Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыстық әкімдікте - АРҚА АЖАРЫ

Облыстық әкімдікте

Туберкулез ауруының алдын алудың өзектілігі артып тұр

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдылығымен туберкулез ауруының алдын алу жөнінде үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті.

Оған бірқатар департаменттердің басшылары мен аудандардың туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің бас дәрігерлері онлайн режимде қатысты. Кеңес отырысында облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов баяндама жасады.
Қазақстандағы туберкулезді кешенді бақылаудың ұлттық стратегиясының басты мақсаты – елімізде осы аурумен сырқаттанушылықты азайту болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша 2025 жылға қарай елдегі ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 29,5-тен, ал, оның таралуы 49,5-тен, өлім-жітім 1,9-дан аспауы тиіс. Жыл сайын бұл дерт кем дегенде 10 пайызға төмендеуі керек.
Қасымжан Тәшметовтің баяндауынша, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, облыстағы негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер 2018 жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. Яғни, сырқаттанушылық деңгейі 100 мың адамға шаққанда 9,7 пайызға төмендеп, 51,0-ді құраған. Ал, аурудың таралуы 4,4 пайыз болса, балалар арасындағы сырқаттанушылық 8 пайызға төмендеуімен өлім-жітім азайған. Осылайша жыл сайынғы аурудың төмендеу қарқыны орташа есеппен 10,4 пайызды құрайды. Соңғы жылдары туберкулезге қарсы күрестің кешенді жоспарының орындалуы барысында әр тоқсан сайынғы эпидемиологиялық жағдай облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері басшылығының қатысуымен Көкшетау, Степногорск қалалары мен барлық аудан әкімдіктері жанындағы үйлестіру кеңестерінде қаралды.
2020 жылдың 24 ақпан — 24 наурызы аралығындағы туберкулездің алдын алу айлығы барысында бизнес құрылымдары мен тұрғындарды туберкулез мәселелері туралы ақпараттандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілген.
– Біздің облыста 2017-2019 жылдар аралығында 4 пилоттық аймақтың ішінде Ғаламдық қор жобасы жүзеге асырылды. Осы жобаның аясында облыста туберкулезді екі сағат ішінде диагностикалауға мүмкіндік беретін 7 G-Xpert диагностикалық қондырғы орнатылып, бір автокөлікпен қамтамасыз етіліп, тәжірибеге жаңа дәрілер енгізіліп, қысқа мерзімді емдеу курстары, сондай-ақ, пациенттердің смартфон арқылы қабылдауын бақылауға мүмкіндік жасалды, – дейді бас дәрігер өз сөзінде.
Бүгінгі таңда облыста туберкулезбен ауыратын 595 науас бар, олардың 470-і амбулаториялық негізде ем қабылдайды. Сырқаттанушылардың дені жұмыссыздар, тұрмыс жағдайы төмен, алкогольді ішімдікке тәуелділер, бірнеше жанама аурулары барлар, соның ішінде 3,7 пайызы АИТВ жұқтырғандар мен 10,5 пайызы үйсіз адамдар, 10 пайызы зейнеткерлер, 4 пайызы студенттер, 3,9 пайызы мүгедектер. Бұл ауру негізінен, материалдық жағдайы төмендіктен, соның ішінде дұрыс тамақтанбаудан туындап отырғаны жасырын емес.
Осылайша облыста 2019 жылы жергілікті бюджет пен ғаламдық қордан бөлінген қаражат көлемі 151,1 миллион теңгені құраған. Мұның бәрі емнің тиімділігі мен эпидемиологиялық жағдайға оң әсер еткен.
2019 жылы өткізілген үйлестіру кеңестерінде барлық әкімдіктер ай сайын әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлу мәселелері бойынша шешімдер қабылдағанымен, тек Сандықтау ауданында ғана 2020 жылдан бастап аудандық мәслихаттың шешімімен ай сайын екі АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Туберкулезге қарсы шараларды жүзеге асыруда «Игілік», «Үміт сәулесі» сынды үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқаруда. Дегенмен, облыста 2020 жылдың бірінші тоқсанының нәтижелері бойынша туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы күрт нашарлаған. Туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 25 пайызға, 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы 50 пайызға, қайталанған жағдайлардың 24,8 пайызға өсуі байқалып отыр.
COVID-19 пандемиясы және тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай кезінде туберкулезбен ауыратын науқастар жоғары қауіпті топты құрайды, бұл тұтастай алғанда эпидемиологиялық жағдайды, соның ішінде COVID-19 және АҚТҚ-ны ушықтыруы мүмкін. Осыған байланысты Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудандардың әкімдері жоғарыда аталған Үкімет Қаулысына сәйкес, туберкулезге қарсы шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Үйлестіру кеңесінде 2020 жылдың 5 мамырына дейін облыс әкімінің қарауына 5 АЕК шегінде туберкулезбен ауыратын науқастарға ай са-
йын көмек көрсетуге қажетті қаражат негіздемесі ұсынылатын болды.
Денсаулық сақтау басқармасы жергілікті әкімдермен және мүдделі қызметтермен бірлесіп, тұрғындарды туберкулезге уақтылы скринингтік тексерулер ұйымдастыру тиіс. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы нақты тұрғылықты жері және тұрақты жұмысы жоқ адамдар үшін Мариновка ауылында оңалту орталығын ашуға міндеттеледі. Сондай-ақ, ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі әкімдермен бірлесіп, медициналық емханаларға тіркеу бойынша іс-шаралардың орындалуын, емдеу режимін бұзушыларды іздестірілуін қамтамасыз ететін болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар