Букмекерлік кеңсе емес, елдің соры деңіз!..
Аяулым бүгін жұмысқа көңілсіз келді. Жалдап жүрген пәтерінің қожайыны пәтерақыны ертеңге дейін төлемесең, басқа отбасын кіргіземін депті. Содан төрт баласымен шұбырып қайда барам деп уайымдап отыр. «Аяулым апай, сіздің төрт балаңыздың әкесі қайда, бір жағынан шығысып сізге көмек бермей ме?» деп сұрады әріптес сіңлісі. Оның көңілі одан сайын түсіп, жылап жіберді…
–Менің күйеуім бар ғой, бірақ, тапқан ақшасын кешкісін үйге жеткізбестен букмекер кеңсесіне барып, бәске тігіп жіберіпті. Өзінше ақшасын көтеріп аламын деп ойлайды, бірақ үнемі ұтылып қалады. Осы мәселе үшін қаншама ұрыстық, ажырасуға дейін бардық, балалар үшін ойланып, тыйылар деп өзімді басамын, бірақ қоймайды-ау, –деп өксіп-өксіп алды. –Менің тапқаным балаларымның ас-суы мен киім-кешегінен қалмайды ғой, –деп ішіндегі бар ренішін тізіп айтып жатты. Күйеуі жарының да тапқан ақшасын салып жіберген, әркімнен бір қарыз алған күндері де болыпты.
Бұл жағдайды естіген соң, осыдан бірнеше жыл бұрын казино ойындарына құмартып, үйі мен әйелін де бәске тігіп жіберген бір танысым есіме түсті. Құмар ойындарына қатысты осындай жан түршігерлік оқиғалар жаза берсек, өте көп. Әйтеуір, казинолар бір жерге шоғырландырылып, Қапшағай мен Бурабайға көшірілді. Барша жұрт осындай жағдайлар тыйылар деп ойлады. Бірақ, сол құмар ойын орталықтары жабылған соң ірі қалаларда ойын кеңселері, яғни, букмекерлер қаптап ашылды. Жабылған казинолардың орнына ашылған соң, құмар ойынға құштар адамдар соны ермек етті.
2007 жылы казиноларға қатысты «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданғанда букмекер кеңселері елеусіз қалды. Себебі, онда спорттық ойындарға ғана ставка қойылып, көп адамдар қызыға бермейтін. Қазір ойынқұмарлар кез-келген затқа бәс тігетін болып алды. Мысалы, «Оскар сыйлығын биыл кім алады?», «Еуровидениені кім жеңеді?» «ертең ауа райы қандай болады?», тіпті анау сериалда енді кім құрбан болады немесе кім-кімге үйленеді деген секілді тақырыптарға бәс тігу арқылы келушілер қатарын көбейтіп жіберген. Тіпті, букмекер кеңселері «ақшаңды бізге тік – нәтижесін үйде күт» деп жарнамалаған. Яғни, үйлерінде отырып, тіккен бәстерінің нәтижесін біле береді.
Бүгінде елімізде 1200-ге жүзге жуық букмекер кеңселері бар екен. Енді жаңа заң жобасына сәйкес Қазақстандағы барлық букмекерлік кеңселер казинолар сияқты Щучинскі мен Қапшағайға көшіріледі. Басқа қалаларда олардың көз тартатын жарнамалары мен жарқ-жұрқ еткен маңдайшалары болмайды. Осыны қарастыратын жаңа заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданғаны белгілі. Бұл халықты ойынқұмарлық пен түрлі қылмыстан құтқару үшін аса қажет.
Жаңа заң жобасына сәйкес, алдағы уақытта бәсті есепке алу орталығы құрылады. Ол Бурабай мен Қапшағайға бармай-ақ, ғаламтор арқылы онлайн ойнайтын клиент іздеген букмекерлер мен тотализаторларға бақылау жасайды, яғни, есеп жүргізеді, салаға қатысты барлық ақпарат жинақталады. Онлайн ставка жасайтын әр адамның жеке дерегі де сонда сақталады дейді Мәдениет және спорт министрлігінің мамандары.
Өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны, яғни, ойынқұмарлықты психикалық сырқат деп таныпты. Тағы бір жаңалық, бұл «ауруға» ұшыраған адамдар үшін заң жүзінде өзіндік шектеу енгізіледі. Яғни, ол адамның өзі немесе отбасы мүшелері, туыстары өтініш жазса, бұдан былай елдегі бірде-бір букмекер кеңсесі мен тотализатор, не казино ол адамнан бәс қабылдамайды.
Үкімет тапсырысымен арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, ел тұрғындарының 11 пайызы немесе 1,5 миллионы күн сайын немесе қолға ақша түскенде қайта-қайта букмекерлік кеңседе бәс тігеді екен. Сауалнама жүргізілген қазақстандықтардың 56 пайызының таныстары букмекерлік кеңселерде бәс тігуден және соған тәуелділіктен зардап шеккен. БАҚ мәліметтеріне жүгінсек, 2018 жылғы 3 сәуірде Шымкент қаласында «Бинго» клубының тұрақты клиентінің қолына кісен салыныпты. Ол ірі көлемдегі ақшаға ұтылып қалады. Үйіне оралғасын айқай-шу туындап, ашу үстінде анасын және атасын өлтіріп тастапты. 2018 жылдың наурызында елордада жергілікті тұрғын өзімен бірге тұрып жатқан қалыңдығын жанжал үстінде пышақ сұғып алады. Жігіт букмекерлерге ірі сомада ақша тігіп, ұтылады. Ал, бойжеткен болса, болашақ отбасының бюджетін қорғап, оны ақылға шақырмақшы болады. Ауыр жарақаттан қыз қылмыс орнында көз жұмады. Мұндай деректер келтіре берсек, өте көп. Яғни, букмекерлік кеңселер талай тағдырды аяусыз тәлкекке салып, талай шаңырақтың түбіне жетіп жатыр. Бұл ойынқұмарлыққа шалдыққандар ақылға да, емге де көнбейді әрі шынын айтқанда, елімізде оларды емдеп, жаза алатын дұрыс емдеу орындары да жоқ. Қысылған жұрттың барар жері – емшілер…
Ішкі істер министрлігінің арнайы тобы Бас прокуратурамен бірлесіп, 5 ай операция жүргізген. Соның арқасында 4 трансұлттық, яғни, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліпті. Олар букмекер атын жамылып, Қазақстанның 17 қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Және де бұл ұйымдарда қауіпсіздік шаралары сақталмайтыны, тұтынушылар құқығы жиі бұзылатыны, заңды түрде ұтып алған ақшаларын олардың есепшоттан ала алмайтыны әшкереленді. Яғни, бәс тігу арқылы ірі ұтысқа ие болуы мүмкін, бірақ, ол ұтысының қызығын көре алмайды. Жасырын казино, құпия ойын автоматтарының залдары секілді заңсыз ойын мекемелері букмекерлік кеңсе түрінде жұмыс істегені де анықталған.
–2020 жылдың басынан бері елде осындай кеңселерге қатысты 22 қылмыстық іс тіркелді. Егер екі айдай уақыт бойы елде төтенше жағдай енгізіліп, карантинге жабылғанын ескерсек, аз уақыт ішінде осынша қылмыстың әшкереленуі аз емес, – дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров.
Соңғы 5 жыл ішінде букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға қарсы 251 қылмыс жасалыпты, соның ішінде оларға 90-нан астам қарақшылық шабуыл, 161 тонау ұйымдастырылған. Ал, заң жобасын ұсынып отырған Мәдениет және спорт министрлігінің мамандары:
– Басты міндет – қазақстандықтарды құмар ойындарының қауіпті ықпалынан қорғау. Сондай-ақ, бұлар қылмыстық жағдайға да оң әсер етеді. Құмар ойындарына құныққандар саны азаяды, – дейді.
Психологтардың пайымдауынша, тіпті адам мұның кесел екенін түсініп, одан айығуға бел буғанымен, әлгі кеңселер алдынан шыға берсе, онда ол ерік-жігерінен айырылып, жаман жолға қайта түсуі мүмкін. Мұндай орындар көп кездесетіндіктен, жастар да қызық көріп бас сұғуы ықтимал. Қазірдің өзінде еліміз бойынша талай ата-аналар сүйген жарлары, балалары мен күйеулерінің осындай теріс жолдан әбден азып-тозғанын көріп, қан жылауда. Сондықтан, жоғарыдағы букмекерлік кеңселерді көшіру туралы заңның тезірек күшіне енгені керек.
… Біз мақаламыздың басында айтқан Аяулым, қазір отбасымен қаланың шеткі жағында уақытша салынған кішігірім үйді жалдап тұрады. Күйеуі әлі де бәс тігуін қоймаған. Бірақ, ол осы бір ойын кеңселерін көшіріп жібереді деген жаңалықтан үмітті. Кім білсін?!.
Р.S: Осыдан біраз жыл бұрын әйелдер күйеулерінің казинолардан шықпай, құмар ойынға құнығып, отбасын, балаларын, ата-анасын далада қалдырып, үйлерінен айырылғандары немесе ұтылған ақшаларын қайтара алмай түрлі қылмысқа қатысып, абақтының әр жағынан шыққандары жөнінде көп айтып, қиналғанын еститінмін. Сол сияқты, қазір букмекерлер кеңсесі де көп отбасыларының көз жасына қалуда. Осы заң жобасы мақұлданса, ойынқұмарлар аздап тыйылар. Тапқан табыстарын пайдасыз ойындарға шашқанша, отбасының болашағы – балаларының білім алуына, басқа да керегіне жұмсау әлдеқайда пайдалы екенін шіркіндер, ұқпай жүр-ау. Бәріне сол букмекерлік кеңселер мен соның ықпалына түсіп кеткен жандардың өздері кінәлі. Талай отбасының шырқы бұзылып, талай азамат бері қарамай, тағдыры қыл үстінде тұр-ау. Ендеше, осыған бір амалын жасаңыздар, Үкімет пен депутат мырзалар!