Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латынша жазып, оқуды үйрене берейік! - АРҚА АЖАРЫ

Латынша жазып, оқуды үйрене берейік!

Көңілді күпті еткен ойлар да жоқ емес

Коронавирус індетінен де арылармыз, ауырғандар жазылармыз, бастаған ізгі істерді жалғастырармыз. Осы індеттің алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген ұлттық әліпби жобасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасына орай, еліміздің барлық өңірінде ашық түрде талқылау өтті. Талқылауға қатысқан тіл жанашырлары, әдіскерлер, филолог ғалымдар, оқытушылар, басқа да тіл мамандары сан алуан ұсыныстар мен пікірлерін білдірді. Мәселе қазіргі талқылап жатқан латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіндегі әріптер, кірме дыбыстардан арылу, тағы басқалары жайында емес, оның бәрін Ұлттық комиссия, Тіл білімі институты қарап, бір тоқтамға келіп, Жарлыққа да қол қойылар. Айтарымыз тіл төңірегіндегі басқа мәселелер.

Естеріңізде болса, соңғы рет «Латын графикасына негізделген қазақ тілі Әліпбиі» Президент Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен бекітілген болатын. Әліпби бекітілгеннен бастап өзіміз тұрып жатқан жердің көшесінде жарнамалық, көрнекі ақпараттар, латын графикасымен жазылып жатқанын жан-жақтан байқауға болады. Бірақ, тек қана қазақ тіліндегі ақпараттар ғана, латын әліпбиімізде жазылып, ал, орыс тілі, сол баяғы кириллицада жарқырап тұрғандарын көресіздер. Ол аз дегендей, ағылшын тіліндегі аудармасы, тіпті тек ағылшын тілінде жазылғандары самсап тұр. Сонда біз латын әрпімен жазылғанға мәз боламыз ба? Оны қазақтардың өзі де дұрыс оқи алмайды. Орысшасы болмаса іздеп жүрген дүкенінен де теріс айналып кетеді.
Кезінде мен де осы мәселе төңірегінде «Латын әліпбиіне көшу: үміт пен күдік» деген мақала жазған болатынмын. Сол мақаладан тек бір азат жолын ғана келтіре кетейін: «… күдік тудыратын бірнеше мәселе бар: қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс болуы екіталай; латын әліпбиімен шығатын ұлттық баспасөзге деген сұраныстың азайып кетуі; жекеменшік мекемелердің бұрынғысынша кирилл әріптерімен жұмыс істей беруі; жаңа әліпби бойынша оқытатын білікті мамандар даярлау; әліпби екіге бөлінгеннен кейін қазақтардың бұрыннан да кириллицамен оқитын тобы латын шрифтімен жазылғандарды мүлде қолға алмай кетуі; сол сияқты орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп кеткен қазақ ұлты екі түрлі әліпбиді қолдана бастағанда ара жіктері тіпті ашылып, әрі қарай осының тереңдей түсуі; мемлекеттік мекемелерде іс жүргізуді латын қарпіне көшіру, мәселесі, тағы басқа мәселелер…
Мен осы күдігімді сан мәрте қайталар едім. Оған қосып айтарым да бар. Менің түсінбейтінім, орыс тілі өзінің кириллицасымен қалатынында дау жоқ. Жетімнің күйін кешіп жүрген қазақ тілі латын әліпбиімен жазылатын болады. Сонда, қалай болғаны? Безбенді салмағы ауыр орыс тілі баспай ма? Салмағы ауыр деп отырғаным, қазақ тілі осыдан 30 жылдан аса 1989 жылы қыркүйекте мемлекеттік тіл деп жарияланған болатын. Одан кейін Ата Заңымыздың 7-бабында да дәл осылай жазылды. Бірақ, бірақ, іс жүзінде бәрі басқаша. Қазіргі мекемелерде, басқармаларда 40-50 қызметкер істейтін болса, соның ішінен қазақ тілінде таза сөйлеп, жазатын 4-5 маманды кездестірсеңіз, «айым оңынан туып келе жатыр екен» деуіңізге болады…
«Жас Алаш» газеті (10.03.2020) «Мемлекеттік тілге – 50 миллиард теңге, сонда да келмеді жөнге» деген мақаласында «Бюджетке салынған ақшаны қалайда «игеру керек» деген ұранмен қаншама қаржы желге ұшып жатыр. Түпкі есебі сұралмаған, сұралмайтын осындай «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасына 30 жылда 50 миллиардтан астам қаржы жұмсалыпты» деп жазады. Бұл айтқанға мен өзім сенем. Крыловтың мысалындағы аққу, шортан һәм шаян құсап жан-жаққа ақша ұшқанымен, «Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр, бірыңғай тартпаған соң солай».
Тағы бір өзекті мәселе – жылдан жылға, балаларын қазақ тілінде оқытуға бел буған ата-аналардың саны артып келе жатқан кезде, міне, енді «әріптің» өзін қақ жарып, қазақ тілді, орыс тілді ортаның арасын одан сайын алыстатуға көштік. Тілді үйренетін кез келді деп, балаларын қазақ мектебіне бергелі тұрған ата-аналар, бүгінгі күні қатты ойланып қалды. Ертең, латын графикасымен бастарын қайта ауыртып жүргенше, сол үйреншікті кириллицада жүре бергендері дұрыс деп, балаларын енді орыс тілінде оқытып жатқандары көбейіп келеді. Бұл дегеніміз, енді ғана қысқартыла бастаған орыс мектептерінің, қайта «жаңғыруына» жол беру. Өйткені, Ата Заңымыздың 7-бап, 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», – деп жазылған. Бұған ешқандай өзгеріс енген жоқ, бүгінгі таңда өзгеруі де екіталай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келешекте шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналатын қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет», – деп отыр. Іс жүзінде қалай болар екен? Латын әліпбиіне көшуіміз қайта тілді дамыту мерзімін созып жіберуі мүмкін деген ой келеді. Өзекті проблемалар қатарында «латын әліпбиіне мемлекет тұтас, түгел көше ме, әлде тек қазақ тілі ғана көше ме», – деген сауал тұр. Бір өкініштісі, қазақ тілін 30 жылдың ішінде мемлекеттік тілге айналдыра алмай отырып, латын графикасына көшуді қолға алдық. Бұл жерде латын графикасына көшпеу керек деген сөз емес, бірақ әр нәрсенің уақытымен тиянақты атқарылуында болмақ. Өйткені, құшақ жетпейтінді құшақтау мемлекеттік тілдің дамуына тосқауыл қояды.
Тағы бір қорқыныш: орыс мектептерінің көбінде қазақ балалары оқиды. Ертең екі әліпби елді екіге бөліп, қазақ тілді және орыс тілді болып бөлінген бір қазақ тағы да екі айырылып кетпесіне кім кепіл? Латын тіліне көше қалған жағдайда мемлекеттік іс қағаздарын орыстілділер кириллицамен, қазақтілділер латынмен жазып жатса, нағыз рухани бөліну осы емес пе? Осы арасы неге ашық айтылмайды, тек «латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы, біздің болашағымыз» деп ұрандатумен келеміз…
Осылай болып жатқанын, біздің биліктегілер біле ме? Тіл мәселесімен айналысатын ғалымдар, халық «қалаулыларымыздың» біреуі бұл мәселені зерттеп көрді ме? «Кеңесшілеріміз» не дейді? Ешқайсымыз үндемей жүре беретін болсақ, не болады? Уақыт өте келе әдеттегідей кінәлілерді іздеумен тынамыз.
Тіл мәселесі аз жазылып жүрген жоқ. Мен де бұған қайта оралмаспын деп ойлағам. Бірақ «айтпаған сөздің атасы өледі» дегендей, оның үстіне көп нәрселерді миыма сыйғыза алмай, қолыма қалам алдым. Дұрыс па, қате ме, депутаттар құсап тек бас шұлғи бермей, күдігіңді де айту керек қой, мүмкін алдағы іс-шараларға пайдасы болар.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар