Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыстық әкімдікте - АРҚА АЖАРЫ

Облыстық әкімдікте

Бос жатқан жер болмауы керек, оның әр сүйемі тиімді пайдаланылсын!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану барысында орын алып отырған кейбір өзекті мәселелер мен жол құрылысы жұмыстарының жай-күйі қаралды.

Аппарат кеңесінің күн тәртібіне орай жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы облыста 1,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің бос жатқандығы анықталыпты. Аудандық әкімдіктердің мәліметтеріне сүйенсек, соның 764,3 мың гектардан астамы қайта пайдаланыла бастаған. Оның 148 мың гектарға жуығы егістік алқаптары болса, 603 мың гектары мал жайылымдары. Бос жатқан жерлерді анықтау бойынша бірқатар түйткілді жайлар айтылды. Облыс әкімі аудан басшылары мен аталмыш басқармаға бос жерлерді неғұрлым көбірек анықтап, оларды тиімді пайдалануды әрі заңға сай игеруді қадағалауды тапсырды. Аудандарда бұл жұмыс әлі де бәсең жүргізіліп жатқандығын ескертті. Сондай-ақ, жергілікті орындарда пайдаланылмайтын жерлерді мемлекетке қайтару, оны айналымға жіберу жұмыстарын ұйымдастыруды жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл орайда, Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласында халыққа бос жатқан жерлерді игеру бойынша түсіндірмелік жұмыстар оң нәтиже бергені айтылды. Қазіргі уақытта бірқатар аудандарда бос жатқан жерлерді анықтау бойынша жұмыстар веб-портал арқылы жүргізілуде. Дегенмен, жерлердің тиімді игерілуіне тексеріс жүргізуге қазір мораторий жарияланған екен.
Жер қатынастары басқармасының басшысы
Бауыржан Ерназаров ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру және жеке құрамға жайылымдық жерлерді беру туралы баяндады. Қазіргі уақытта жер қатынастары саласында ауыл шаруашылығы алқаптарын есепке алу, жерлерді халыққа жеке мақсаттарында пайдалануға беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да жеке бақылауында екендігі белгілі. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатында 11 миллион гектарға жуық жер бар. Солардың ішінде бүгінгі күні 10 миллион 356 мың гектары ғана Qoldau.kz порталында есепке алыныпты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Ерейментау ауданынан басқа аудандарда жергілікті тұрғындар үшін пайдаланылатын алқаптар тапшы. Өңірдегі 617 ауылдық жердің 495-інде мал жаюға арналған жерлер жоқ десе де болады. Осы тұста ауылды аймақтардағы мал жайылымдарының мәселелері, жерді игеруге алған субъектілердің заңнамалық құжаттарды толтырудағы олқылықтары мен жерді игере алмау жағдайларына қатысты даулы жайттардың да бары айқын көрінді. Шынтуайтына келгенде, ауылды аймақтардағы бос жатқан жерлерді кейбір тұрғындар белгілі бір кәсіп бастамақшы болып, атына түсіріп алып, кейін ол жер не шөп шықпайды, не мал бағуға болмайдының кебін киген. Осы орайда, ауыл тұрғындары малдарын жая алмай, әрі-сәрі күйге түсіп, малдарының егіндік жерлерге шығып кетпеуіне, біреудің иелігіндегі жерге кетіп қалмауына шыр-пыр болатыны да бар. Қазіргі таңда осы мәселелерді шешу бойынша арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр деді басқарма басшысы.
Бұдан әрі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов облыс аумағындағы жолдардың жөнделу барысы туралы есеп берді. Жалпы, биылғы жылы облыс аумағында жолдарды жөндеу бойынша қыруар қаржы бөлінгендігі белгілі. Нақтырақ айтқанда, 45 миллиард теңге өңірдегі жолдардың құрылысы мен жөнделуіне жұмсалмақшы.
Кеңес барысында облыс әкімі салалық басқармалардың басшыларын да тыңдап, жоғарыда қарастырылған үш мәселе бойынша аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеп, бюджеттен бөлінетін қаржыны тиімді пайдалануды тапсырды, ашылатын жаңа жұмыс орындарына жергілікті тұрғындарды тартуды тағы бір ескертті. Әсіресе, конкурстық негізде мердігерлерді анықтау бо-йынша ұйымдастырылатын ауқымды жобаларға өзіміздің өңірдің компаниялары мен кәсіпкерлерін тартуды міндеттеді. Бұл орайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мәлғаждар Тәткеев заң бо-йынша өзге облыстардан конкурстарды жеңіп алып жатқан мердігерлер, субмердігерлерге жұмыстың 50 пайызын ғана тапсыра алатындығын ескертті. Егер олай болмаған жағдайда, конкурсты жеңіп алған компания заң жүзінде жауапқа тартылады.
Аймақ басшысы сонымен бірге, коронавирус пандемиясы бойынша облыста жағдай тұрақты екендігіне тоқталып, індетпен күресіп, науқастарға жағдай жасаған Аршалы аудандық ауруханасының ұжымына алғыс білдірді. Қазір бұл ауруханадан барлық күдікке алынған адамдар емделіп шықты.
Аппарат кеңесінің соңында аймақ басшысы
Ермек Маржықпаев облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновті мерейлі 50 жасымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар