Өткеннің көзі, ерліктің өзі
Ұлы Жеңіс мерекесі батыр бабаларымыздың төккен қаны арқылы жеткені белгілі. Сол үшін де олардың ерліктерін кейінгі ұрпақ мақтан етеді.
Сондай ерлердің бірі Павел Михайлович Плюйко болып табылады. Бұл кісі 1924 жылдың 26 желтоқсанында Украинада туған, ұлты украин. 1942 жылдың қазанында Украин майданында артиллериялық бөлімде жаумен соғысқан, әскери шені капитан.
Батыр атамыз соғыс жылдары Курск және Орел, Киев қалаларын жау шеңгелінен босатқан. Днепр өзені, Курск доғасы үшін болған ұрыстарға қатысқан. Майдан жолымен Павел Михайлович Чехославакияға дейін жетті.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі көзсіз батырлығы мен қаһармандығы үшін «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталды, сол сияқты «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын омырауына тақты.
Соғыстан кейін Харьков техникумын бітірген майдангер 1962 жылдан бастап Степногорск қаласының 2 шағын ауданында тұрады. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне аман-есен жеткен санаулы соғыс ардагерінің бірі.
Степногорск қаласының әкімдігі мен ардагерлер кеңесі осы қалада тұратын майдангерлерге зор көмек-қолдау көрсетуде. Олар өздері пайдаланатын жеңілдіктер мен заманның мол мүмкіндіктері үшін алғыстарын айтуда. Қала әкімі Еркебұлан Баяхметов басқа ардагерлермен бірге, Павел Михайловичтің ерліктеріне де тәнті болып, қошемет көрсетуде.
Бейбіт заманда атамыз «Каззолото» тресінде, «Прогресс» заводында жұмыс істеген. Енді міне, кешегі ел қорғаушылар қатарында лайықты түрде көп құрметіне бөленіп отыр.
Полатбек ЖАНБАЕВ.
Суретте: соғыс және еңбек ардагері Павел Плюйко.
Степногорск қаласы.