Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерекше батальонның сардары - АРҚА АЖАРЫ

Ерекше батальонның сардары

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы осы заманғы тарихымыздың маңызды бір оқиғасы болып табылады. Жер жүзіндегі ең сұрапыл және қанқұйлы соғыста миллиондаған кеңес адамдарының өмірі Жеңіс үшін сарп болды. Өкінішке орай, бұл соғыстың да соңғы қатысушылары өмірден өтіп жатыр. Олармен бірге сол бір отты жылдардың талай оқиғалары, есімдері, көнермес беттері бірге кететіндігі анық. Сондықтан, дүние жүзін фашистік обадан құтқарып қалған совет халқының теңдессіз ерлігін тарих шежіресінде сақтаудың маңызы өте-мөте орасан.

Біздің отбасымыз атамыз және әкеміз, Ұлы Отан соғысы мен жапон милитаристеріне қарсы соғыстың белсенді қатысушысы Ізбасар Байлыұлы Байлиннің есімі мен өнегелі өмір жолын әрқашан қастер тұтады.
І.Б.Байлин 1919 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1936 жылы Атбасар қаласында орта мектептің мұғалімі болып бастайды. Кейін экстренді түрде Көкшетау педагогикалық училищесін бітіріп, Қарағанды мұғалімдер институтына оқуға түседі. 1939 жылдың қарашасында ол міндетті әскери қызметке шақырылып, Чернигов әскери-инженерлік училищесіне оқуға жіберіледі. Оны 1941 жылдың шілдесінде аяқтап, лейтенант шенін алады.
Саперлер взводына жетекшілік ете жүріп, ол Москва қаласын қорғауға қатысады және неміс-фашист басқыншыларымен болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталады. Қызмет бабында да жоғарылатылып, төртінші екпінді армияның 358-інші атқыштар дивизиясының жеке инженерлік-саперлік батальонының рота командирі болып тағайындалады.
Әкеміз бізге айтатын әңгімелерінде саперлердің соғыста қатты бағаланғанын жиі ауызға алып отырушы еді. Сапер мамандығы әскери мамандықтардың ішіндегі ең бір қатерлісі болатын. Көп жағдайда сапер ажалмен бетпе-бет келетін. Сондықтан, оның қателесуге құқы жоқ еді.
Капитан І.Б.Байлин өзінің қарамағындағы сарбаздарды саперлік өнерге үйретуге қатты көңіл бөлетін. Сөйтіп, оларды минаны тауып, аршуға, басқа да әскери оқ-дәрілерді залалсыздандыруға өз өнегесімен терең баулып, бойларында жауапкершілік, ұқыптылық, төзімділік сияқты қасиеттерді ұштай түсетін. Мұны ол өткенді еске түсіргенде там-тұмдап болсын бізге айтып отырушы еді.
1943 жылы Қызыл армияның элиталық бөлімдері болып саналатын инженерлік-саперлік шабуылдаушы батальондар ұйымдастырылды. Бұл құрылымдарға командалық кадрларды іріктеуге аса қатты көңіл бөлінді. Содан болар, капитан І.Б.Байлин Қызыл армияның Мәскеудегі жоғары офицерлік инженерлік-миналық мектебіне сегіз айлық курсқа жіберіледі. Оқудан кейін ол Қызыл армияның Бас командованиесінің екінші инженерлік-миналық бригадасының құрамына кіретін 89-ыншы жеке инженерлік-саперлік шабуылдаушы батальонының командирі болып тағайындалады.
Капитан Байлиннің жетекшілігімен батальонның қол жеткен жетістіктері әскери газеттер мен жауынгерлік парақшаларда талай рет жақсы жағынан аталып өтеді. Солардың бірінде әскери тілші, майор П.Шитиков «1944 жылдың көктемінде өзендерден өту мәселесі өте өткір тұрды. Мұз жарылып, су көп болды, топырақ әлі қатты еді. Белуарынан мұздай суға түсіп, балта және арамен жұмыс істеп жатқан өздерінің командирі, капитан І.Б.Байлиннің жеке өнегесімен жігерленген жауынгерлер көпір құрылысында екпінді еңбек етті. Нәтижесінде көпір белгіленген мерзімінен бұрын тұрғызылды» деп жазды.
І.Б.Байлиннің басқаруындағы батальон Кенисберг қаласына шабуыл кезінде де ерекше көзге түсті. Гитлерлік басқыншылар траншеялары, ДОТ-тары, ДЗОТ-тары және миналар қойылған бөгеттері бар бірнеше шептерден тұратын көп қабатты, қуатты қорғаныстағы Шығыс Пруссия астанасының алынбас қамал екендігін жиі-жиі мәлімдеумен болды. Алайда, инженерлік-саперлік шабуылдаушы батальондардың жауынгерлері жаудың қатты бекіністеріне шабуылмен жиі-жиі соққы беріп, оларды қуатты зарядтармен әлсіретіп тастады.
Осының нәтижесінде Қызыл армия әскерлері 1945 жылдың 6 сәуірінде шабуылды бастап, төрт күн өтісімен-ақ қала-қамал Кенисбергтің комендантын тізе бүгуге мәжбүр етті. Ставканың пікірінше, Кенисберг қаласын алу соғыстың аяқталатын соңғы кезеңінде үлкен басымдық берді. Өздеріне бас иген қаланың көшелерімен өткен Жеңіс маршынан соң майор І.Б.Байлин бірінші Прибалтика майданының Новгород-Хинган Қызыл тулы бригадасының құрамында Манчжурияға бет алды және онда милитаристік Жапонияны талқандауға қатысты. Соғыстан кейін ол қысқа мерзімді демалыс алып, еліне, Атбасар қаласына келеді. Осында үйленіп, көп ұзамай жас жарымен бірге Сахалин аралына өзінің әскери қызмет орнына аттанады. Мұнда ол Приморье әскери округінің жеке шабуылдаушы батальоны командирінің лауазымында қызмет етеді.
Әскери ерліктері үшін гвардиялық майор І.Б.Байлин 1942 жылы Қызыл Ту орденімен, үш мәрте «Ұлы Отан соғысы» орденімен, 1944 жылы «Москваны қорғағаны үшін» медалімен, 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Үш мәрте Қызыл армияның Бас Қолбасшысы, Генералиссимус И.В.Сталиннің алғысын алады.
Алайда, көптеген әскери наградаларына, командованиенің жақсы пікірлеріне қарамастан, әскер қатарындағы қызметін одан әрі жалғастыра түсуге барлық мүмкіндігі бола тұра, әкеміз 27 жасында, майор шенінде запасқа шығуды жөн көріп, елге келіп халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру ісіне белсене араласады.
Сөйтіп, 1947 жылы Атбасар аудандық атқару комитетінің хатшысы, Ақмола облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, одан әрі Ново-Черкасск аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істейді. 1956 жылы республикалық жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Атбасар аудандық атқару комитетінің төрағасы және аудандық партия комитеті бюросының мүшесі болып сайланады.
І.Б.Байлин тың және тыңайған жерлерді игеру, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, жаңа совхоздар ұйымдастыру, осы заманғы елді мекендерді, өндірістік және мәдени-тұрмыстық нысандарды, мектептер мен су шаруашылығы қондырғыларын салуға зор үлесін қосты. Бұл жұмыста әрине, оған әскери инженердің бай тәжірибесі көп көмегін тигізді.
Білікті басшы, іскер өндіріс ұйымдастырушысы ретінде Целиноград облыстық партия комитетінің бюросы 1965 жылы оны Жақсы ауданына басшылық қызметке жібереді. Онда ол аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, осы лауазымда 1979 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін еңбек етеді. Осы жылдарда оның жанында өзінің сүйікті жары, екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген Зада Сейітжанованың болғанын және анамыздың сенімді серігі ретінде әкемізге қайда жүрсе де, қай қызметті атқарса да үлкен тірек бола білгенін ерекше атап өткен жөн.
І.Б.Байлин соғыстан кейінгі жылдардағы жанқиярлық еңбегі үшін де мемлекеттік наградалардан құр алақан болған жоқ. Ол үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте Құрмет Белгісі ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. Отбасы мүшелерінің, туған-туыстары мен жақындарының, достары мен әріптестерінің есінде әкеміздің жарқын бейнесі ақжарқын, ержүрек, азамат, қабілетті басшы ретінде сақталып қалды. Кеңпейілділік пен кісілік адамға жақындығы мен ақылдылығы, керек жерінде әзілқойлығы оның бітім-болмысының басты ерекшеліктері болатын.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін әкемізге республикалық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындалды. Біз үшін аса қымбат жан, Ұлы Отан соғысының бар ыстық-суығынан өткен ел ардақтысы Ізбасар Байлин 1979 жылдың қарашасында, небары алпыс жасында өмірден өтіп, Целиноград қаласында жерленді.
Мерей БАЙЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар