Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Көз жасымен келген Жеңіс

Біздің шаңырақтан Ұлы Отан соғысына үш адам қатысып, тек біреуі ғана елге аман оралған. Ағайынды Әбутәліповтардың кенжесі Әшім Қызыл Армия қатарына Көкшетау әскери комиссариатынан 1941 жылдың 10 шілдесінде шақырылып, Қиыр Шығыста кавалерист болып қызмет атқарды. Кейін Батыс майданында атқыш, танк пулеметінің командирі, СУ-76 танкісінің механик-жүргізушісі болды. 1944 жылдың 26 шілдесінде ауыр жараланды. Госпитальдан кейін 1945 жылдың 21 қазанында Кеңес Армиясы қатарынан босатылып, туған ауылына оралды. Көкшетау ауданында мұғалім, колхоз, ауылдық кеңестің төрағасы болып, 1978 жылы дүниеден өтті.

Мүтәллап пен Әшім Әбутәліповтардың немере інісі Серікбай Жанболатұлы Ыбыраев 1920 жылы Еңбекшілдер ауданының Жаңалық ауылында туды. Ол отызыншы жылдардың ашаршылығында үлкен отбасынан аман қалған бірден-бір сол нәубеттің тірі куәгері еді. Әбутәліповтер отбасында тәрбиеленіп, Көкшетау қаласында орта мектепті бітірді. Әскерге алынып, Брест қамалында қызмет атқарды. Соғыс басталғаннан ол кісіден бірде-бір хабар болмады. Тегі, соғыстың алғашқы күндері қаза тапса керек. Біздің отбасылық архивімізде оның оқушы кезіндегі жеке ісі мен төрт фотосуреті сақтаулы. Күні бүгінге дейін осы Серікбай атамыз туралы бір хабарын білсек дейміз. Сол үмітпен Кеңес Одағы, одан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы архивіне де талай хат жаздық. Тұщымды жауап болмады. Осы күні интернет арқылы да іздестірудеміз.
Осы үш ағайындының ең үлкені Мүтәллап заманның өзі көрген қиыншылықтарынан ерте есейді. Жасынан еті тірі болып, бұқара халықты соңынан ерте білген комсомол, коммунист атанды. Айналасындағы араласқан адамдар оны жүрегі кең, адамгершілігі мол жанның бірі деп білді. Ол Көкшетаудың іргесіндегі бұрынғы Аймақ ауылында тұрып, еңбек етті. Кейін бұл елді мекен Чкалов ауданының Октябрь селосы деп аталды. Бұл күнде Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарайтын ауыл өзінің ертеде Сәкен Сейфуллин Көкшетауға бір келгенінде қойып кеткен Аймақ атауын қайтадан қайтарып алып отыр. Ол үшін әрине, қуанамыз. Атамыздың тұрып, еңбек еткен ауылы болғандықтан, бұл елді мекен бізге өте ыстық.
Кейін Мүтәллап атамызды еті тірілігін бағалап, Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы етіп сайлайды. Қазіргі Қызылсая ауылы сол кездің өлшемімен үлкен ауыл болатын. Мұнда орта мектеп-интернаты ашылып, барлық төңіректен балалар оқыды. Біздің атамыз 1942 жылы майданға алынбастан бұрын осы мектептің директоры болды. Сексенінші жылдардың аясында Көкшетау мен Зеренді аудандарының ауылдарында, сол Қызылсаяның өзінде соғыста опат болған атамды, оның адамгершілік қасиеттерін жақсы білетін қарттар қарасы мол еді.
Мүтәллап атамыз Ленинград, Украин майдандарында соғысып, екі рет ауыр жараланған көрінеді. 1944 жылдың 26 қаңтарында Украина жерінде қаза тауып, Киев облысы Ракитянск ауданының
«1 май» кеңшарында жерленеді. Ұлы Отан соғысының ең ауыр операцияларының бірі – Корсун-Шевченко шайқасы өткен жерде, нақтырақ айтсақ, Калиновка селосында орнатылған обелискіде менің атам Мүтәллап Әбутәліповтың есімі де қашап жазылған.
1982 жылы атамның ұлы Чапай Мүтәллапұлы өзінің өмірлік жары Раиса Тасжанқызымен бірге Укринаға барып, әкесінің нақты жерленген жерін анықтады. Оның басына туған жердің қасиетті топырағын салып, сол сапардан әке алдындағы парызын өтеп, үлкен тебіреніспен оралды. «Синявское» акционерлік қоғамының президенті болған, марқұм Василий Иванович Литвиннің арқасында біз айтқан обелиск жақсы күтімге алынған. Қазір оны ері өмірде жоқ болса да, зайыбы Ольга Петровнаның қамқорлығымен бүкіл село тұрғындары одан әрі күтіп ұстауда. Бұған біздің атамыздың басына барғанымызда айқын көзіміз жетті.
Чапай Мүтәллапұлы Әбутәліповтың Көкшетау облыстық партия комитеті мен халық депутаттары атқару комитетін басқарып, елімізге, облысымызға айтарлықтай еңбегі сіңгенін көпшілік жақсы біледі. 2004 жылдың қазанында ол кісі Киев қаласын неміс-фашист басқыншылығынан азат етудің 60 жылдығына орай, туысқан Украин жеріне Қазақстан делегациясын басқарып, тағы бір рет аяқ басты. Делегация құрамында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов болды. Делегацияның тағы бір мүшесі, көкшетаулық Бүркітбай Батырханов сол Калиновка селосындағы бауырластар зиратында мұсылмандық жолмен құран оқыды.
Сол бір қанқұйлы соғыстан кейін 71 жыл өткенде интернет арқылы Мүтәллап атамыздың қаза тапқаннан кейін бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғанын анықтап, қатты толқыдық. Атамыз барлауға шыққанда, жаумен кескілескен ұрыс жүргізіп, ерліктің асқан үлгісін көрсеткен екен. Өкінішке орай, өзі қаза тауып, біз үшін қымбат награда отбасына берілмей қалған…
Абай ӘБУТӘЛІПОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар