Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

Ағайындылар

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына арналған мереке қарсаңында біздің әулеттің Жеңіске қосқан үлесі туралы соғыс кезіндегі бала атынан жазуды парызым деп есептедім.

Қазақ елінде көшпелі рулық негізде өмір сүріп жатқан халық бір елді мекендерге бірігіп, ұжымшар (колхоз) құрып, егін еге бастап, мал өсірумен айналысып жатты. Амангелді ауылының тұрғындары да осындай жағдайда болды. Сол өңірде әр жерде қоныстанған төле, дуадақ, төбет, тағы да басқа рулар малшора руының жерінде үйлер салып, тұрақты өмір сүре бастады. Осы өңірде белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың ата-бабаларының қонысы болатын.
Осы ағайындардың Қопа қыстауына өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында ашаршылық кезінде, сонау қазіргі көмір шығарып жатқан Шұбаркөл өңірінен менің ата-бабаларым келіп орналасыпты. Олар да елмен қатар ұжымшарға мүше болып, Амангелді ауылына көшіп келеді. Менің әкем Дәулетбек (халық Дәуеш) сегіз ағайындының ең кішісі екен. Ол кезде рулық бөлінудің дәурені жүріп тұрған. Біздің әулет кірме болып есептелінген. Бірақ, сендер сондайсыңдар деп шеттетпеген, сонда да басқа ауыршылық түскенде жалғыз екендіктерін сезінген. Содан үлкендердің біразы дүниеден озып, тіпті біреуін, сауатсыз атамыз Жексембайды халық жауы деп ит жеккенге айдап жіберген. Артынан баласы Балташ ізденіп, ақтап алды. Отызыншы жылдардың аяғында үлкені менің әкем, немере інілері Бектемір Тоқсанбайұлы, Балташ Жексембайұлы және қыздар қалады. Ағалары Дәуеш трактористік курсты бітіріп, ұжымшарда алғашқылардың бірі болып темір тұлпардың құлағын ұстайды, ал, сауаты бар Бектемір дүкеншілік қызмет атқарып жүреді. Ең кішісі Балташ жетіжылдықты бітіріп, Көкшетауда педучилищеге оқуға түседі.
1939 жылдың шамасы желтоқсан айында жиырма жастағы Бектемірді әскер қатарына шақырады. Әскери міндетін Брест қамалында атқарып жатады. Бізге жіберген бір суретінің сыртына жазған мәліметтер ол кісінің әскери жолын анықтауға мүмкіншілік берді. Соғыстың бірінші түнін қаруластарымен Брест қамалында қарсы алыпты. Суретіндегі мәліметтерімен қоса, қамалды қорғауға қатысқан алматылық Ғаббас Жұматов ақсақал былай деп еске алады: «Мен байланысшылар отрядының командирі болдым. Ағаң Бектемір радист-телефонист болды».
Балаларымның көмегімен «Мемориал» қоғамдық мекемесінің сайтынан Бектемір ағамыздың Орел облысы Ливен ауданындағы Норовка ауылының маңында қаза тауып, сол жерде жерленгенін анықтадық. Соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда зайыбым екеуміз сол елге барып, мұсылмандық шараларымызды жасап, мейрамға арналған жиынға қатысып қайттық. Сол кезеңде осы елді мекеннен төрт-бес шақырым жердегі «Огурец» деген төбенің маңайында ұзаққа созылған қырғын соғыс болыпты. Екі жақтан бірнеше мың жауынгер жер жастаныпты. Оларды жеке-жеке жерлеуге шамалары келмей, санитарлық түрде жер қойнауына беріпті. Содан соғыстан кейін сол төбеге ағаш егіп, стелла қойып, гранит тастарға көпшілігінің есімдерін жазыпты. Сол тастардың бірінен ағамыздың аты-жөнін оқыдық. Қыршын жас, отбасын құра алмай жас шағында Отанын қорғауда мерт болды. Біз туыстары екінші дүниежүзілік соғыстың белгілі кезеңдері Брест қамалының қоғаушысы, Орел-Курск доғасындағы қанды майданның кейіпкері болған ағамыз Бектемір Тоқсанбайұлын мақтан тұтамыз. Өзі жаумен шайқасып жүріп, елін, жалғыз ағасы мен інісін еске алып, бірнеше ауыз өлеңмен хат жазыпты. Осы өлеңді зарлы дауыспен Дәметер апамыз орындағанда көзімізге жас үйірілетін. Өлеңде мынадай жолдар бар:
Батады жалғыздығың маған аға,
Қарап тұр тағы сізге Балташ бала.
Сол «Балташ бала» мұғалімдік мамандықты ағасы Дәуештің қолдауымен бітіріп, қызметке кірісе бастағанда, соғыстың қызып тұрған шағында әскер қатарына алынады. Бұл 1942 жыл. Балташ Жексембайұлы Көкшетауда жаяу әскерлер полкінде дайындалып, Фрунзе (Бішкек) жаяу әскерлер училищесінде қысқа курста оқып, Түрікменстанның Тенджен қаласында тағы да үш айлық курста оқып,
№ 93 атқыштар бригадасының құрамына қабылданады. Осы құрамда Саль даласы арқылы Ростов қаласының маңындағы жаудың алдыңғы шебімен шайқасқа түседі. Дон өзенінің бойындағы үлкен ұрысқа шығып, үш сөтке бойы толассыз жүргізілген шабуыл арқылы Ростов қаласын жаудан азат етеді. Осылай елді жаудан азат ете жүріп, 1943 жылғы шілде айында Макеев қаласының маңында мина жарықшағынан қатты жараланады. Содан жарты жыл госпитальда емделіп, екінші топтағы мүгедек болып, денесінде қалған тоғыз жарықшақпен елге оралады. Майдангер ағамның естелігінен алынды. Осы ерліктері үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалі, тағы басқа да марапаттарын тағып, жарты ғасырдан артық Жеңіс күнін халықпен бірге тойлайтын. Өзі ұстаз ретінде жас бүлдіршіндерге патриоттық тәрбие беру кезінде өзі көзімен көргендерін, соғыстың зардабын тірі куә ретінде әңгімелеп беріп жүретін.
Екі інісін майданға аттандырғаннан кейін Дәуеш Өшәбекұлы өзі де соғысқа аттануға дайындалып жүргенде, ұжымшар басшысы Бәуке Құлмағамбетов әкемнің еңбекке деген құлшынысын байқаған болу керек, онымен қоса, тәжірибелі механизатор ретінде соғысқа жібермей, броньмен алып қалады. Бұл кісінің басына іс түскенде шығарған өлеңдерінде мынадай жолдар бар:
Шақырып военкомат келгенінде,
Қалдырдым тракторист деп қайран басым…
Соғыс кезінде еңбек майданы да жаумен шайқасудан кем болған жоқ. Бала болсамда есімде жүргізетін тракторы барлығы темір, тіпті отыратын орындығы мен рөлі де жалаңаш темір еді. Көктем мен күздің қара суығында жауын-шашыннан қорғанатын ештеңесі жоқ, ашық трактордың жүргізушісі болу айтуға оңай, іс жүзінде өте қиын болыпты.
Әкемнің еңбекқорлығын еске алып, Комсомол МТС-інің озық комбайн жүргізуші Кәрімжан Тоқсанов былай деп еске алатын: «…әкең Дәуеш өте еңбекқор болатын. Мені комбайныммен егін жинауға «Амангелді» ұжымшарына жібергенде комбайнды сүйреуге әкеңді тракторымен сұрап алатынмын. Шаршамай түн қараңғысына дейін жұмыс істеп, егін орағын белгіленген мерзімнен ерте бітіретінбіз…».
Ол кезде қыстыгүні тракторды Комсомол МТС-іне күрделі жөндеуге апаратын. Қар жауып, қыс бастала бастағанда тракторды қара суықта отыз-қырық шақырым жердегі Ақкөл қаласына айдап барып, айлап жатып, сонда оңдайтын.
Одан әкем трактордан денсаулығына нашар әсер ала бастаған соң малға ауысты. Мұнда да жұмыс жеңіл болмады. Қыстыгүні мал қорасындағы ауыр жұмыстың салдарынан зейнетке жетпей, нашар аурудан дүние салды. Ол кісі малда еңбек етіп жүргенде бөлімше зоотехнигі Шегебай Қарпықбаев ақсақал Дәукең үкіметтің малын өз малынан артық баптайтын деп еске алатын. Қазір де өзімен еңбектес болған көздері тірі Әбдрахман, Орын сияқты жерлес інілері еңбекқорлығын еске алып, жылы лебіздер айтып отырады.
Мен осы күні әкем мен екі ағамды мақтаныш тұтамын. Екі ағам Отанын қорғаймын деп біреуі жас шағында Ресей жерінде жер жастанса, екіншісі соғыстан мүгедек болып оралды. Әкем Дәуеш жауға қарсы соғысып жатқан жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету қорын жасау үшін егін орып, мал бағып, өз үлесін бір адамдай қосты.
Міне, соғыс кішкентай қазақ ауылының бір отбасына жоғарыда жазылғандай қайғы-қасірет әкелді. Осындай жағдай Кеңес Одағының басым көпшілік жанұяларында болды десек, артық айтқандық емес. Сол кішкене Амангелді ауылынан 104 адам соғысқа қатысса, соның 57-сі майданнан оралған жоқ, Отан үшін жандарын пида етті.
Ал, қазір соғыс болса, Америка, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің әскери қарулары жер бетіндегі адам баласын жойып жіберуге мүмкіншіліктері бар. Осындай жағдайды болдырмау үшін дүниежүзі халқы бір кісідей бірігіп, бейбітшілік үшін күресулері қажет. Мемлекет басшылары барлық мәселелерді дипломатиялық жолмен шешкендері жөн болар еді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
соғыс баласы.

Суреттерде: ағайындылар Бектемір Тоқсанбайұлы; Балташ Жексембайұлы, Дәуеш Өшәбекұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар