Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отты жылдардың қайыспаған өрендері - АРҚА АЖАРЫ

Отты жылдардың қайыспаған өрендері

Біз бұл мақалада екі адамның майдандағы ерлігін бірге қосып баяндауды жөн көріп отырмыз. Өйткені, бұл кісілер бұл күнде дүниеден өткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері ғана емес, сонымен бірге, бір-бірімен мың жылдық құда болған жақын жандар. 

Ең алдымен есімі ақмолалықтарға, соның ішінде көкшетаулықтарға өте жақсы таныс партия ардагері Алпысбай Жақыпұлы Жақыповтан бастағанымыз жөн болар. Бұл кісі 1924 жылы Көкшетау қаласының іргесіндегі шағын ғана Жаңаауыл елді мекенінде дүниеге келеді. Ата-анасында көпке дейін ер бала болмап еді. Сондықтан, әкесі өзінің алпыс жасында туған ұлының атын Алпысбай деп қояды.
Өкінішке орай, ата-анасы өзінің кішкентай кезінде көз жұмған жалғыз ұл жасынан тауқыметтің дәмін татып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Алайда, сүйеніш болар ет жақыны болмаса да, өмірдің дұрыс жолын таңдап, алдымен мектепті, одан кейін қазақ педучилищесін үздік бітіреді. Сөйтіп, ер азаматқа тән жауапты жұмыстарға араласа бастайды. 1942 жылы Көкшетау ауданының Ақмола орта мектебінде меңгеруші болып жұмыс істеп жүрген жерінен өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанады. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының тағдырын шешкен Сталинград шайқасына, Курск-Орел шайқасы мен Днепрден өту үшін болған ұрыстарға қатысады.
Солардың бірінде – Волхов майданында неміс-фашист басқыншыларымен түн мезгілінде болған ұрыстарға үш рет қатысып, ауыр жараланады. Ал, жалпы, соғыс жылдарында майданда төрт рет ауыр жараланса, сондай жағдайдың біріне 52-інші гвардиялық дивизияның 161-інші полкінде батальон комиссары болып жүргенінде Эстон ССР-інің Тарту қаласында тап болады. 1943 жылы Курск доғасында алғашқы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алады. Мұндай соғыс наградалары Алпысбай ағада аз емес еді. Олардың қатарында 1944 жылы алған үшінші дәрежелі Даңқ орденін, өзін қырық жылдан кейін 1984 жылы тапқан екінші дәрежелі Даңқ орденін атауға болар еді.
Кейін өзінің зор қабілетінің арқасында үлкен партия қайраткері, іскер басшы дәрежесіне дейін көтерілген, көзі қарақты Алпысбай аға Ұлы Отан соғысының өзі қатысқан, қатыспаған әрбір шешуші шайқасын жатқа білетін.
–1943 жылдың 2 ақпанында кеңес әскерлерінің жаудың 330 мың әскерін қоршап, жойып жіберуімен тарихтағы теңдессіз соғыс операцияларының бірі – Сталинград шайқасы аяқталды,–деп отыратын көзі тірісінде. –Әрбір ұрыстың сұрапылдығы, сталинградтықтардың көз көрмеген батырлығы арқасында бұл шайқас тарихқа енді. Біздің дивизияның ұрыс шебінде бір күнде жаудың 12-15 шабуылын тойтаруымызға тура келді.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығына байланысты 1995 жылы ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 204 соғыс ардагерін ордендермен және медальдармен марапаттады. Олардың жетеуі Көкшетау облысынан еді. Солардың бірі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Алпысбай Жақыпов болатын.
Ұлы Отан соғысының от жалынын қайыспай көтерген Алпысбай аға 1944 жылдың соңында майданда кезекті рет ауыр жаралануына байланысты медициналық комиссияның шешімімен елге қайтады. Денесі көптеген жарақат іздері өз алдына, снаряд жарықшақтарына да толы еді. Содан бертінге дейін әуежайда тексерістен өткенде денесі ызыңдап қоя беретін. Дегенмен, өмір бойы мүгедектік аламын деп дәрігерлерге бірде-бір рет айтқан адам емес. Соғыстан оралысымен алдымен, аудандық оқу бөлімінде инспектор болып еңбекке араласады. Көп ұзамай аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, одан аудандық газеттің редакторы, әрі қарай аудандық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған Алпысбай ағаның жұлдызды жылдары әлі алда болатын.
1954 жылы Көкшетау облысы Айыртау аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланып, кейін жоғары партия мектебінде оқиды. Одан соң облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып жүрген жерінен Рузаев аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жоғарылайды. Ал, 1964 жылдан 1973 жылға дейін Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, он жылға жуық облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосады. Сол бір соңында қалған жарқын іздің белгісіндей, бұл күнде аудан орталығы Степняк қаласындағы бұрынғы Свердлов көшесі Алпысбай Жақыповтың атымен аталады.
Міне, осыдан 13 жыл бұрын келместің кемесімен соңғы сапарына аттанған ержүрек майдангер, іскер басшының өмір жолы өткен күннен сыр түйгісі келген бүгінгі ұрпаққа ерліктің, Отанға, елге адал қызмет етудің асқақ үлгісі болып тіл қатады.
Ал, екінші кейіпкеріміз осы Алпысбай ағаның құдай қосқан мың жылдық құдасы еді. Евни Қаббасов майданға 1942 жылы 17 жасында аттанады. Бірақ, 18 жасқа толдым деп әскери комиссариатты сендіре білген. Алладан тілеп алған жалғыз баласы болса да, әкесі Қаббас ел басына күн туғанда мұның ұлының да жан бағып, ауылда жүрер реті жоқтығын бүкіл жан-дүниесімен сезініп, батасын беріп шығарып салады. Тек бір атап өтерлігі, кетерінде жылап қалады.
–Соғыстан аман оралуыма әкемнің осы көз жасы себеп болды ғой деп әлі күнге сол бір ұмытылмас күнді ойлап қоятыным бар,–дейді екен көзі тірісінде Евни атамыздың өзі.
Бұл кісі де соғыстың отты күндерін басына аз кешірмеген. Майданға 1942 жылы аттанғанына қарамастан, бұлар мінген әскери эшалон Қиыр Шығысқа жапон самурайларымен шекараға жол тартады. Сөйтіп, Евни Қаббасов Байкал әскери округіне қарасты 847-інші артиллеристер полкында байланысшы-телефонист болып қызмет атқарады. Дәл осы тұста неміс-фашистерінің Кеңес Одағына шабуылын қолдаған жапондықтар қайта-қайта шекараның шырқын бұзып, біздің әскерлерге қарсы титтей себеп болса, лап қоюдан тайынбаған күйінде тас-түйін дайындықта еді. Батыстан зұлым жаумен қиян-кескі ұрыстар жүріп жатса, бұл жақта да жағдай үрейлі болатын. Оның үстіне Евни Қаббасовтың әскери бөлімі де әне-міне, батысқа қарай жылжимыз, сондағы әскерлерге көмекке барамыз деген көңіл-күйде еді. Бірақ, екі көздері төрт болған талай ұйқысыз түндерде жапондардың аңдысын аңдып, жыл артынан жыл сырғи берген бұларға да кезек көп күттірмей келгені тарихтан белгілі.
Неміс-фашист басқыншыларын жеңгеннен кейін Кеңес Одағы өзіне маза бермеген Квантун армиясын да біржола жойып жіберуге бекініп, жапондарға қарсы соғыс ашылды. Кіші және Үлкен Хинган деген жерде болған жойқын ұрыстар біздің бөлімдер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін жауынгерлерге де үлкен сын болды. Сондай қысылтаяң сәттердің бірінде дивизиямен біз айтқан байланыс үзіліп қалып, құрамында Евни Қаббасов та бар топ шұғыл түрде оны жалғауға аттанады. Борап тұрған оқ астында жау снаряды екі бөлген ақауды тауып, енді жалғайын деп жатқанда қарсы жақтың бір топ барлаушыларымен атыс та басталып кетеді. Сол жерде топтың бір мүшесі оққа ұшады. Евни аға енді бір қараса, жаудың бірнеше солдаты өзіне ентелеп жақындап қалыпты. Сол сәтте қолындағы гранатаны сілтеп үлгеруінің арқасында ғана өлім аузына түспегенін жиі еске алатын. Соның өзінде мылтық оғы аяғына тиіп, қалған екі серігі тастамай, аман-есен майдан даласынан алып шыққан екен.
Қайда, қашан да соғыстың аты соғыс. Қиыр Шығыстағы ұрыстар да көпке созылмады демесең, неміс басқыншыларымен болған ұрыстан айырмашылығы жоқ еді. Соның бір адамға жетерліктей ауыртпалығын басынан аз кешпеген Евни Қаббасов та майдандағы ерліктері үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған батыл майдангердің бірі еді. Соғыстан кейін жұрт қатарлы бейбіт өмірге де етене араласып, елеулі еңбегін сіңірді, өзі сияқты аға ұрпақ өкілдерімен кейінгі жастардың бақыты үшін аянып қалған кезі болған жоқ.
Сонымен, жалынды жастығын жарқын болашақ үшін Ұлы Отан соғысының отты қыспағына берген қос майдангер, қос өнегелі тағдыр иелері. Үрім-бұтағы, немере-жиендері бүгінгідей мереке күні ерліктерін мақтан етеді. Өздері де есейіп ер жеткенде, осы аталарына ұқсағылары келеді. Біз де бір-бірімен өкшелес әрі туған құда болып келетін қос майдангер Алпысбай Жақыпов пен Евни Қаббасовтың өнегелі өмір жолынан қысқаша ғана сыр шерте отырып, аяулы есімдеріңіз ұрпақтар жадында дейміз.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар