Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мен сені жақсы көремін, анашым! - АРҚА АЖАРЫ

Мен сені жақсы көремін, анашым!

Ана! Жер бетіндегі әрбір адам үшін осы үш-ақ әріптен тұратын сөздің орны ерекше. Себебі, бала үшін анадан жақын, анадан қымбат жан жоқ деп санаймын. Осы өмірде аналардың арқалаған жүгі өте ауыр екенін де түсінемін. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», – деген ұлағатты сөз тегін айтылмаған. Ойлап қарасам, шындығында, барлығы да анаға байланысты болып келеді екен.

Яғни, салт-дәстүріміз бен тіліміздің сақталуы да, ағайын-туыс арасының жақсы болуы да Анаға байланысты екенін мен өзім бұрынырақ жете түсінбесем де, қазір түсініп отырмын.
Біріншіден, Ана тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында жатқан баланың, ең алдымен, дені сау болып туғанын қалайды.
Екіншіден, туғаннан кейін түн ұйқысын төрт бөліп, күндіз ойнатып, тамағын беріп, тәрбиелі сөзін айтып, баласының азамат болып қалыптасуына үлкен үлесін қосады.
Ананың міндеті осымен аяқталып қалмайды, керісінше, көбейіп арта түседі. Әрі қарай, баласының «ат аттандырып, сүйек сындырмай», өмірде адаспауы үшін бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, үлкен өмірге жөн сілтейді.
Баласы қанша жасқа келсе де, әлі бала көріп, қамқорлығын аямайды. Сондай, «баламның табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын» деген аналардың бірі – менің анам деп айта аламын.
Анамның есімі – Бизат. Ауылдағы басқа да аналар сияқты үй шаруасындағы адам. Өзім – үйдегі апалы-сіңлілі төрт қыздың кенжесімін. Анамның біздің өміріміздегі орны ерекше. Анам жұмыс жоқ деп, ешуақытта қол қусырып қарап отырмайды. Жаз уақытында бие байлап, қымызын сатады. Үйдің жанындағы бақшамызда картоп, көкөніс егеді. Ал, қыс мезгілдері айран, май сатады. Кешкілік уақыттарда іс машинасын зыр айналдырып, көрпе құрап ісмерлікпен де айналысады. Анам осы шаруалардың барлығын да төрт қызы – біздерге де үйретті. Біз қазір құрт қайнатуды да, күзде көкөністерден түрлі салат жауып, тосап қайнатуды да білеміз. Шағын көрпешелерді де құрай аламыз. Анамызға осылай өз көмегімізді көрсетіп, қолқабыс та жасап жүрміз. Анам үйге келген қонақты, туыстарды қалай қарсы алуды да айтып, үйретіп отырады. Осындай анамыздан үйренгеніміз біздің алдағы өмірімізде қажет болады деп санаймын. Қаржылық жақтан кейде қиындық туындап жатады. Соған қарамай, ата-анамыз біздің өзіміз қалаған мамандығымызға оқуға бар жағдайды жасап отыр.
Осы жолдарды жазарда біздің отбасымыз жайлы мына өлеңді тауып алдым:
Қандай жағдай болсын мейлі,
Әкем менің күрсінбейді.
Көп жұмысты аяқтайды,
Бізге ақыл айтуды да,
Еш уақытта ұмытпайды.
Әкем ақша табады
Анам үлесін қосады.
Бізге киім әперіп,
Өзіне ештеңе алмайды.
Әкем малды жайлайды.
Ал, анамның сорпасы
Пеш үстінде қайнайды…
Бұл өлеңді әпкем сегізінші сынып оқып жүргенде жазған екен. Міне, осы өлеңде айтылғандай, біздің отбасымыз мерекелі де берекелі, тату отбасы. Соның бәрі де анамыздың арқасы деп білемін.
Ақнұр РАЙХАН,
Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар