Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Аты-жөнінің бұрмалануы жауынгерді 75 жыл іздетті

Жалыны жарты әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың елімізге төндірген зардабы мен жүректерге салған жарасы аз болмады. Қазақстаннан аттанған 1 миллион 500 мың адамның жартысынан астамы елге оралмады. Бүгінгі біздің әңгімеміз сол боздақтардың бірі – не өлі не тіріге саналмай хабарсыз кеткен бұрынғы Көкшетау ауданы, «Өзен» колхозының басқарма төрағасы Нұрбала Нұрғалиұлы Жауаров хақында өрбімекші.

Иә, қан майданға аттанып, хабарсыз кеткен қаһармандарды арада қаншама жыл өтсе де іздестіру толастамайды. Ұзақ жыл үмітін үзбей, бір дерегін күтіп жүрген қарындасы Дариға Нұрғалиқызы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ағасының қай жерде қайтыс болғанын естіп, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болды. 80-нен асқан ақ жаулықты ананың туған ағасының қабірін тауып, қайда жерленгенін естіген сәттегі қуанышында шек болмағаны сөзсіз. Оны редакциямызға арнайы хабарласып, ағасы туралы ұзақ айтқан әңгімесінен-ақ аңғара аласыз.
– Біз әкеміз Нұрғали Жауаров пен анамыз Шайза Қазкенқызынан тараған он бір бала едік. Сұм соғысқа біздің отбасынан үш бірдей азамат аттанды. Олардың үшеуі де менің туған ағаларым – Нұрбала, Кәкібай, Нұрғожа болатын. Екі ағам соғыстан оралды да, Нұрбала ағамнан көз жазып қалдық. Оның ешбір дерегін таппай әке-шешем, соғыс біткеннен көзі жұмылғанша үмітін үзбей, әр жерге сұрау салған ағам Нұрғожа да өзекті өртеген өкінішпен о дүниеге аттанып кетті-ау, – деген абзал ана көз жасын сығып, әңгімесін одан әрі жалғады. – Мен ол кезде үш жастағы ойын баласы едім. Күні бүгінге дейін есімде қалғаны, Нұрбала ағам соғысқа аттанғанда үй-ішіміз түгел жылап тұрып қоштастық. Ағам 1908 жылы туған, он бір баланың үлкені, әке-шешеміздің тұлабойы тұңғышы еді. Ол кезде ағам қазіргі Зеренді ауданы Өзен колхозының басқарма басшысы, отбасылы, екі ұлдың әкесі, ел сыйлаған азамат болатын. Бұл 1942 жылдың 15 сәуірі. Алғаш барған кезінде Иваново деген жерде әскери жаттығудан өткен, одан әрі орысшаға жетік ағам политрук болған. Сонымен, 1 қыркүйекте Сталинград майданына кіреді. Бір-ақ жұма соғысып, 7 қыркүйекте алған жарақатынан қайтыс болып, сол жердегі бауырластар зиратына жерленеді, – деген Дариға Нұрғалиқызының сөзінен-ақ көп нәрсе белгілі бола бастағандай.
Әрине, мұны олар бертін білді. Онда да Украина майданында соғыста болған ағасы Нұрғожа елге аман-есен оралғаннан кейін Мәскеуге хат жазады. Жылдар бойы бір дерегін күтумен жүрген ол, қайтыс боларының алдында бас көтерер қызы Розаны шақырып алып, көкірегін кернеген өксікті ойын жеткізіп, ағасын табуды аманаттағандай болады. Мәскеудің аспирантурасын тәмамдаған Роза өзінің ер-азаматқа тән қайсарлығы мен алғырлығының арқасында әке аманатын орындауды алдына мақсат етіп қояды. Сөйтіп, Нұрбала Жауаровтың қай жерден соғысқа аттанғанын, әйелінің аты-жөнін, соңында іздеушісі кім екенін толық жазып, Мәскеуге, бұрынғы Сталинград қаласының әскери комиссариаттарына қайта сұрау салады. Ол жақтан «көп жыл өтті, несіне іздейсің?» деген жайсыз жауап берген хат та келіп, Розаның ұнжырғасын түсірген сәттер де болады. Алайда, өжет қыз оның ешқайсысына мойымай, іздестіруді интернет арқылы жалғастыруға көшеді. «Неге мен іздеп таппауым керек? Біз Кеңес Одағы кезінде көп ұлтты мемлекет болып, тату-тәтті тұрдық. Мен Мәскеу аспирантурасын бітіргенмін», деп көмектесуді өтініп, қайта хат жолдайды. Осы хаттан кейін олардың ойы өзгеріп сала береді. Мүмкіндігінше Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дейін бір дерегін тауып беруге уәде етеді. Дәл сол кезде бас штабтан құжаттың бұрмаланғанын растаған анықтама да келеді. Содан Роза аты-жөнін түзетуді талап етіп хат жолдайды. Оның өзі жылына бір-ақ рет өзгертіледі екен.
Нақтырақ айтсақ, күндердің күнінде күдер үзбей, талмай іздестірудің соңында, Волгоградтан келген бір хабар елең еткізеді. Бұл хабар волонтер осетинкадан болатын. Сөйтсе, Роза Нұрғалиеваның жіберген жазбасында Нұрбала Жауаровтың соғысқа аттанған кездегі мекен жайы сәйкес келеді. Алайда, аты-жөнін Джавара Курбала, әйелінің атын Джавара Албыш деп жазған, ал шын мәнінде – Алтын Жауарова болатын. Осылай бұрмаланып кеткеннің кесірінен жылдар бойы қаншама адамның тағдыры азапқа салынды десеңші. Сөйтсе, ол кезде азияттықтардың есімі кейде естуі бойынша жазылып, әріптер ауысып кеткендіктен, қаншама адам ешбір дерегі жоқ, хабарсыз кеткен екен ғой. Ал, Роза Нұрғалиева болса, бір жарым жыл жүріп, ол жақтағы құжаттарды қайта дұрыстатып, ұзақ іздестірумен, еңбектенудің арқасында көздеген нәтижеге қол жеткізеді.
– Роза менің немере сіңлім. Жоғарыда айтылғандай, соғысқа қатысқан үшінші ағам Нұрғожаның қызы. Анасы ерте дүние салып, менің қолымда өсті. Өзім оқытып, өзім тұрмысқа бердім. Роза жоғары білімді ғылым кандидаты атанды. Бүгінде Қарағанды қаласында тұрады. Сондағы жоғары оқу орнының оқытушысы. Оның біздің отбасымызға осындай үлкен сауапты іс жасағаны үшін өте ризамын. Ағамды іздестіру барысындағы әр қадамын маған айтып, ақылдасып отыратын. Енді міне, тура Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына ол жақтан шақырту келіп, ағамның басына бару құрметі бұйырып тұр. Алайда, әлемді жайлаған қауіпті дерттің салдарынан төтенше жағдай жарияланып отырғаны баршамызға белгілі. Сондықтан, ел тыныш, жұрт аман болса, Роза қызым күзге қарай ағамның басына барып, топырақ салып қайтады. Мен қартайдым. 81 жастамын, алыс жолға жүре алмаймын, – деген ақ жаулықты ананың босаған көңілі, бауырға деген сағынышы еселене түскендей.
Дариға Нұрғалиеваның өзі де жоғары білімді, ұрпақ тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Көкшетау қаласындағы №6 орта мектепте ұзақ жылдар мұғалім болған. Орысша оқыса да, әке-шешенің қазақы тәрбиесін көріп өскен. Сондықтан, «Нұрбала ағамнан жалғасқан ұрпақты қосып жазсаңыз» деген өтінішін де жеткізді.
Өйткені, өмір тоқтап қалған жоқ, ұрпақ жалғасуда. Екінші Көкшетауда Нұрбала Нұрғалиұлы Жауаровтың жалғыз ұлы Болаттан туған немерелері тұрып жатыр. Үлкен немересі Марат Болатұлы ішкі істер саласында қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Одан кейін Қайыржан Болатұлы, Айгүл, Ләззат Болатқыздары бар. Осы төрт немересінен шөберелері өсіп, ер жетуде. Ал, олардың ертеңгі болашағы Дариға апайды қатты алаңдатады. Бүгінде Нұрбала ағасының жалғыз ұлынан туған немерелерінің жат болып бара жатқанын ойласа, өзін қоярға жер таппайды. Ендігі арманы – сол ұрпақты өз балаларымен араластырып, Нұрбала аталары бейбіт өмір үшін жанын қиғанын мақтан тұтып, есімін естерінде сақтап өскенін қалайды. Оған қоса, ағасына арнап, аят оқып, құран бағыштауды қаншалықты парызым, деп білсе, қалған ғұмырында осы балалардың «туыстығымызды сезініп жүргенін көріп кетсем» деген ізгі ниеті де өте құптарлық. Өйткені, Дариға апай он бір баладан қалған жалғыз көз. Қазір немересімен бірге тұрып жатқан оның марқұм отағасы прокурор болып қызмет істеген, Зеренді ауданы Қошқарбай ауылының тумасы болған.
От пен оқтың арасында жан алысып, жан берісу кезінде талай ерліктер жазылмай да қалғаны анық. Оның үстіне зұлым жаумен шайқастарда үрей, қорқу дегенді білмеген қазақтардың қан майдандағы батырлықтары оңайшылықпен бағалана қойған жоқ. Сондықтан, олардың тізіміне ерліктің ерлігін жасаған, шепті бұзғандар ғана тіркеліп отырғанын енді ғана біліп жатырмыз.
Иә, қан майданға аттанып, қыршынынан қиылған немесе қайда жерленгені белгісіз жауынгерлер әлі де қаншама?! Шешімі табылмаған, жауабы айтылмаған сұрақтар жетеді. Отан үшін жанын құрбан қылған жандардың тым болмаса қайда жерленгенінен хабарсыз қалудан өткен ауырлық болар ма? Әлі де қаншама аталарымыз табылмай жатыр. Бірақ, іздестіруді тоқтатпайық, олардың аты-жөні өзгеріп кетсе де табылатынына сенейік. Оған біз әңгімелеп отырған, қан майданда қаза тапқан жауынгер Нұрбала Жауаровтың есімі куә. Аты-жөнін бұрмалаудың кесірі бірнеше ұрпақтың өзегін өксітіп келгені өкінішті-ақ.
«Ағама деген сағынышым соншалық, бала болсам да оны алғаш соғысқа шығарып салған күн жадымда мәңгі жаңғырып барады» деген Дариға апамыздың сөзі құлағымызда қалып қойды.

P.S. Бүгінгі заман қадірін білу үшін алдымен кешегі тарихты танып-түсіну керек. Өткенін қадірлеген өскендіктің белгісі. Өйткені, қазіргі еркін өмірің кешегі өткендердің ерліктері мен еңбектерінің жемісі. Жеңісті жақындату үшін шыбын жанын шүберекке түйген ата-апаларымыздың рухын ұлықтау ұрпағына парыз!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар