Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүрек тербеген Беларусь сапары - АРҚА АЖАРЫ

Жүрек тербеген Беларусь сапары

Ақпан айының басында өсімдіктерді арамшөп пен зиянкестерден қорғайтын өнімдерді іске асырумен айналысатын «Август Қазақстан» фирмасының шақыруымен бір топ ауыл шаруашылығы ұйымдарының басшылары Беларусь Республикасында болып қайттық. Бұл іссапарды ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – химиялық қорғаныс өнімдерін шығаратын «Август-Бел» заводының жұмысымен таныстыру және Белоруссия елінің көрнекті жерлерін аралау болды.

Мен осы сапарды пайдаланып, Молодечно қаласындағы бауырластар зиратында жерленген Зеренді ауданына қарасты Елтай ауылының тумасы Асеинов Тайыптың басына баруды жоспарладым. Ол кісі 75 жыл бойы соғыста хабарсыз кеткендердің қатарында еді, тек 3 ай бұрын ғана нақты деректері табылып, туған- туысқандары қуанышқа бөленген болатын. Жүректі елжірететін осы оқиға туралы кезінде республикалық және облыстық газеттерде жазылып, теледидардан да көрсетілді.
Өткенге қысқаша оралсам, сонау 1944 жылы ауыр жараланған Тайып ағамыз көз жұмарының алдында өзінің «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін қарулас серігіне беріп, туған жеріне тапсыруды аманат етеді. Тайыптың қарулас досы Вячеслав Фетисов медальды өмір бойы сақтап жүрсе де, өтінішін орындай алмайды да, бұл аманатты балаларына тапсырады. Ақыры, оның немересі Сергей Фетисов Брянск облысынан медальды «Тризна» іздеу тобына жолдайды. Медальдың нөмірі арқылы 1944 жылдың сәуір айында 215-інші Смоленск дивизиясы 714-інші полкінің жауынгері Асеинов Тайыптың расында, осы наградамен марапатталғаны анықталды. Ұлы Отан соғысы басталысымен 1941 жылдың 15 шілдесінде майданға аттанған ол сұрапыл соғыстың бар азабын толығымен тартқан. Үш жыл бойы өлім аузында жүрген сарбаз екі рет жараланып, ақыры 1944 жылдың 20 шілдесінде соғыс аяқталуға 9 ай қалғанда, соңғы үшінші рет алған ауыр жарақатынан сауыға алмай, Минск қаласынан 70 шақырым жердегі Молодечно қаласының госпиталінде қайтыс болған.
Белоруссияда болған аз уақыттың ішінде бірден аңғаратының, осы елдің өткен Ұлы Отан соғысына қатысты барлық дүниеге үлкен құрметпен қарайтыны. Соғыстың ең ауыр зардабын шеккен беларусьтар деп нақты айтуға болады, өйткені, жүздеген елді мекендері жер бетінен түп орнымен жойылған, халқының әрбір үшінші адамы осы соғыста қаза болған. Осы құрметтің дәлелі – менің бауырластар зиратына баруға жиналғанымды біліп, завод басшылығы маған арнайы көлік бөлуі және завод директорының орынбасары Василий Николаевич Молчановтың менімен бірге болып, қазақстандық жауынгердің басына гүл шоғын қоюы болса керек. Менің «жұмысыңыздан қалып қоясыз ғой» деген сөзіме «сіздің туысыңыз Белоруссия жерін азат етуге өмірін қиыпты, ендеше, біз де оны құрметпен еске алу парызымыз!», – деп жауап бергенінің өзі неге тұрады!
95 мың халқы бар аудан орталығы Молодечно қаласы барлық Белоруссия жері сияқты, өте таза, ұқыпты, көркем қала екен. Бізді аудандық депутаттар кеңесінің төрағасы Андрей Анатольевич Паукшта, облыстық теледидар журналистері бірге қарсы алғаннан кейін, бауырластар зираты орналасқан қала орталығындағы саябаққа бет алдық. Мұнда гранит тақтада аттары ойып жазылған 390 жауынгер жерленген. Оның 33-інің аты-жөндері белгісіз. Зират алдында 15 метрлік обелиск орнатылған. Айналасы тап-тұйнақтай таза, айтулары бойынша қала тұрғындары өз еріктерімен аумақты тазалап, жинастырып отырады екен. Біз зиратқа үлкен тебіреніспен гүл шоқтарын қойдық. Мен Тайып атайдың туған жерінен әкелген топырақты себелеп зират бетіне шаштым да дұға оқыдым. Бәріміз біраз үнсіз тұрдық. Өте аянышты! 390 жігіттің жап-жас кезінде өмірлері үзілгені, енді олар ешкашан елдеріне оралмайтыны, мәңгі беларусь жерінде қалғаны, бәрі жанымды сыздатып барады.
Бізді қаланы фашистерден азат ету тарихымен толығырақ таныстыру мақсатымен музейге апарды. Музей қызметкерлерінің айтуынша, 1944 жылдың маусым айында Молодечно қаласын азат ету үшін үш-төрт күнге созылған кескілескен қырғын шайқас болған. Немістер бар дәрменімен қарсыласып, қала қолдан-қолға бірнеше рет өткен және толығымен қирап, тек 2-3 ғимарат қана аман қалған екен. Молодечно қаласы үшін өте ауыр шайқастар өткенінің және оның маңызы зор стратегиялық пункт болғанының дәлелі, қаланы азат еткен 3-ші Белорус майданының қаһарман әскерлерінің құрметіне Кеңес Одағының астанасы батыр қала Москвада салют берілген.
Осы ерліктері үшін 3-ші Белорус майданының 13 әскери құрамасы «Молодечнолық» деген атаққа ие болған және 8 әскери бөлім ордендермен марапатталған. Немістер Молодечно қаласын соғыс басталған кезде 1941жылы 26 маусым күні жаулап алған болатын. Мемлекеттік шекарадан 400 шақырым аралықты басқыншылар 4 күнде басып өткен. Жедел жасалған соққының нәтижесінде көптеген совет жауынгерлері тұтқынға түсіпті. Немістер бұл қалада «Шталаг-342» концлагерін ұйымдастырыпты, мұнда 33 мың әскери тұтқын қаза болған көрінеді. Қазіргі уақытта мұнда мемориалдық кешен орналасқан. Шатырсыз және еденсіз бұл барактарда 3 жылдан астам, қар мен жауынның астында адамдарды қалай ұстады екен?! Неткен зұлымдық деген ойға қаласың. Арнайы іздестіру топтары құрбан болған сарбаздарды қайта жерлеу жұмыстарын жүргізе отырып, табылған жауынгерлердің медальондары арқылы олардың аты-жөндерін анықтауда. Бүгінгі күнге дейін осылай 1789 адамның аты-жөндері анықталып отыр. Олардың ішінде көптеген қазақ фамилиялары да кездеседі. Мысалы, 1890 жылы туып, 1943 жылдың 30 маусымында қаза тапқан Қараөзек ауылының тумасы Бийзикин Ертісбай (қай облыстан екені көрсетілмеген, басқа мәліметтер жоқ).
Асеинов Тайыптың табылған медалі осы уақытқа дейін хабарсыз кеткендер санатында болып келген өзге жауынгерлер жөнінде мәлімет беріп қалуы мүмкін. Мысалы, Совет Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған ұлты қазақ, 1901 жылы туған Абденов Айтбай майданға Өзбек ССР-і, Ташкент облысы, Чиназ ауданынан шақырылып, 215-ші Смоленск дивизиясы 711-інші атқыштар полкында қызмет атқарған.
1944 жылдың 23 ақпанында жараланғандардың тізімінде 1902 жылы туған, 251-ші атқыштар дивизиясының жауынгері Қалжанов Тұрдияқтың фамилиясы кездеседі. Ол Павлодар облысы, Май ауданы, Жалтыр ауылының тумасы екен. Дәл осы күні Т.Асеинов екінші рет жараланған көрінеді.
Меніңше, бізге белорустардан үлгі алу керек, олар жоғарыда айтқанымдай, соғыспен байланысты әрбір істі өте қатты қадірлейді. Сондықтан да шығар, ел астанасы Минскіде әрбір төртінші көше соғыс кезіндегі партизандар мен астыртын күрес жүргізушілердің есімімен аталады, Белоруссияда партизандық қозғалыстарға қатысқандар мен астыртын күрес жүргізушілердің саны 400 мыңнан асады екен. Кейбір деректерге қарағанда, 300-ден аса қазақстандық Белоруссияда партизандар қатарында шайқасқан. Мысалы, Минск қаласындағы Ұлы Отан соғысы музейінде М.Чернак атындағы партизан отрядының взвод командирі, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Ысмағұлов Хамиттің фотосуретіне көзіміз бірден түсті. Қолында автомат, бірнеше граната асынған, жылы жүзді, күлімдеген жас жігіт. Тіпті, қайнаған қырғын соғыстың ортасында жүр деп ойламайсың. Әттең, 1943 жылғы қиян-кескі ұрыстарда небары 24 жасында қаза тапқан. Анықтай келгенде, өзі біздің жерлесіміз екен, Бурабай ауданы, Кіндікқарағай ауылының тумасы. Беркенбаев Женет деген партизан, барлаушылар отрядының командирі, біздің Ақмола облысының Бұланды ауданынан болып шықты. Бұл орайда, есімі бұрмаланып жазылып кетуі де мүмкін. Осындай батырларымыздың аты-жөндерін білетіндер бұл күндері өз өңірімізде жоқ деп айтуға болады. Сондықтан, меніңше, оларды есте сақтау үшін Щучинск және Макинск қалаларының көшелеріне есімдерін беру керек. Бұл – біздің, тірілердің парызы.
Белоруссияға осы сапарымда Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес жауынгерлердің есімін есте сақтау үшін бізге әлі көп жұмыс істеу керек екенін түсініп оралдым. Әрбір елді мекенде сол елден соғысқа қатысқандардың аттары жазылған мемориалдық тақталар мен плиталар орнатқан жөн, ешкім де ұмытылып қалмауы үшін боздақтардың тізімін тағы да бір тексеріп, керек болса толықтыру қажет. Интернетті пайдалана отырып, хабарсыз кеткен жауынгерлер жайлы деректерді іздестіруді одан әрі жалғастыра беру керек. Олар туралы кез-келген мәлімет туыстары, ұрпақтары үшін зор қуаныш. Оған келтірер дәлеліміз, Тайып Асеиновтың тарихы. Ол қаза тапқаннан кейін арада 75 жыл өткенде майдандағы ерлігі үшін алған, өзінің қаны тамған медалі туған еліне жетіп, қыздары Мариха мен Манатқа табыс етілуі. Енді осы медаль отбасылық ең қымбат, қасиет тұтар құндылық ретінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетеріне сөз жоқ.
Таяуда Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен Зеренді ауданы, Қараөзек ауылының тумасы, біздің жерлесіміз Охатов Жұмағайыр жайында мағлұмат табылғанын естіп, қатты қуандым. Ол құжат бойынша бұрмаланып, «Ж.Ахатов» болып тіркелген екен. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Эстонияны азат ету кезінде аға сержант дәрежесінде қаза тауып, Сааремаа қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. Оның өмірі небәрі 22 жасында үзілген.
Нартай ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар