Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соғыс сорабы - АРҚА АЖАРЫ

Соғыс сорабы

Біз Жолбасшы ауылына келгенде ұзын бойлы, шомбал денелі, үнемі бір көзіне маска тағып жүретін ақсақал болып еді. Сұрастыра келе соғыс ардагері, бірінші топтағы мүгедек екенін білдік. 1994 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жолбасшы орталау мектебінің мұғалімдері және оқушыларымен кездесу өткіздік.

Сонда ақсақал соғысқа қатысып, жараланғаны туралы кең көлемде баяндап, госпитальда жатқанда ел-жұртына арнап шығарған өлеңін айтып берді. Кейін 1995 жылы 8 маусым күні 86 жасында дүниеден өткен Шідербай Байжанұлы Ақботин Павлодар облысының Шідерті ауылында туып, бала кезден бүкіл ғұмыры Ерейментау ауданының Жолбасшы ауылында өтіпті. Шешесі Баянауыл ауылының қызы деседі. Бес қыз, бес ұл көтеріпті. Соғыс басталғанда Иса, Көкек (Уса), Мұса, Шідербай, Айшақман, бесеуі де майданға аттаныпты. Көкектің аты Уса деп Исаның ұлы Ермек айтып еді. Осы бес ұлдан Айшақман хабарсыз кетіп, басқалары әртүрлі дене жарақатымен аман оралыпты.
Сұм соғыс малын бағып, отын жағып, жерін жыртып, егінін салып, жайма шуақ жатқан халықтың тыныштығын бұзғаны белгілі. Ақмола өңірінен соғыстан оралмаған, яғни, хабарсыз кеткен, қаза болған отыз мыңнан астам жауынгерлердің аты-жөні жазылған 8 томдық «Естелік» кітабы баспадан Жеңіс мерекесінің 50 жылдығына орай шығарылған еді. Кітапты құрастырған, редакциялаған адамдарға алғыс айтқан дұрыс, өйткені, одан көптеген мәлімет алуға болады. Естелік кітаптың 5 томында «Мусин Айшақман 1943 жылдың нау-
рызында хабарсыз кетті» деп көрсетілген, Айшақман Мұсаның баласы болуы да мүмкін.
Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген тәмсіл сөз бар. Естелік кітабының 1 томында «Ақбутин Шідербай 1909 жылы туған, қатардағы жауынгер 01.08.1942 жылы Калининград облысы, Ржевский ауданы, Белькова деревнясында болған шайқаста қаза тапты» деген дерек бар. Оның себебі де жоқ емес, снаряд жарылып жердің асты үстіне шығып үлкен қопарылыс болса, адам да аман қалуы мүмкін емес сияқты. Топырақ астында ыңырсып жатқан адамды көрген солдат командирге хабарлайды, командирі госпитальға тапсырып, сонда 6 ай жатып, бір көзден айырылып, иықтағы, омыртқадағы ақаудан айығады.
Соғыстағы батырлығына келсек, бірде неміс офицерін қолға түсіргені үшін разы болған командирі офицердің қолындағы сағатын алып, Шікеңе сыйға беріпті. Алмаймын десе бұл соғыста жасаған ерлігің, туысыңа апарып көрсетесің деген екен. Ауылға соғыс біткен соң оралыпты. Алғашқы әйелі Мәриямнан Рая, Серік туады. Мәриям қайтыс болған соң Шолпанға үйленеді. Еріп келген қызы Орынбасарға бұрынғы балаларға серік болып, Бибігүл, Қайрат туады. Фотодан майдан алаңында үлкен марапатқа ие болғаны көрініп тұр. Соның ішінде екеуін ғана атасақ, 1946 жылы қыркүйекте «Қызыл Жұлдыз», 1985 жылы бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталады. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең шіркін, саулайды қайшылықта» деп Шерхан ағамыз айтқандай, соғыста жаумен айқасып жүргенде шығарған өлеңі бар екен.
Хат жазамын, қағаз алып еліме,
Жастық шақта асыр салған жеріме.
Алла өзі қамқор болған пендеміз,
Бізді ойлап жүдемесін шешеміз.

Сәлем айт әке-шеше ауылыма,
Бір жүрген туыс-туған бауырыма.
Жатармын кеуде керіп шалғын шөпте,
Самал жел, жұпар иіс, жауынына.
Бұл мәліметтерді қыздары Орынбасар, Бибігүл және ұлы Қайрат берді. Қызы Орынбасар өгейлік жасамай, асырап жеткізгені үшін әкесіне үнемі алғыс айтып, дұға жасап отыратынын қоса жеткізді. Мамандығы бойынша ұзақ жыл Еркіншілік элеваторында қызмет атқарған қадірлі жан бұл күнде 8 баланың анасы, немере-шөбере сүйген аяулы әже. Жары Ахмет Ысқақовпен әлі де сол мекенде. Бибігүлі мен Қайраты жанұяларымен Новомарковка ауылында тұрады. Майданда қан кешіп, елді жаудан қорғап, болашақ ұрпақтың қамы үшін бір көзін беріп қайтқан майдангердің ұрпақтарына саулық тілеп, елімізде, әлемде енді соғыс оты тұтанбасын демекпіз.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар