Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз әкемізді мақтан тұтамыз - АРҚА АЖАРЫ

Біз әкемізді мақтан тұтамыз

Уақыт деген айлар мен жылдардың қалай өткенін байқатпай, тез зымырып өтіп жатыр. Алайда, бұл тіршілікте уақыт әмірі жүрмейтін оқиғалар да бар. Солардың қатарына сөз жоқ, сонау 1941 жылы бүкіл елді аяғынан тік тұрғызған Ұлы Отан соғысы да жатады.

Кей сәттерде осы Жеңісті бізге кім әкелді деген сауал туындағанда, көз алдымызға еріксіз ақ шашты абзал аталарымыз түседі. Олардың көбі сан мыңдаған жүректерде жап-жас, қылшылдаған жігіт қалпында сақталып қалды. Өйткені, олар қан майданға сондай он екіде бір гүлі ашылмаған жас қалпында кетіп еді. Дегенмен, төрт жыл соғыс өрті қанатын қайырмай, туған жерге аман-есен оралғандар да баршылық. Олар біздің жарық дүниені көруімізге себепші болып, арайлы Жеңіс таңын ғана емес, өмір де сыйлады.
Осы тұрғыда мен де өз әкем Қабыл Жүнісовті ерекше мақтан тұтамын. Менің әкем қан майданға Қарағанды әскери комиссариатынан 1942 жылы 17 жасқа толар-толмаста кетті. Мұндай жаста әскерге, одан да зоры – соғыс отына ала қоймайтындығы белгілі. Бірақ, әкем өзі сұранып, сол Отанға деген сүйіспеншілігі мен қайсарлығының арқасында бірден екінші Прибалтика майданына түсті. Одан әрі зұлым жаумен үшінші Белорус майданында шайқасып, сонау жау ұясының бірі, біздің әскерлердің жолында тас қамалға айналған, бірақ, қуатты күшке шыдап тұра алмай, бас июге мәжбүр болған Кенисбергке дейін барды.
Осылайша зұлым жау өз апанында талқандалғанымен, әкем Ұлы Жеңіс мейрамынан кейін де елге орала қоймады. Оның зұлым жау деп бұл кеткен сапары аттай 11 жылға созылып, елге кеңес әскері қатарынан тек 1953 жылы ғана оралды. Сөйтіп, ел-жұртына деген сағыныш жүрегін кернеп, туған жердің не екенін өз басынан осылай өткізді. Сол жылдың күзінде туған ауылы Бестерекке табан тіреген әкем менің анам, Омбы облысының тумасы Шәрбану Қуандыққызы Жүнісоваға үйленіп, екеуі жас отаудың тыныс-тіршілігін бастады. Аяулы анам да Ұлы Отан соғысы жылдарында елде қарап жатпады. Жас болса да тылда бір кісідей еңбек етіп, Ұлы Жеңіске өзіндік үлесін қосты.
Ал, мамыражай, бейбіт өмірде әкеміз екеуі он бала тәрбиелеп өсіріп, «Батыр ана» атанды. Сөйтіп, ел үшін атқарған көп жылғы еңбегімен осы қасиеті ескеріліп, Көкшетау облысы деңгейіндегі дербес зейнеткер атанды.
Ал, әкемнің осы қанқұйлы соғыста қолына қару ұстап, ерлікпен ел қорғағаны өз алдына, үш бірдей туған бауырларынан айырылып, жан күйзелісін де кешумен болды. Бір өкініштісі, олардың бәрі майданда хабарсыз кетті. Ал, әкеміздің ата-анасы болса, бірінен соң бірі қара қағаз келген осы бауыр еті – балаларының күйігінен әкеміз соғыстан келмей жатып өмірден өтіп кетті. Сол тағдыр тәлкегіне қарамастан, Ұлы Отан соғысында батылдығы және ерлігімен көзге түсіп, Ұлы Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарына ие болған әкеміз бейбіт өмірдің де майталманы атанды. Сөйтіп көп жылдар бойы еліне адал қызмет етіп, майдандағы ерлігіне бейбіт күндегі қажырлылығын қосты. Бухгалтер-ревизор, салық агенті, халық депутаттары ауылдық Кеңесіндегі жұмысы, осылардың қайсысында болсын ел сенімінен көріне білді.
Әкемізді көзі тірісінде мектепке де жиі шақырып, ерлік сабақтарында сұрапыл соғыс жылдары, өзінің майдандағы өмірі туралы айтып берулерін өтінетін. Сондай шаралардан әкем бір жағы, өзін елеп-ескергендері үшін алғыс сезімімен оралса, екінші жағынан майдандағы қаруластары есіне түсіп, түн ұйқысы төрт бөлінетін. Ол үшін көкейде запыран болып қатып қалған ескі жараны қозғау оңай емес еді. Сол сияқты Ұлы Жеңіс күні де, біз қуанып, шаттанып жүрсек, әкеме екіұдай сезім әкелетін. Ондай күндері өзінің сақталып қалған әскери киімін қолына алып киіп, орден-медальдарын жылтыратып тазалап, дала планшеті мен портупейін саусақтарымен аялап сипалап, тебіреністі күй кешуші еді.
Осылайша жан әкеміз бізді, он баланы адал еңбек етуге, ел басына күн туа қалса Отанға қалтқысыз қызмет етуге жан-тәнімен баулып кетті. Тек өзінің өмір жасы қысқа болды. 1974 жылы небары 47 жасында соғыста алған ауыр жаралары жылдар бойы бірте-бірте сыр беріп, өмірден өтіп кете барды. Содан бері жан әкемізді қатты сағынып, жиі есімізге аламыз. Бұл сағыныш сезіміміз Ұлы Жеңіс мерекесінде тіпті ұлғайып, бір жағынан мұңайсақ, бір жағынан көппен бірге Ұлы Жеңіс кірпішін қаласқан әкемізді мақтанышпен жадымызда жаңғыртамыз. Иә, ел үшін от-жалыннан да тайынбаған ардагер әке есімі мәңгі жүрегімізде!
Рабиға БАЯНБЕКОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар