорға тоқтатқанын халық біледі. Көрікті қаламыз Көкшетауды көмкеріп тұрған Бұқпа, Молдашоқысы (Галочья сопка) тауларының да тас карьеріне айналып бара жатқан жосықсыздық әрекеттерін әупіріммен қойғызғанымыз бар. Бір қайғыны қозғасаң мың қайғыны қозғайды дегендей, облысымыздың көрікті жерлерінің бірі өзім көп жылдар жемісті еңбек атқарған Біржан сал ауданындағы Жөкей көлі маңын да қасиетті жерлердің біріне санауға болады. Біржан сал атамыз:
Бүркітті асуынан талай өттім,
Қалың ну орманында сайран еттім.
Айнала Жөкей көлдің жағалауын,
Шіркін-ай бір көруге арман еттім, –
деп жырлаған ғой! Сол Жөкей көлінің әр төбесі мен дөңінен Біржан үні естіліп тұратындай сезінесің.
Басынан Көкшоқының ән салатын,
Даусына сал Біржанның таңғалатын, –
деп бір ақынның айтқанындай, алғаш 1952 жылы сол «Көкшоқы» тауын көргенде таңғалған едім. Елдегі жалғыз газон автокөлігімен Көксеңгір деген жерге шөп шабуға кетіп бара жатып, алыстан қарағанда басында үлкен бөркі бар адам тәріздес тау (төбе) бірден көз тартатын. Бертін алпысыншы жылдардың бас кезінде сол төбені геологтар тол қойып, қопарып құлатты. Басқа тілдегілер бұл жерді «Кирзуха» деп атап кеткен. Ауданға облыстан лауазымды бір өкіл келсе, не шығарып салсақ, осы «Кирзухаға» тоқтайтын едік. Бүгінгі бізге жеткен, үлкендер аузынан естіген аңызда, жазғы кештің жайдары кезінде «Көктөбе» басынан шабыттана шалқып, ән салған сал Біржанның ғажайып әуені «Тасшалқар» көлімен Жөкей аралығына айнала қоныстанған елдерге, Жанбота, Әлжан байлар ауылдарына түгел естілетін болған. Қиял қанатында ойлап кетсек, сұлу табиғат аясы ұлы Біржанның ән салатын сахнасына айналғандай әсерге бөленесің.
1980 жылдар ішінде Зерендіге бір жұмысым болып, Степняктан еліміз Қарашілік ауылын баса жүріп, Көктерек ауылынан өте берсем, жол бойы бұрқыраған шаң, үлкен КрАЗ, МАЗ сияқты техникалар тас тиеп, Көкшетауға ағылып жатыр. Байқасам, табиғаттың ерекше көк қиятасты тауы «Әулиетасты» бұзып, қаладағы М.Горький көшесі бойындағы бір алаңға жасанды тау тұрғызбақ ниетте атқарылып жатқан жұмыс екен. Осылайша ғасырлар бойы жер көркі болып тұрған «Әулиетас» бір сәтте жоқ болып кете барды.
Қасиетті Зеренді өңірі көркем де киелі жерлерден әлі де кенде емес. Төбесі бұлт тіреп тұрмаса да, Көкшетаудан сырық сілтем жерде тұрған Азат тауының да өзіндік тарихы бар, сол маңның ерекше жерінің бірі. Егер жол құрылысына кім көрінген карьер ашып, қасқырдай тұс-тұсынан талай берсе, санаулы жылдарда оның да «Әулиетас» кейпін киюі ғажап емес. Біздің бұрқыраған байлыққа толы болашағы зор өлкемізді басқарып отырған өрен жастарымыз аман болып, ел бірлігін сақтаса, алмайтын қамал, аспайтын асулары болмас. Біз оларға әрқашанда сенеміз. Ең қасиетті құндылығымыз Тәуелсіздігіміздің кепілі де сол жастарымыздың қолында. Олай болса, оларды аруақты бабаларымыздың рухтары қолдап, келешекте ақиық ақын Ақан сері бабамыз ардақтаған Зерендінің Жыланды атырабы, Тіржан қажы елдері түлеп, батырлар Қосағалы, Монтайларды түлеткен Азат тауы, Қылшақты өзені атырабы, ерліктің символы Аңырақай шайқасына қатысқан Қалақ батыр бейіті тұрған Айғыржал өңіріндегі Ақтөбе адыры сияқты киелі жерлеріміз келешекте үлкен туристік орындарға айналып, гүлденетіні өз уағын тосып жатқан ғаламат қазына, қорымыз.
Әрине, мүмкіншілігіміз зор екеніне күмән жоқ, бірақ, жақсылық атаулы аспаннан жаумайтыны да бар ғой. Ол үшін жастарымыз көп оқуы керек, ата-бабамыз «білімді мыңды жығады» деген емес пе. Қазіргі зымырап бара жатқан аласапыран заманның тетігі ғылымда, білімде қалғаны анық. Біз өнердің қай саласынан болсын алдыңғы қатарлы елдердің қатарына ұмтылуға мүмкіншілігіміз жеткілікті, ол үшін ерінбей еңбек ету парыз. Еңбек бәрін де жеңбек!

Әулиетас

Табиғаттың сыйындай Көктеректе,
Әулиетас, тұратын ертеректе.
Қасиеттеп бейнесін санаушы едік,
Көне заман көзіндей кереметке.

Гүжірейген қия тас үнсіз мүлгіп,
Небір сырды ішіне қимай бүгіп.
Тұрғандайын, таңырқап бала күнім,
Ұзақ қарап кетуші ем көзді тігіп.

Түрлі-түсті бояулар таста қалған,
Өткен күндер белгісі адам жазған.
Шатқалына шалқиып көз жүгіртсем,
Сезінуші ем секілді құдық қазған.

Шорбасына шығушы ем келген сайын,
Тауысардай сүзіліп көздің майын.
Қолтаңбасын ағамның соғыс жылғы –
Жалықпадым қарауға баладайын.

«Елу жылда ел жаңа» деген рас,
Тағылықпен таланды-ау, талай жартас.
Мынау тұрған кішкене серігі оның,
Қапаланам үйріліп көзде ыстық жас.

Тәубе дейік мұның да қалғанына,
Уақыт солай, аямас алғанына.
Табиғатты таламай аяласақ,
Ел ырысы толығар талғамына.

Деп жұбатып жүректі жылы мұңға,
Ел сенеді әрқашан адал ұлға.
Туған жерге ту тіккен осы емес пе,
Ризамыз Жолдықов Жұмағұлға!

Табиғат та түлейді

Қиямпұрыс қилы заман желінен,
Адам аз ба, қош айтысқан елінен.
Жер атауы, ел есімі өзгеріп,
Бүтін бір жұрт адасқандай тегінен.

Ру басы, Жаулыбайым – Қарауыл,
Құт дарыған қотанына он ауыл.
Іргесінен бір төбенің атауын –
«Қошқарбай» деп берген екен «жат бауыр».

Жалған айтпай, жаңарайық жүйелі,
Төл тарихты білу парыз иелі.
Дүйсен баба өзі атаған «Шора», – деп,
Өзенді өңір әрқашанда киелі.
Шүкіршілік табиғат та түледі,
Тәңірім берген Тәуелсіздік тірегі.
Дана халқым ақиқаттың кепілі,
Бітер істің оң шешімін біледі.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын, өлкетанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар