Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ несімен қазақ?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ несімен қазақ?!.

Қазақ несімен қазақ?!.

Қазақ ең алдымен дүние жүзінде теңдесі жоқ, тек өзіне ғана тән ұлттық мәдениетімен қазақ. Рабиндранат Тагор: «Әрбір халық өзіндік ұлттық қасиеті – мәдениетін, бүкіл әлемге таныта білуі керек. Егер ол ұлттық өркениетке қосар үлесі болмаса, онда жер бетінен оның жойылу қасіретінің басталғаны және де адамзат тарихының дамуында бұл кешірілмес күнә» – деп еді. Құдайға шүкір, ұлан байтақ кең даламыздың ұлылығының сонау көнеден кіндігі үзілмей бүгінге жетіп, автохтонды елдігімізді білдіретін сара жол, әлі де болса кеудесінде білім шырағы жарқыраған дала перзенттері сарқыла қойған жоқ.

Ал оныншы ғасырда алғаш музыка теориясын жазып артына 200-ге жуық трактат қалдырып, көне грек ойшылдарын әлемге танытып, әрі олардың ой жүйелерін дамытып, екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің арғы жағы меңіреу қу дала болмағаны анық. Ал, осы иен даламыз алтын көмбе екендігі бүгінде әлемге аян. Тарихи сананың даналығын қорытындыласақ, Еуропаның алтын сарайына бергісіз киіз үйді бес-алты мың жыл, одан да әрі ойлап табуымыз, сәулетті архитектураны, арба мен доңғалақты, дүние жүзі халықтарының борбайына кигізген шалбарды, ата-бабаларымыздың, тіпті алғаш, неолит заманында төрт түлік малды қолға үйретуі, темір мен шойынды, алтынды қорытып, таза алтыннан әшекейлеп киім тігіп киіп, ат ауыздығы мен үзеңгіні, керек десеңіз, соқаны дүниеге әкелуі (С.И.Руденко) бүкіл адамзатты алға бастырып, өркениетке даңғыл жол ашып, ғылыми-техникалық төңкеріс жасағаны аз ба?
Содан бергі іскерлігіміз бен тектілігіміз де, құдайға шүкір, жалғасын табуда. Айта кеткен жөн, Александр Македонский (б.д.д.-356-323) біздің елге жорық жасап келгенде, бес мың қарулы атты әскерлеріне күш-қуат беретін, ақылын төбесіне шығаратын ер-тоқымдарында үзеңгілерінің болмағандығынан, біздерден жеңілетіндеріне көздері жетіп, Индия асып кеткенімен, санына садағымыздың оғы тиіп, ушыққаннан (гангренадан) мерт болды. Егер бабаларымыздың ем қолдануындай, жарасына бір-екі көк шыбын жіберіп құрттатса, айығып кеткен болар еді.
Осы орайда тағы бір айтпай кетуге болмайтын бір жайт, халқының қолдауынан қол үзген, әумесер І Пётр үлкен дәу тастың (халықтың деп түсініңіз) үстіне шығып алып, айғырға (таққа) жайдақ аяғын салбырата (әлсіздігін білдіреді) мініп тұрғанын Фальконе қалай дөп басып көрсете білген! Орыстар осынау ескерткіштің сырын әлі күнге дейін аша алмай келеді. Қайта, бұл күнде Пётр І деген орден шығарып, кеуделеріне тағуда.
Еуроцентристер, оның ішінде русоцентристер де бар, өздерінің әдет-ғұрпы мен тарихын терең білмейтіндігі, тіпті білгілері келмейтіндігі әлі күнге дейін аңғарылады. Крест жорығына дейін биттеп-құрттап жүргендіктерін, тазалықты алғаш рет мұсылмандардан үйренгендіктерін неге ұмытады?! (Дж. Дрэпер) Жібек жолының арқасында ғана еуропалықтар бит-сірке тұрмайтын жібектен киім киіп, бойындағы паразиттерден арыла бастағаны кеше ғана емес пе еді?! Даңдайсымасын!
Әрі ешкім, еш ұлт, таза қалпында көктен түсе қалған жоқ. Дүние жүзі халықтарының тегі, генетиктер дәлелдегендей, бір екендігін (Б. Клинтон, «Моя жизнь», 999-бет) мойындау оларға парыз. Әрі, соңғы мұз дәуірінен кейін бізден тарап, дүние жүзіне жайылғандарын білгендері жөн дер едік.
1861-1870 жылдары қазақ ауылдарын аралап жүріп жазған «Из Сибири» деп аталатын еңбегінде В.В.Радлов: «Менің қазақтар арасында ұзақ уақыт болып, олардың салт-дәстүрлерімен танысқанымда, көзім жеткен ақиқат: бұлардың өзіндік ерекше мәдениеті бар халық екендігі. Біздің отандастырымыз ойлағандай, олар тіпті де тағы, жүгенсіз кеткен басбұзар, қарақшы, тұқымын құртуға тұрарлық халық емес екендігі, олардың өмірге көзқарасы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, бір сөзбен айтқанда, бар өмірі мен еңбегі малмен тікелей байланысты… Сөз өнеріне келгенде ағып тұр. Алты жасар баладан алпыстағы шалға дейін ақын. Бұл жағынан алғанда, оларға Шығыс Азияның француздары деуге болады»,–деп аса жоғары баға беруі тегін болмаса керек.
Ұлттық мәдениетіміз – тіл, діл, дін, мораль, құқық, ақыл-ой, эстетика, экономика және тұрмыс-тіршілігіміздің, ұлттық гастрономиямыздың, ұлы үйлестіруші тәңірімнің берген жиынтығы. Бүгінгі заманда мәдениетімізбен шатастырып жүрген өркениет (цивилизация) – бұл тек қана материалдық дамудың сатысында тұрған, көптеген дүниежүзілік ұлттарының қоғамдық өмірінің сатысы ғана. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық рухымыз, ар-ожданымыз, қасиетіміз материалдық қолдың кіріндей дүниелерден әлдеқайда жоғары.
Қайталанбайтын мәдениетіміздің күштілігі сонда – қандай да тар жол, тайғақ кешу заманы болсын, майыспай, қайыспай, қиындыққа төтеп, осынау киелі автохтонды мекеніміз – жерімізді сақтай білдік. Содан барып, арымыз таза, сана-сезіміміз, ой-өрісіміз жоғары, ешкімнен қаймықпаған, дала бөрісі атанған қайсарлы болғандығымыз, өзімізден де зор елдермен қақтығыса қалсақ, киелі болмысымыз – мәдениетіміздің асқақтығынан жеңіске жетіп, жалтақ, парақор, өсекшіл, қорқақ болмағандығымыз кеше ғана.
Еске түсіп отыр, бұдан біраз уақыт бұрын, алпауыт АҚШ қолдап, қолтығына дем беріп отырған Израиль мемлекеті, қару-жарағы мардымсыз, бірақ, ұлттық рухы биік кішкене ғана Ливан халқымен соғысып, жеңіліп қалды. Сол болған соғыста, бір көп балалы ана: «Екі ұлым Ливан халқы үшін Израильге қарсы тұрып, қаза тапты, менен бақытты ана жоқ, балаларым ақ сүтімді ақтады» – дегенін өз құлағыммен естігенде, еміреніп отырып, көзіме жас оралды.
Өлімнен қорықпайтын азаматы көп халықты, ешбір ел басына алмайды деген осы. Бір уақыттағы ата-бабаларымыздың рухының биік болғандығы еске түсіп, осынау қыруар жерімізді біздерге аманат қылып кеткендіктері көз алдыма орала кетті. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» – деп, ешбір елдің түсіне кірмейтін, осынау ұлағатты қасиетіміздің нәтижесінде сұрыпталып, өзімізді-өзіміз қайрай жігерлендіре тәрбиелеп, бүгінге жеткен халық едік. Ешкімді басындырмай, өзімізді сыйлата біліп, замана тепкісінен, сонау Өрісханнан (т.ж.б.-1377) бері, озық мемлекетімізді жоғары ұстанғанымыз кеше. Осынау қасиеттеріміз барда, бұл заманда, неге қожырап кіндігіміз үзілуі тиіс?
Сонау көне заманның өзінде, тарихшыларымыздың атасы Геродот, біздер туралы: – «Бұлар өте шыншыл, әділетті халық» – демеп пе еді. Бізде, әділетті сол бір ұстаным сақталуы керек қой.
Махатма Гандидің: «Я не хочу, чтобы мой дом был огорожен со всех сторон стенами, окна наглухо заколочены, я хочу, чтобы свободные ветра приносили мне и в мой дом культуру со всех сторон. Но, я не хочу, чтобы этот ветер сбивал с ног» – деуінде біздер аңғара алмай жүрген көптеген дүниелер жатыр-ау, шіркін.
Ұлтымыздың бақытты сәттерінің көп болып, рухымыздың биіктігін намыстана жүріп, әрі қарай өрге бастырып, іргелі ел екендігімізді әлемге таныта, сыйлата, таңдай қақтыра білсек деген арманды ойдамын. Ұлттық мәдениетімізді тәрк етсек оңбайтынымыз белгілі. Айта кетуге тура келіп тұр. Бірде «Сарыағаш» шипажайында дем алып жүріп, денемді уқалатып, «массаж» жасатуға кезекте отырғанмын. Жасы 75-тер шамасында бір кейуана кіріп келіп, біраз кібіртіктене тұрып, қысылса да: «Әй қарақтарым, осы кезекте тұрғандарыңның көбі менің балаларыммен жасты көрінесіңдер, дәрігерім басқа ұлттың өкілі, ерегескендей осы жердегі массаж жасайтын жігітке жіберді. Денемді уқалап, массаж жасайтын қыз-келіншек болса жібер десем, өзімді келемеж қылып, құлақ аспады. Бөтен еркектің алдында қалай ғана шешінейін. Шалым ғана көрген денемді, қайтіп қана бөтен ер адамға көрсетпекпін! Тіріде өлім емес пе?! Мына бөлмеде массаж жасайтын бір қыз бар көрінеді, соған барайын, орын ауыстыратын қайсысың барсыңдар? Маған бір мұсылманшылық жасаңдар» –деді. Қарапайым кейуананың осы өтінішінен қазақтың менталитеті, ұлылығы, мәдениетіміздің тереңнен тамыр жайып жатқандығы аңғарылмай ма?
Мәдениетімізді, болмысымызды сақтаймын, ұлт намысын қорғаймын, бар ұлттармен терезем тең болып, білікті қазақ болып қаламын десеңдер – ұлтшыл болу парыз болмақ. Ұлтшылдық – басқа ұлттарға өктемдік (шовинизм) жасау емес, егеменді елдігімізді қорғап сақталып қалу үшін бұл күнде қажеттің қажеті. Ойымды әрі қарай салыстырмалы түрде жалғастырсам, кезінде Францияның президенті болған, марқұм Шарль де Голль, жазушы Мальроға: «Айналайын, елдің саяси жағын мен мойныма алайын, дипломат, мемлекет қауіпсіздігі жөніндегі мәселелерді де мойныма алайын. Ал, сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына атсалыс. Басқа ел, ең алдымен Францияның мәдениетін, өнерін сыйлайды. Егер мәдениетімізді төмендетіп алсақ, онда біз жай, әншейін ғана, қатардағы бір елсымақ дәрежесіне түсіп қаламыз» – деген көрінеді. Өз елін жанындай жақсы көретін, ұлтына шын шексіз берілген, Шарль де Голльдей, мына жаңарған заманда, қазір ортамызда ел басқарып жүрген қазақ мемлекетінде бір басшы азамат бар ма? Ұлт тағдыры қыл үстінде тұрғанда, мәймөңкеге салыну қылмыс болмақ. Мінекей, Шарль де Голль (1890-1970) ұлт дәстүрі, мәдениеті ел заңынан биік екендігін аңғартып тұрған жоқ па? Ешкімге дес бермеген халық едік, бұл күнде неге ұсақталып кәкір-шүкірленіп, тексіздене, ішкен ас, жеген тамаққа мәз боп барамыз? Ұлттық гастрономиямыздың өзі тапшы болып барады. Адамзаттың денсаулығына пайдасы мол, қазақтың төл тағамдарына не жетсін. Жалпы біздің халықта мың жарымға жуық тағамның түрлері болған еді. Бір ғана сүттің өзінен жүз елуге жуық астың атауы болған елде (Ж. Бабалықұлы), өзіңнің тапқан-таянғаныңа бұл күнде адал ас тауып әкеп ішуден қалып бара жатқандаймыз. Сүт деп жүргеннің бәрі ұнтақ-порошок. Бүгінгі шарықтап бара жатқан бағаға қарағанда, сен асырамайтын, сені асырайтын киелі жылқы жарықтықтың да саны селдіреп бара жатқандай. Не дерсің?! Мемлекетіміздің жүрегі статистика – қисық айнаға айналғалы қашан.
Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. хадисінде: «Өзіңе зиян болса да шындығын айт, Алла алдында шындықтан артық садақа жоқ» – дегені бар. «Құлан қағынан жерімес» – деген қағида болғанымен, өзге тілде сайрайтын қандас боз өкпелердің кесірінен, шовинистерді басындырып, дүние жүзі халықтарының тілдерінде кездеспейтін, тәңірімнің берген агглюнативтік қасиеті бар, ана тілімізді аяқ асты қор қылып жүрміз. Бұдан артық трагедия бар ма?
Тіпті, Кеңес Одағы кезінде Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімұлы Әшімов Қазақстанның малшылар слетінде қазақ тілінде баяндама жасағанда, басқа ұлт өкілдерінің бірде-біреуі қарсы сөз айтпай, жарыссөзде орыстар-орысша, қазақтар-қазақша шаруашылықты түзеу жөніндегі ойларын ортаға салып еді.
Ал, бүгінгілер әрі елді жүдетіп, әрі тілін тезек тергендей мүсәпір халге жеткізуде. Не айтарсың?!
Ел тұтқасын ұстап жүргендер, тегін, тілін, ділін, дінін терең білмей, Оксфорд, Кембридж, орыстардың жоғары оқу орындарын тәмамдағандарымен, әрі шетінен ғылыми атақтарға ие болғандарымен, елімізге, халқымызға зияннан басқа не әкелуде? Баяғыда, 1770 жылы Ресейдің «Трутень» деген журналында: «Молодого российского поросёнка, который ездил по чужим землям, для просвещения своего разума и воротился уже совершенною свиньёй, желающие могут безденежно видеть по многим улицам сего города» деуі, біздерге әдейі арналып жазылғандай. Аты дағарадай «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алғандардың көбі көз алдыңа оралады.
1897 жылғы Ресей империясының алғашқы халық санағында азаматтардың әрқайсысынан ұлтын сұрамаған. Қай тілде сөйлесе, сол ұлт өкілі деп жазған. Сонда бұл күнде, тек паспортында ғана «қазақ» деген жазуы бар намыссыздарды, «орыс» демегенде кім дейміз? Қағынан жеріді деген осы болар.
Бұл, әрине, Ресейдің біздің тілге үстемдік көрсетіп, қасиетті тілімізге интервенция жасауынан. Францияның дипломаты Марк Даниэль Корберон, бұдан 243 жыл бұрын, 1777 жылы «Ресейдің өмірі жақсарады деген адам қателеседі» – десе, сол Францияның атақты әдебиетшісі Маркиз де Кюстин (1790-1857) Ресей туралы жазбаларында 1839 жылы «Әрдайым ақиқатқа қарсы жүргізілетін астыртын әрекет, бұл елдің қоғамдық өмірінің өзегіне айналған» –деп, қадап жазып кеткен. Содан барып А.С. Пушкиннің (1799-1837):
Тьмы низких истин нам дороже
Нас возвышающий обман –
дейтіні, тегін болмаса керек.
Атам заманнан бері, тіпті І Пётрден бастасақ, Ресей империясында, осы уақытқа дейін не өзгерді? Өздерін өздері жаншып, құртып қана қоймай, біздерді де тәлтіректетті. Тіпті ХІХ-шы ғасырда «Это вы обязаны знать и почитать русскую историю, культуру, язык, а нам вас знать не обязательно» – деген тезистері ХХІ-ші ғасырда да жалғасын табуда. Орыс шовинистері дарақылана, тыраштана «Орыс әлемі» («Руский мир») деген шалажансар бірдеңені ойлап тауып, қорлық пен мазаққа ұшырауда.
Иезувит Антонио Поссевино І Пётр заманының алдында «Московиты плохо понимают словенский (славянский) язык. Создаётся впечатление, что в этот период этнически чистых славян в рассматриваемом регионе вообще не было» – деуін орыс ағайындар біле ме екен?
Евроазиец П.Н. Савицкийдің «О роли золотоординских царей, как оберегателей русского единства, не должны забывать, кому близки проблемы единения русских племён и земель»- деуіне қарағанда және басқа да дереккөздерге үңілсек, орыс тілі кейін, кенже пайда болған сияқты. Надандыққа, озбырлыққа тізгін беріп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өздерінің тіл қорына: «бранить, дать пощёчину, драть, дуть, душить, заковывать в кандалы, изувечить, зудить, класть клеймо, колотить, кровь пускать, крошить, лишать свободы, обдирать, обыскивать, окровавить, повесить, разгромить, разорить, разложить, ссылать, сечь розгами, топтать ногами, тузить, ударить, бушевать» – деген сөздерін енгізіп (В.Г. Короленко) (1853-1921) байытса, ХХІ ғасырда: «Мочить в сортире, встаём с колен, собираем исконные русские земли, русский мир, кердык твоей Америке, Великая Россия, Крым наш, Новороссия, арийское племя с уникальным генетичесикм кодом, защита русского языка, у казахов не было государства…» деген, тағысын тағы сөздер енгізіп, одан әрі байытып, жөргегінде жамандықпен көздерін ашқанын білдіріп, айналасына қыр көрсетіп қоймаған соң, әлем елдері санкция жариялап, тәлтіректетіп, кеудесін басып жатыр.
«Орыс әлемі» деп жар салғанымен, кешегі Кеңес Одағы Ғылыми Академиясының, Орыс тілі институтының1961 жылғы дерегінде бар болғаны орыстардың екі жүз он мың ғана түбірлі, тіркес сөздері барын аңғардық. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының қорында 40-50 томдық сөздік бере алатын, 1937 жылдан бері қағазға түскен, екі миллион төрт жүз мың түбірі мен тіркес сөз бар қор жинақталса, этнограф Жағда Бабалықұлының, гректің көне философтары о дүниеде қызғанып, жарылып кетердей, екі жүз келідей салмағы бар қолжазбасында, он миллион қазақ сөзі болғандығына, таңданғаннан басқа не уәж айтуға болар екен.
Осынау баға жетпес еңбегінде, адамның тек қана мойнынан жоғары шашына дейінгі аралықта, бес жүзден астам атау бар көрінеді. Қазақы жылқының бойында жалпы, үш жүз елуден астам бояу атауы, қойдың бір сирағында, жүз жиырма бір атау, қазақ туыстарын тізбектесе, үш жүз елудей туыс атауы айтылады екен. «Қарға тамырлы қазақ»,–деген осы. Айтып, тізе берсе, шетсіз, шексіз, бай дүниеге кенелесіз. Осыдан барып тіліміздің он мың жылдардан әрі құдыретті бір тылсым күшінің барын, әрі Тәңіріммен біздің тілдің жақындығы мен жарасымдылығын іштей сезінесің. Алдымдағы 2016 жылы «Ғылым» баспасы шығарған «Көне түрік сөздігі» деген еңбекті аудара-төңкере қарап отырсам, біздің қазақ тілі сексен пайызы өзгермей бүгінге жеткен. Әлкей Марғұланның (1904-1985): «Тілі мен мазмұны, сөз саптасы бізге жылы ұшырайтын, тасқа қашалып жазылған, бүкіл руникалық дүниелерді түгелдей бір кітап қылып жинақтап шығарсақ, әлем жұрты аузын ашып, қазақтың кім екендігін танып, таң қалар еді» – дейтін жері бар. 1303 жылы жарық көрген «Кодекс Куманикус» сөздігін қарасаң да, біздің тіл бір өзгеріссіз сайрап жатыр. 850 жыл бұрын жазылған Махмұт Қашқаридың «Түрік тілі сөздігінде» де 240 мақал, мәтелдер, әлі күнге дейін қазақ халқының күнделікті қолданысында, ешбір өзгеріссіз айтылуда.
Өзбекстандық ғалым Б.Р.Кәрімов, осы ғасырдың басында, Түркияда өткен бір түркология симпозиумында: «Лингвистика, этнографиялық танымдылық жағынан, қазақ ұлты ғана түркі мәдениетін, түркі тілін толықтай сақтап қалған халық. Осынау қазақ ұлтының тілі, бүкіл түркітілдес халықтарына, келешекте, бірігетін ортақ тіл болуға тиіс» – деп, ғылыми тұжырым жасағаны үшін, жерлестерінен біраз жағымсыз сөз естіді.
Оның үстіне, В.В. Радловтың (ұлты неміс) «Образцы народной литературы тюркских племён, казахские наречия», 1870г., деген еңбегінің 16-шы бетінде: «Қазақ тілі – исламның бүлдіргіштік әсеріне ұшырамай, түпкі таза түрін – түркі сипатын сақтап қалған тіл. Оның үстіне қазақтың басқа бауырларына қарағанда, сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті» – дейтінін және де қосыңыз.
Салыстырмалы түрде зерделесек, ағылшындардың бүгінгі сөздігінде 240 мың сөз қоры бар болса, бір жарым миллиард халқы бар қытайларда 400 мыңның маңайы көрінеді.
Біздерден ат-тондарын алып-қашып, әрі езгісі келетін Ресей, қанша алшақтаса, сонша ұлылықтарынан айырылуда, есуассыздануда. Есесіне ағылшынның оқымыстысы Шарон Турнер (1768-1847) өздерінің тілдерінде біздің аглюнативті түрік-қазақ сөздерінің молынан кездесетінін мойындап қана қоймай, тегін де біздерден шығарғысы келеді.
Немістер де жылқының етін жеп, сүтін, қанын ішіп, ХV-ХVІ-шы ғасырларға дейін түрік тілінде сөйлегендерін, тарихшы Н.М. Карамзин (1766-1826) еңбегінде жазады.
Еуропа елдерінің тілдерінің бәрі католицизимның қысымымен орта ғасырларда біздің аглюнативті тілімізден амалсыз бүгінгі флективті тілдеріне ауысқандай. Соның айғағы, өткен мың жылдықта католиктердің жіберген қылмыстары жөнінде Ватиканда Рим папасы Иоан Павел ІІ 2000 жылы 12 наурызда бүкіл дүниежүзі халықтарынан кешірім сұрады.
Бір сөзбен айтар болсақ, Батыстың оқымыстылары Рене Генон (1886-1951), Юлиус Эвола (1898-1974) , Фритьоф Шуон (1907-1998): «Мы перед предками татар (скифов) и их Великими учителями человечества, совершили предательство» – дейтіндері содан болса керек.
Осындай теңдесі жоқ ғаламат ұлттық байлығымыз, келе-келе Абай хакім айтқандай: «единица кеткенде не болады өңкей нөл…» дегеніне келіп тірелгендей. Оған себеп, қазақ-қалмақ соғысында ең бірінші кезекте ел тағдырын алға қоя білетін ұлт зиялылары қырылса, 1929-1931 жылдары Алаш зиялылары түрмеге қамалды, сотталды, атылды. 1937-1938 жылдары «халық жауларын» жою науқаны өтті, 1946-1953 жылдары «буржуазиялық» ұлтшылдар жазаланды, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ ұлтшылдығын тезге салу қолға алынды. Ақыры, ақыл-ойдың иегерлерін құрту, жою, қуғындау ұлтымыздың сағын сындырып, мінезін өзгертіп, мәңгүрттендіріп, бұл күнде билік басына «арамшөптердің» қаулауына алып келді. Елді елдің серкелері басқармай, бақылдап, жан-жағын жалмағыш текелері бас көтеріп, тұлғалар жалғастығы үзіліп бар жатқандай. Әйтпесе, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев:
Қиын екен, Атамекен азғасын,
Қиын екен, ана тілің тозғасын.
Тілсіз қалған Халық ақыны атандым,
Қырсық құдай маңдайға әкеп жазғасын,–
деп күңіренбес еді ғой.
«Ботаның көркі – көзі, адамның көркі – сөзі» деген мақал бар, осыны ескерсек бүгінгі ел басқарып жүргендерде – көрік, келбет деген бар ма екен?
Бүгінгі «азар елдің тойы көп» заманда жастар түгілі мосқал тартқан, таяқ ұстаған әйел-еркектер, тойда азан-қазан, миыңды ағызып жіберетін барабандатқан рок музыканы естісе болды, таяқтарын тастай салып, жандары қалмай есіріктене естерінен айрылып, секеңдеп, жын ұрғандай селкілдеп, қол аяқтарына ие бола алмай дірілдеп, қалшылдап шыға келеді. Билесін-ақ. Сонда біздің әуезді, бой балқытар, жақсы әуенді әндерді тартып, әрі айтып билесе, өмірден артта қала ма? Мәдениетіміз, мәдениеттілігіміз қайда? Тойға барсаң да, теледидарға қарасаң да, қазақтың әуенін естімейтін, қазақтығымызды ұмытатын заманға келдік білем.
Қытайдың ойшыл философы Сюнь-Цзы 2300 жыл бұрын: «Музыка, звуки которого глубоко проникают в сознание человека, быстро изменяют его; поэтому ваны-предки предусмотрительно делали музыку красивой. Когда, музыка гармонично и спокойна – в народе царит согласие и благопристойность. Когда, музыка сдержанна и мужественна, в народе царит единство и порядок… и весь народ спокойно живёт на своём месте, доволен родиной и своими правиятелями. Когда, музыка пуста и порочна – народ распущен и ленив, дик и достоин презрения. Когда, народ распущен и ленив – возникают беспорядки; когда, народ дик и достоин презрения – возникают споры. Если же возникают беспорядки и споры – слабеет армия, становятся хрупкими стены и враг угрожает… В этом случае народ не живёт спокойно на своём месте, не доволен родиной и своими правителями…» – дейді.
Осынау бір ұлағатты сөзге ой жүгіртсек, азып бара жатқандығымыз айдан анық аңғарылады. Абай хакім, ау шіркіндер:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй,–
демеп пе еді?! Дүниежүзі халықтарының қай елінде бес мыңнан артық ән, күйлер (романс, симфония) бар? Менің өзімде қазір бір мың дәстүрлі ән мен бір мың дәстүрлі күй жазылған дискі бар. Күніне бір ән, бір күй тыңдасам, тоғыз ай кетеді екен. Не деген шет-жегі жоқ ұлттық байлық десеңізші.
Шоқан Уәлихановтың (1835-1865) досы Григорий Потанин (1835-1920): «Осынау қазақтың кең даласы, қашанда, ән салып тұрғандай әсер береді» – деп тамсануы ғажап шындық емес пе? Қазақтарды шын жүрегімен жақсы көргені үшін оны орыс шовинистері жек көріп, «слюнтяй» – дейтіні бар.
Қазақта, ерте заманнан музыка аспаптарының отыздан астам түрі болғанға саяды. Бір ғана қазақтың қаны мен жанына сіңген домбыраның өзі не тұрады? «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» – деп, Қадыр мырза Әлі дөп басып айтып тұр ғой. Мысалға, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін жай ғана тыңдап отыра алмайсың. Ақылың төбеңе шығып, делебең қозып, көз алдыңа шет-шегі жоқ кең даланы қақ жара, ауыздығын кірш-кірш шайнап, шаңын артына қалдырып, дүбірлете шауып бара жатқан тұлпардың үстінде жау қуып бара жатқандай күй кешесің. 1970-ші жылдарға дейін, әрбір қазақ жастарының екісінің бірі домбыра тартушы еді, қазіргі жастар мұрындарын шүйіреді. Сол әлемнің шертпе аспаптарының атасы домбыраның жасы алты мың жылдан әрі асады. Сонда ата-бабаларымыз сонау, есте жоқ, көне заманның өзінде ән салып, күй тартқаны ғой.
Қазіргі Моңғолия жерінде (1926 жылға дейін Шығыс Түркістан атанған) V-VІ ғасырлар мұрасына жататын домбыра табылып, сол домбыраның мойнында руна сызбасымен жазылған: «Жұпар күй әуені сүйсіндірді» – деген сөздерін оқып, Қаржаубай Сартқожаұлы бауырым әлемге жария етті. Домбыра халқымызға сан мыңдаған жылдар бойы өмірімізге сән, мән берген ұлы мұрамыз. Қиын-қыстау Кеңес империясы тұсында да қазақтың рухын, тілін, ділін, мәдениетін сақтата білді.
Күй сөзінің мағынасының өзі, Тәңірлік наным-сеніммен ұштасатын көрінеді. Содан барып, көне заманда, ата-бабаларымыздың, Г.Потанин таң қалғандай, әрбір атар таңды күймен қарсы алу дәстүрі болғанға саяды. Осынау дәстүр қазір, бір уақытта түрік қағанатының құрамында болған, кәріс елдерінде жалғасын тауып өздерінің классикалық әуендерімен ұйқыдан оянатын көрінеді. «Күй – Тәңір күбірі, қоңыр мінезді, қоңыр үнді, қазақ халқының өзіндей» – дейді Жағда Бабалықұлы. Қытай қазақтарында «Шыңырау» атты күй бары жөнінде айтады. Бұл күй аңызға құралған күй. Арасында айдаһар да бар. 1952 жылы Шыңдау деген өлкеден табылған қос айдаһардың сүйегіне, 20-25 мың жыл бұрын болған деп айтылған тарихи кесім бар,– дейді Жағда ақсақал.
Демек, біздің күйіміз де сол уақытқа сәйкес келеді. Осыған қарағанда, біздің тарихымыз тым әріден тамыр тартатындай. Осынау қанға сіңген сан мыңдаған әндеріміз бен күйлеріміз мына ХХІ-ші ғасырда құрдымға кеткені ме? Күй – қуаныш сезімімізді, мұңымызды тербейтін, тығырықтан шығар жол тауып беретін тәңірімнің ұлы күші. – Бүгінгіше роман, симфониялардан жоғары тұрғандай. Сан түрлі ұлттық бояуы бар қазақ әндері тұнып тұрған қазіргі тілмен айтсақ – романсқа жақын дүниелер ғой. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында да мыңжылдықтардың сыры жатыр. Әйгілі Камусшымыз Әлкей Марғұлан бұл жырды «Мәңгілік жыр» деп атағанды ұнатады екен. Ел боламыз, ұлттығымызды дәріптеп сақтаймыз десек, даңғыр-дұңғырдан арылатын уақыттан өтіп бара жатқандаймыз. Қайда бара жатқанын білмейтін тамыры үзілген қаңбаққа ұқсап, қайда барып тірелерімізді де сезбей келеміз. Құр бос сөз, қаптап кеткен қол шапалақ, бос мадақ. Махмұт Қашқаридың: «Түрікте өзін ұнату, мақтану жоқ. Түрік тегіміз үлкен ерліктер, жанкештілік жасағанның өзінде, ерекше іс істемегендей сезінеді» – дегені біздің бойымыздан ыдырап адыра қалғаны ма?
Біздер ішкен-жегенге мас болып жүріп, 20 жыл бұрын француздың бір бизнесменінің: «Казахстан – это счастливая геологическая случайность? У вас есть всё… но вы можете потерять всё, если не будете рачительно, бережно, по-хозяйски относиться к своим национальным богатствам» – дегеніне де жеткендейміз. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Қорытындылай келе, орыс тілінде әдеби сөйлеу қайда, былдыр батпақтап, өздерінің бар мәдени болмысын тәрк етіп мәдениетсізденіп (бескультурный), мұрындарын шүйіріп, мойындары тұтасқан малға ұқсап, өзінше сәуегейсіп, қазақ тілі әдеби бай тілдерге жатпайды дейтіндерді, Әл-Фарабише тізіп көрелік: олар: алаяқтар, баукеспелер, сайқалдар, салдақылар, сұм-сұрқиялар, жікшілдер, рушылдар, жағымпаздар, көпшік қойғыштар, көтікүйіктер, есерсоқтар, желбуаздар, желөкпелер, мақтаншақтар, қуыскеуделер, итаршылар, жалтақтар, ықтағыштар, мәймөңкешілер, көпірме сөзділер, жарамсақтар, жәдігөйлер, жүре тыңдайтындар, жымысқылар, сілімтіктер, құйысқанға қыстырылғандар, қырықбуындылар, сыздағандар, сылдырлар, сықсиғандар, сылқымдар, қарғылы төбеттер, алыпсоқтар, қодарлар, есіріктер, әумесерлер, бұралқылар, қызылкөздер, ессіздер, малғұндар, мақаулар, мәңгүрттер, ұры-қарылар, тіміскілер, суыққолдылар, жымқырғыштар, ымқырғыштар, қымқырғыштар, сұғанақтар, жемқорлар, жеңұшынан жалғағыштар, алыпсатарлар, делдалдар, жылпостар, екібеткейлер, екіжүзділер, ұпайшылдар, ақшақұмарлар, қиянатшылдар, парашылар, дәулетқұмарлар, мансапқұмарлар, ғылыми атақты сатып алғыштар, ақшаға, атаққа елін, жерін, ұлтын, тілін намысын сатқан тексіздер» (Ж. Бабалықұлы).
… Міне мұндайлар І Пётр сияқты, халықтың үстіне шығып алып, айғырға жайдақ мініп, ойқастай, кес-кестеп, ұлттық элитаға жол берер емес.
Итальяндық «Ренко» компаниясының президенті Рональдо Гаспарини мырзаның: «Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде отырып, өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім, ол – қазақ халқы екен» – деген сөзі, көкірегінде намысы бар қазақтың шамына неге тимейді? Тілі өлген елдің тірідей өлгені емес пе?!
Содан барып Абайдың (1845-1904) ескертпе асыл сөздерін елемей, құлаққа аспай, Міржақып Дулатов (1885-1935) «Оян қазақ!» деп 1909 жылы жанайқайына салып шырылдаса да, оянуға бет бұрмай келеміз. Үш ғасыр құлдықтың қамыты мойынымызды қажамағаны ма? Сонда қалай болғаны, ұлттық қасиеттерімізден жұрдай болып, шынымен де біржола жер бетінен жойылуға бет бұрғанымыз ба? Әлде өз қолымыз өз ауызымызға жеткен мына заманда, ел болып, жұрт болып, жұмыла ұлтымыздың кәдесіне жарайтын іс атқаруға кірісеміз бе?
Мұсылман дінінің ғажайып қасиеттеріне күнделікті өмірімізде онша мән бермей, тек қана кісі қайтқанда ғана есімізге түсіп, формальды түрде ғана басымызды игенімізден халқымыздың біртұтастығына ықпалы жүрмей тұр. Сақал-мұрттан жұрдай, көптеген бозөкпе жастар, сәлде киіп, имам атанғанымен, қалай ел болу керектігі жөнінде уағыз айту қайда, аңыз, мифтерді айналшықтап, қай-қайдағыны мыжып, жұртты мезі қылуда. Ал, қарттар болса, елдің мүшкіл халінде шаруасы жоқ, «Әлхам»… мен «Құлһу Алланы»… шала-шарпы жаттап алып, табыс көзіне айналдыруда. Таяуда, бір ауқатты адамның асында бәрі жарыса, таласа құран оқып, сегізіншісі оқи бастап, шатасып, талып қалды…
ХХІ-ші ғасыр адамзат баласына қасіреті мол ғасырға айналатын түрі бар, Сол қасірет пен апаттың алғашқы көрінісінің басталып кеткені де аңғарылады. Алдағы уақыттарда коронавирустан да жаман аурулармен қатар, басқа да апаттардың шығатын түрі бар. Кейбір деректерге сүйенсек, 2050-ші жылға қарай әлемде бір-ақ миллиард халық қалмақшы. Сонда біз бет алды далақтап жүріп, бірінші кезекте, жер бетінен жойылып тынуымыз керек пе? Неге етек-жеңімізді жиып, тездетіп, басқа елдермен қатар, өмір сүруге талпынбауымыз керек? Жалпы халық болып бірігетін уақыттан кеш қалмай, айдалада, бұл күнде сиреп қалған сорлы көк бөрідей көкке қарап, ұлып қалмасақ жарар еді деген ой мазалайды. Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ. «Алла – ақылын пайдаланбағандардың үстіне кір-қоқыс құяды» делінген құранда. Ұлтымыздың ыдырауы – мемлекетіміздің ыдырауы. Содан барып, мына жаһандану заманында, әрі жайын ауыз Қытай мен Ресейді қоссақ, бұларға қарсы тұрар күш – әрбір қазақ отбасының сана-сезімін, намысын оятуда жатыр. Басқаша болса – айтуға түршігемін. Түршікпей қайтерсің, егер қазақтар іштей, өзара жікке бөлініп, басқа да діндерге кіріп, қыздары он мыңдап орыс, қытайлардан жерік болып әрі оларды талақ қылып жатса. Осылар, қазақ ұлтын тамырымен дауылдан құлаған діңдей қылмасына кім кепіл?! 86 жасқа келіп, миы шатысып, пессимизмге ұрынып кеткен екен деп ойламаңыздар. Келешектегі трагедиялардан, қойын-қоншын арамдық жасап, байлыққа толтырып алғандар, осындайда елімен, халқымен бірге болмаса, «тескентау» өтіп кетуге тырысса да, лағынеттен құтылып кете алмайтындықтарын, әрі билік басындағылар да білсін дегенім ғой.
Халықтың көз жасынан ешкім де құтыла алмайды. Біреулерді қарғыс атқан деп жатады, шынымен де қарғыс жеті атаға дейін жететіндігін білу парыз. Ендеше, тай-тұяғымыз қалмай, ұлт болып бірігейік! Ел болуға, ұлылығымызды сақтап қалуға іс жүзінде талпынайық, қор болмайық!
Ойласайық, ойланайық уақыт жетті, ағайын!..

Қасым ТӘУКЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, Ақмола облысының құрметті азаматы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар