Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Отан үшін!» деп қай жерде оққа ұшқандарын енді біліп жатырмыз - АРҚА АЖАРЫ

«Отан үшін!» деп қай жерде оққа ұшқандарын енді біліп жатырмыз

Иә, уақыт деген жүйрік. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толғалы отыр. Бір адамның ғұмырындай уақыт өтсе де, біздің елден де майданға аттанған көптеген боздақтардың қаза болған, жерленген жерлері осы күнге дейін белгісіз болып келді. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол боздақтардың жерленген жерлерін тауып, мемориалдық тақтаға аттарын жаздыруды өзіме парыз санадым. Мен туған қазіргі Зеренді ауданының Ортақ ауылынан соғыс жылдарында майданға аттанған 140 азаматтың 90-нан астамы қайтып оралмады. Соғыстың ең ауыр жылдары, яғни, 1941-1942 жылдары әскерге жарамды қазақ азаматтары жаппай майданға алынды. Сол аласапыранда мерт болған жауынгерлердің көбінің аттары сақталмақ түгілі, көмілусіз қалды.

Соғыстың шешуші бір сәттерінде елдің, қазақ ұлтының бетке ұстар азаматтарын, колхоз басқармаларын, бригадирлерін, моральдық рухы биік деп қатардағы жауынгер етіп, майданның ең қиын жерлеріне қойған. Осы бір тұжырымыма айғақ ретінде айта кететін жайт, 2017 жылы мамырдың 5-і мен 13-і аралығында Ресейдің Новгород облысы, Старая Русса ауданында болып, әжемнің інісі Құрманғали Таңатқановтың басына зиярат жасап қайтқанда білдім. Онда әлі күнге көмілусіз қалған боздақтарды тауып, жерлеу үстінде. 1941 жылдың аяғында жаудың 90 мың әскері қоршауға алынады, бірақ, жау ол кезде мықты болған соң, қоршауды бұзып, ұзындығы 40 шақырым, ені 6-8 шақырым дәліз жасап алады. Екі жағынан дәліз бойы доттар орнатылған. Біздің жақтан барған 250 жауынгер қазақстандық 391-інші дивизияның құрамында 1942 жылдың тамыз айында осы доттарды шабуылдайды. Сөйтіп, тамыздың 10-ы мен 25-і аралығында полктен небары 62 адам ғана қалады. Біздің ауыл жақтан қаза болғандар ішінде Мәжікей Дүйсенбин, белгілі жерлес ақын-жазушы Төлеген Қажыбаевтың әкесі Қажыбай Сыздықов, Құрманғали Таңатқанов, Нұрахмет Бөгенбаев, басқа да азаматтар бар.
Бүгінгі күнге дейін Ортақ ауылынан майданнан оралмаған, қаза болған жерлері бертін ғана анықталған азаматтардың тізімі:
1. Нұрғали Әбілғазин, 1907 жылы туған. 1941 жылы 29 шілдеде Чкалов аудандық әскери комиссариатынан майданға алынған. 123 жеке атқыштар бригадасының құрамында Смоленск бағытында соғысқа кіреді. Өзімен бірге біздің өңірден он адам болады. Смоленск облысының Слободка деревнясының маңында 1942 жылдың 6-9 наурызында ауыр шайқастар болып, Нұрғали ата жараланып госпитальға түседі. Осы жолы оны «өлдіге» санап, үйіне қара қағаз келеді. Ол кісі тылдағы Горький қаласында емделіп шыққан соң, сол қаланың түбінде жасақталып жатқан 101-інші танк бригадасының құрамына енеді. Бұл бригададағы көп танктер одақтастар берген ағылшын, американ танктері болып шығады. Олардың көбінің жылдамдықтары баяу, бұрылуы қиын, іші тар болады. Бригада 1942 жылдың қазан айында Орел-Смоленск бағытына келіп, қорғанысқа кіреді. 1943 жылдың 21 қаңтарында болған шайқаста Нұрғали атамыздың танкіне жау снаряды тиіп, экипаж мүшелері түгел қаза болады. Ол кісі қаруластарымен бірге Липецк облысындағы Елец ауданының Казинка деревнясына жерленеді. Әскери шені кіші сержант, 2019 жылы дерегі табылған соң баласы Төлеген аға Нұрғалиев ұлы Сәкенмен әкесінің басына барып, зиярат етіп қайтты.
2. Оразбай Балтин 1915 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1944 жылдың 30 қаңтарында қаза тапқан. Новгород облысындағы Батецкий ауданының Яковлева Горка деревнясында жерленген. Бірінші жерленген жері Скачели деревнясы. 59-ыншы армияның 286-ыншы дивизиясының 998-інші полкінде қызмет атқарып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Барлаушы. Соғысқа 1941 жылдың 15 шілдесінде Чкалов ауданынан алынған. Ағасы Ақмади атаның қыздары Әлия мен Мәрзия 2019 жылдың мамырында басына барып, топырақ салып, ескерткіш тақта орнатып қайтты.
3. Нұрмұхамед Балтин 1899 жылы туған, қатардағы жауынгер. 418-інші полктың құрамында болған. 1943 жылдың 21 тамызында Смоленск облысындағы Сафонов ауданының Иванники деревнясының маңында жерленген.
