Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні облыс диқандары жоспарланған 4446,1 гектар алқабының 22 пайызына немесе 978,2 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар септі. Оның ішінде астрахандықтар 107,6 мың гектарға, жарқайыңдықтар 97,1 мың гектарға, атбасарлықтар 82,3 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар сіңіріп, алдыңғы лекте келеді.
Биылғы жылы да егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жалғасып, 254 мың жерге майлы дақылдар себу жоспарланды. Бүгінгі күні оның 89 мың гектарына майлы дақылдар егілді. Оның ішінде Зеренді ауданы 20,9 мың гектар жерге, Атбасар ауданы 15,1 мың гектарға, Біржан сал ауданының диқандары 12,5 мың гектар алқапқа майлы дақылдар сіңірді.
Сондай-ақ, 8,4 мың гектар жерге көпжылдық шөп, 45,5 мың гектар алқапқа біржылдық шөп егілді. Бұл жұмыста Бұланды, Ерейментау, Целиноград аудандары көш бастап келеді. Сондай-ақ, 11,2 мың гектар алқапқа картоп, 1,9 мың гектарға көкөніс отырғызылды. Бұл бағытта 3еренді, Астрахан, Ақкөл аудандарының еңбеккерлері қарқынды жұмыс жүргізуде.