Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері Ысқақовтар отбасында болып, мерекемен құттықтады.
Еңбек жолын Атбасар қаласынан бастаған Нұржан Ысқақов Жақсы ауданы Қима ауылының тумасы. Он жыл бұрын отбасымен Көкшетауға қоныс аударған. Нұржан Мендібайұлы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында нейрохирург дәрігер болып жұмыс істесе, зайыбы Мира Жанұзаққызы бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінде бұл жас отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері Дидар мен қызы Инабат IT мектеп-лицейінде оқыса, кіші ұлдары Аңсар мен төрт айлық Аянат анасының жанында. Көп балалы отбасынан шыққан Нұржан мен Мира бала саны осынша болуы керек деп шектеген емес. Оның үстіне Нұржан өзінің ата-анасымен қоса, ата-әжелерімен де бірге тұрады. Бұл арада бірге тұрып, сол кісілердің тілін тапқан Мира келінді де айтсаңызшы. Осындай үлкен өнегелі отбасында тұрып жатқандықтан, олардың балалары ата-әжелерінің тәрбиесінде. Бұл отбасының бақытты болуының сыры сыйластық пен сенімділікте.
Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 6741 көп балалы ана бар. Олардың ішінде 2364-і «Алтын алқа», 3664-і «Күміс алқа» иегерлері. Сондай-ақ, өңірімізде 8457 көп балалы отбасы тұрып жатыр.
Ал, Ысқақовтардың жарасымды жұбы өткен жылы облыстық партия филиалы ұйымдастырған «Бақытты отбасы» облыстық байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болған. Міне, өнегелі Ысқақовтар отбасын балаларға деген мейірім мен өзара сыйластық жарастыра түскен.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.