4. Нұржан Бижанов 1906 жылы туған, қатардағы жауынгер. Майданға 1942 жылдың 15 ақпанында Чкалов ауданынан алынған. 157-інші дивизияның құрамында болып, 1944 жылдың 11 қазанында қаза тапқан. Литваның Волковышский ауданының Мерчи деревнясына жерленген.
5. Тіржан Бижанов 1907 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1941 жылы шілдеде сол Чкаловтан майданға алынған. 81-інші дивизияның құрамында болып, 1943 жылдың 5 шілдесінде қаза тапқан. Курск облысындағы Поныров ауданының Сокольники селосына жерленген.
6. Құдайберген Есманов 1905 жылы туған, қатардағы жауынгер. Әскерге Чкаловтан алынған. 76-ыншы дивизияның құрамында болып, 1942 жылдың 18 қыркүйегінде қаза тапқан. Сталинград облысындағы Клет ауданының Староклетский хуторына жерленген.
7. Мәжікей Дүйсенбин 1909 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1942 жылдың 15 мамырында Чкаловтан алынған. 391-інші дивизияның 1024-інші полкында қызмет атқарып, 1942 жылдың 18 тамызында қаза тапқан. Новгород облысының Старая Русса ауданындағы Коровитчино деревнясына жерленген. Дерегі табылғаннан кейін соңындағы ұрпақтары, атап айтқанда, немересі Қанат басына барып, топырақ салып, елде ас берді. Осы сапарға өзім де бірге барып келдім.
8. Сайранбай Жангулин 1923 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1942 жылдың 30 мамырында Чкаловтан алынған. Оңтүстік-Батыс майданындағы 1-інші гвардиялық армияның 38-інші гвардиялық дивизиясында қызмет атқарып, 1942 жылдың 12 желтоқсанында қаза тапқан. Воронеж облысындағы Богучар ауданының Красногоровка селосына жерленген.
9. Махмет Жәкенов 1920 жылы туған. Майданға Чкаловтан алынған. 171-інші армияның 52-інші гвардиялық дивизияның шабуылдаушы ротасында (арнайы жасақ) қызмет атқарып, 1943 жылдың 2 қыркүйегінде қаза тапқан. Харьков облысындағы Краснокут ауданының Карейкозовка селосына жерленген.
10. Өмірзақ Жұмағұлов 1899 жылы туған, қатардағы жауынгер. Майданға сол Чкалов аудандық комиссариатынан алынған. 336-ыншы дивизияның құрамында 1942 жылдың 24 тамызында қаза тапқан. Бірінші жерленген жері бұрынғы Калинин, қазіргі Тверь облысындағы Зубцов ауданының Векшино деревнясы, екінші жерленген жері Зубцов қаласындағы «Московская Гора» мемориалы. Мұнда 15 мың боздақ жерленген.
11. Есенбай Жапаров 1905 жылы туған, қатардағы жауынгер. 1942 жылдың 15 ақпанында майданға Чкаловтан алынған. Ал, 1942 жылдың 17 қазанында Бұқара облысының Қаған қаласындағы госпитальда қайтыс болған. Қазір бұл кісінің деректері одан әрі анықталу үстінде.
12. Орынтай Қажығалиев 1923 жылы туған, сержант, бөлімше командирі. 1942 жылдың 30 мамырында майданға Чкаловтан алынған. 49-ыншы армияның 45-інші гвардиялық дивизиясының 252-інші полкының құрамында болып, 1943 жылдың 25 қыркүйегінде ішінен жараланып, госпитальға түседі. Сол айдың 30-ында госпитальда қайтыс болады. Бірінші жерленген жері Смоленск облысындағы Починков ауданының Погуляево деревнясы, екінші жерленген жері сол ауданның Марьино деревнясы. 2019 жылы Жеңіс күнінде елден туыстары басына барып қайтты. Онда ата дәстүрімен ас беріп, зиярат етті. Елдегі Орынтайдың әкесі Қажығали атамыз жерленген қорымға ескерткіш тас орнатылды.
13. Серғазы Сапарғалин 1904 жылы туған. 1942 жылдың 15 ақпанында майданға Чкаловтан алынған. 44-інші дивизияның құрамында 1942 жылдың 9 тамызында қаза тапқан. Ленинград облысындағы Кириши ауданының Кириши стансасында жерленген.
14. Мәди Ташенов 1905 жылы туған. 1941 жылдың 24 шілдесінде майданға Чкаловтан алынған. 120-ыншы бригаданың құрамында болып, 1942 жылдың 14 тамызында қаза тапқан. Смоленск облысындағы Темкин ауданының Батюшково деревнясында жерленген.
Міне, бұрын хабарсыз кетті деп келген осы боздақтардың жерленген жерлері Ресейдегі әртүрлі іздестіру отрядтарымен байланыс орнатып, сайттармен жұмыс істеудің нәтижесінде анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де одан әрі жалғаса түсуде.
Жастанды қазақ аязды күні қарды да,
Нөсерлеп жауған күздегі суық жаңбырды.
Қорғады елін басқа ұлтпен бірге аянбай,
Қасқая қарап, кезеніп қару жауына!
Қаншама қыршын боздақтың жаны қиылды,
Қаншама өмір ұрпақсыз қалып тиылды.
Болашақ үшін, келешек үшін соғысты,
Басын да тікті, намыстың қайрап қылышын!
Беркінбай ӘЛЖАНОВ.
Тайынша қаласы,
Солтүстік Қазақстан облысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар