Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктемгі егіс – 2020 - АРҚА АЖАРЫ

Көктемгі егіс – 2020

Көп салалы шаруашылықтағы серпіліс

Бұланды ауданында жергілікті жастар ауыл шаруашылығын дамытуға белсене араласып отыр. Солардың қатарында Даниловка елді мекенінің тұрғыны Сағадат Қабикеновтің игі істерін аудан басшылары алдымен ауызға алды. Ол құрылтайшы ретінде бауырларымен бірге «Капитал 2018», «Шаруа Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Қайрат» шаруа қожалығын құрып, маңызды істі табысты үйлестіре білуде. Батыл жігіттің көп салалы бағыт ұстануында үлкен мақсат жатқандығын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Егістікте ерен қимыл бар

Сәрсенбінің сәтті күнінде «Шаруа Көкшенің» 213 гектарлық егістік алқабында болғанбыз. Агроном Жанат Бөлекбаев дайындаған технологиялық карта бойынша мұнда ырыс басы – бидай себілуде. Жігерлі маман шаруашылықтағы барлық егістік жер алдын ала өңделіп, ылғалы жабылғанын айтады. Жанат Бөлекбаев өзінің қалың қойын дәптерін парақтап, тұқымның іріктелуі, өнгіштік дәрежеге жеткізіліп дәріленгендігі, сапалық көрсеткіштердің жоғарылығы жайлы кестелік ақпарат берді. Еңбекті ұйымдастыру, науқанға қатысушыларды ынталандыру мәселесі де ұжымдық талқылаудан өткізіліпті. Аспаз Әсия Бейсенбаева дайындаған ыстық тамақ, шай-сусын уақытылы жеткізіліп тұрады. Еңбекақының көлемі де көңілден шығады. Мәселен, Сағадат Қабикенов тұқым себу, орақ науқандарында озат механизаторлардың айлық табысы 800 мың, тіпті миллион теңгеден айналатынын айтады. Мұның астарында қомақты қайтарым барын біз де түсініп, бүгінгі іске сәттілік тілеп тұрмыз.
Шоқ ормандар құшағындағы алқап төрінде төрт «МТЗ», екі «Кировец» таракторларының жарасымды агрегаты қалқып жүр. Дәулет Жүкенов, Николай Перепичко, Азамат Қабдуәлиев, Менат Екібасов сияқты механизаторларды, тіркемелі «КамАЗ» автомашинасымен тұқымды тоқтаусыз жеткізуші Бегайдар Айтжановты өнімді істерінен бөліп, сұхбатқа тартудың өзі қиянатқа жататындай. Олар қазіргі сәтте соңғы 1000 гектарлық алқаптағы жұмысты оңтайлы атқаруға тырысуда. Жалпы, осы жігіттердің өнімді еңбегінің арқасында серіктестіктің құт қамбасына бидай, арпа, зығыр дақылдарынан мол өнім құйылып, мал азығының жеткілікті қоры дайындалатынына шүбә келтіре алмайсыз.

Жаңа ферма салынып, мал басы көбеюде

Сағадаттың інісі Есбол Қабикенов «Капитал 2018» ЖШС басқарады екен. Мұнда еттік және сүттік бағыттағы ірі қара өсіріледі. Қазір төлдерін қосқанда бағалы түлік 300 басқа жетіп қалыпты.
Ауыл жастары өздерінің ілкімді қимылын мемлекеттік бағдарламалар шарапатымен байланыстырады. Мәселен, 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 15 миллион теңге несие алынса, бұл толық өтелуге жақын қалыпты. Өз ісіне сенімді ұжым 2018 жылы «Ырыс» бағдарламасымен 84 миллион 600 мың теңге несиені иеленіп, жоба аясында мал санын бірден 121 басқа көбейткен. Ал, биыл капиталдықтар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 40 миллион теңге кредит рәсімдеп, 100 бас жылқы сатып алыпты. Мұның тиімділігі мынада, несиенің 10 жылдық үстемесі 16 пайызды құраса, 10 пайызын Үкімет, 6 пайызын ғана жергілікті шаруалар төлейді. Осының нәтижесінде ауқымды жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр.
Әйткенмен, Сағадат Қабикеновтің жігіттері Үкіметке толықтай қол созып отыр дей алмаймыз. Әлденіп, аяққа тұрған олар қазіргі күні өз қаражаттарынан 60 миллион теңге бөліп, заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысын аяқтауға жақын. Мұнда 136 сиыр сауылуда. Көкшетау сүт зауытына күніне 800-1000 килограм өнім жөнелтіледі екен.
Сауыншылар Тапай Шәуешек, Алтынгүл Наресте, Аңсаған Жанбота мал өріске шыққалы өнімділік те өсіп келе жатқанын айтады. Өндіріс басшысы жайлау төріндегі бақташылар Асхат Күнісбаев пен Дастан Мұрадовтың кәсіби шеберлігіне де ризашылығын білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.

Суретте: «Қайрат» шаруа қожалығының құрылтайшысы Сағадат Қабикенов. Механизаторлар Дәулет Жүкенов, Николай Перепичко, Азамат Қабдуәлиев, Менат Екібасов және «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі Бегайдар Айтжанов.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар