Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қолданбалы зерттеулер және инновациялық бағдарламалар институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан және Ресей Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының академигі Әбілжан Құсайынов:
«Органикалық тыңайтқышқа негізделген үдемелі егіншілік»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» деген пайымды пікір айтты. Бұл агроөндіріс секторын дамытудағы шұғыл бетбұрыс қадамын да айқындайды. Біз осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қолданбалы зерттеулер және инновациялық бағдарламалар институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан және Ресей АШҒА академигі Әбілжан Құсайыновты әңгімеге шақырып, бұл бағытта қандай нақты істер атқарылуы қажеттігі туралы айтып беруін өтінгенбіз.
–«Жасыл экономика» агросектор құрылымын табиғи таза бағытқа бұрумен қатар, өндірілген өнімнің түсімділігін арттыруды көздейді. Осыған байланысты 2030 жылға дейінгі Тұғырнамалық бағдарлама да қабылданған болатын. Әйткенмен, елеулі алға жылжушылық байқалмай тұрғандай…
–Бұл өте маңызды құжат. Негізгі мақсат – жерді органикалық тыңайтқыштармен өңдеуге көшу арқылы 2030 жылға қарай, республика бойынша дәнді дақылдардың әр гектарынан 25 центнерден өнім жинау. Бұған мынадай жағдайлар түрткі болды. Соңғы 50 жылда (1956-2015 жылдар) гектар түсімділігі өспей, орта есеппен 10-11 центнер деңгейінде қалуда. Ал, 25 центнерге жету үшін алдағы 10 жыл ішінде гектар қайтарымы 2,3-2,5 есе өсуін қамтамасыз ету керек. Міне, осының өзі алқапты құнарландыру ісінде батыл өзгеріс шараларын талап етеді.
–Осыдан өз-өзінен сұрақтар туындайды. Егіншілік тиімділігін арттыру және органикалық жер өңдеуге кезең-кезеңімен көшу үшін қандай қам жасау керек? Алқаптардың өнімділігі төмендігінің себебі неде?
–Біріншіден, тұқым шаруашылығы мен селекциялық жұмыстың деңгейі төмен. Астықты алқаптың басым бөлігіне импорттық тұқымдар себілуде. Бұл дақылдар біздің табиғи-климаттық жағдайымызға жерсіне қоюы қиын. Ендігі жерде заманауи талаптарға сай келетін және ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын дайындайтын ұлттық селекциялық орталық құру қажеттігі туындауда. Қазіргі кезде шаруашылықтардың дені стандарттық кондицияға жауап бере қоймайтын, жаппай репродукциядағы тұқымдарды сеуіп жүр. Тәжірибе сұрып жаңарту мен тұқым алмастыруға мүмкіндік беретін жетілдірілген тұқым шаруашылығы жүйесін алға тартуда.
Екінші себеп, егіншіліктің басты заңы – «қайтарым» заңының орындалмауында деп білеміз. Яғни, жерді пайдаланудан алынған элементтер топырақ құнарын қалыптастырушы тыңайтқыштар ретінде қайтарылып отырылуы тиіс. Өкінішке қарай, біздің алқаптарымыз тыңайтқыштармен нашар байытылады. Деректерге сүйенсек, республикамызда орта есеппен бір гектарға 6-8 килограмнан ғана енгізіледі. Салыстыру үшін айтсақ, бұл Ресейде – 45 кг/га, ал, Америка Құрама Штаттарында 135 килограмға жетеді.
–Былайша қарағанда, алқаптар минералдық тыңайтқыштардан кенде емес сияқты. Үкімет бұл тыңайтқыштарды субсидиялап та жатыр. Ал, сіздің деректеріңіз басқаша көрінді…
– Басқаша ештеңесі жоқ. Мәселе тиімділікте және қолдана білуде болып тұр. Қолда бар минералдық тыңайтқыштарды мақсатты пайдаланып, тиісті қайтарым алу үшін агрохимиялық картограмма талаптарына сай тыңайтқыштың ғылыми негізделген өлшемі (дозасы) мен түрлерін қолдану қажет. Бірақ, бұл іс барлық шаруашылықтарда тиісті жүйеленбегендіктен, фермер тыңайтқышты жобалап, өзінің түйсігі мен мүмкіндігіне қарай себеді. Сондықтан, барлық егістік алқаптың құнар құрамына байланысты агрохимиялық зерттеу жүргізілген картограмма негізінде, тиісті тыңайтқыш мөлшеріне есеп дайындалуы керек. Демек, картограммасы бар агроқұрылымдар, сұраныстағы есеп бойынша, органоминералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етілуі қажет. Қазіргі кезде минералдық тыңайтқыштар алу үшін оның құнының 40 пайызы субсидиялануда. Аталған тыңайтқыштардың шығыны бюджет қаражаты есебінен толық өтелсе, тіпті тамаша болар еді.
–Біз сұхбат тақырыбын «Органикалық тыңайтқышқа негізделген үдемелі егіншілік» деп қойдық. Сонда, тыңайтқыштың бұл түріне неліктен басымдық беріліп тұр?
–Үдемелі егіншілік процесі нақтылыққа негізделуі тиіс. Бұл еңбек өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігін молайту, тұқым, жанар-жағар май, тыңайтқыштар мен зиянкестерден қорғау материалдарын үнемдеудегі үлкен қадам болмақ. Ең бастысы, аталған тәсіл органикалық егіншілікті кеңінен қолдануға септігін тигізеді. Егіншіліктің қазіргі жағдайы осы жолға алып келетініне сенімдімін. Ғылыми тәжірибе осыны айтады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдары ғылыми-зерттеу қызметін қаржыландыру гранты бойынша біз «Қара топырақтағы ауыл шаруашылығы дақылдарын күл-шлак және техникалық углеродтармен тыңайтудың экологиялық-агрохимиялық бағалау нәтижелері» жобасын жүзеге асырудамыз. Мұның қорытындысы жергілікті арзан, қол жетімді өндірістік қалдықтардың топырақ құнарын арттырудағы тиімділігі жоғары екендігін көрсетті. Бұл орайда, күл-шлак пен техникалық углеродтардан өндірілген күл-шлак, фосфогипс және «Агробион» препаратын жаздық бидай, арпа, майлы зығыр және картоп егістігінде қолдандық. Осының нәтижесінде қалыпты қара топырақтың су-физикалық, химиялық, биологиялық қасиеті мен аталған дақылдардың өнімділігі анағұрлым жақсарғаны айқындалды.
Жалпы, кәдімгі көң – тыңайтқыш атаулының ішіндегі ең құндысы, экологиялық таза әрі қолжетімді, яғни, көп шығын келтірмейді. Ірі тауарлы мал шаруашылықтары жедел дамып отырған қазіргі кезде елімізде органикалық тыңайтқыш жеткілікті дәрежеде қорланған. Ал, құс фабрикаларынан шығарылатын қалдықтар экологиялық қауіп ошағына айналуда. Бұл аммиак газын шығару арқылы жер қыртысын, су қайнарларын, атмосфералық ауаны ластайды. Сондықтан, мал қиы мен құс фабрикаларының қалдықтарын арнайы көмбе жасап, пісіру екі жақты пайдасын келтіретінін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Бірақ, органикалық тыңайтқыштардың пайдасын біле тұра, оның субсидияланбайтыны елеулі қолбөгесін болып тұр. Шаруашылық құрылымдары тарапынан оны қолдануға қызығушылық бәсең. Мәселенің түпкі төркіні жерді тоздырмау және құнарын молайтуда (қалпына келтіру десек те болады) екенін түсінетін уақыт жетті.
–Қалай десек те, қазіргі күні минералдық тыңайтқыштардан бас тартуға болмас. Сіз жаппай химияландыру барысында органикалық бетбұрыстың неліктен қажеттігін түсіндіріп өтсеңіз.
–Егістікті қорғаудың химиялық препараттарына қаратып айтсақ, қалыптасқан егіншілік мәдениеті жағдайында, біз бұдан бірден бас тарта алмайтынымыз белгілі. Бірақ, диқандарымыздың соңғы жылдары химияландыруға жаппай ден қойып бара жатқандығы дұрыс емес. Мәселен, саланы жаппай нөлдік технология үрдісіне көшіру барысында тұқымды фунгицидтермен өңдеу, тұқым себу алдындағы топырақ құнарын арттыру, арамшөптермен күрес пен дәннің өсіп-жетілуін тездету үшін гербицидтер, зиянкестерден аластау мақсатында инсектицидтер, тіпті, пар өңдеуде де жаппай гербицидтер қолданылады. Мұндай орасан пестицидтік салмақты жомарт жеріміз көтере алмайды.
Осыдан келіп жер қыртысындағы ауыр металдардың, радионуклидтердің және пестицидтердің құрамын анықтауға бағытталған түбегейлі экологиялық мониторинг жүргізудің қажеттігі туындайды.
Біз технологиялық операциялар жүргізудегі стратегия мен тактиканы қайта қараудың әлі де кеш еместігін еске саламыз. Өйткені, қалай десек те, диқандарымыз химияны дамыған елдермен салыстырғанда 50 жылдай кеш бастады ғой. Сондықтан, ауыл шаруашылығы жерлерінің кемінде 90 пайызы, белгілікті дәрежеде залалсыз деуге болады. Осыған байланысты біздің экологиялық қауіпсіз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінуге толық мүмкіндігіміз бар. Бұған объективті алғышарттар жеткілікті.
–Әңгімеңіздің астарында экономикалық ғылымның экологиялық ілімге тәуелді екендігі жатқанын аңғарғандаймыз. Тақырып аясындағы пайымыңыздың сөлін жоғары өнімділік, яғни, үдемелі егіншілік мәселесіне бұрсаңыз.
–Егістіктің төмен өнімділігі ауыспалы егіс технологиясының сақталмауында жатыр. Өзін ақтаған тәсілдің жаңа талаптар тұрғысында дамуы қажет. Оның үстіне, шығынсыз процестің ешқандай қиыншылығы жоқ, ден қойса кез-келген фермердің қолынан келеді.
Тағы бір маңызды мәселе химияға негізделген пардан бас тартқан жөн. Әрине, парды механикалық әдіспен өңдегенде жел және су эрозиясының қауіптілігі байқалуы мүмкін. Мұны болдырмау үшін бұрын ықтырма парлар қолданылды. Ал, бүгінгі шаруа қожалықтары бұл әдісті экономикалық жағынан тиімсіз санайды. Бірақ, химиялық парға балама болуы тиіс. Мысалы, 100 метр сайынғы жолақты егіншілік өзін әбден ақтайды. Біз дәнді жүгеріні пар жолақтарымен жапсарлас өсіру тәжірибесін жүргізіп көрдік. Осы арқылы парға қалдырылған жылы дақылдан тәуір өнім алып, шығынның қайтарымын қамтамасыз етуге, эрозияның алдын алып, қысқы маусымда қардың 90 пайызы сақталатынына, ылғалдың тиімді пайдаланылатынына көз жеткіздік. Мұнда органикалық тыңайтқыштың химиялық жолмен өңдеуге қарағанда артықшылықтары мол екендігі анық.
–Таратып айтқан әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.