Манарбек Қыдырбайұлы 1991 жылы қыркүйектің 26-сы Моңғолияның Баян — Өлгей аймағындағы киелі ұйық Көксерке тауының бөктерінде дүниеге келген. 2009 -2013 жылдары Ақансері атындағы Көкшетау мəдениет колледжінде «Драма театр артисі» мамандығы бойынша білім алған. 2014-2018 жылдары Қазақ Ұлттық Өнер университетінде «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша білімін шыңдап, үздік дипломмен тəмамдаған. Өлеңдері мен əңгімелері ұжымдық жинақтар мен республика газет журналдарда жарияланған. 2018 жылы түсірілген «Біржан сал елі» деректі фильмі мен «Менің құрбым Мира», «Құштарлық» атты қысқа метражды фильмдердің сценарийін жазған. «Сал-Серілер» атты инсценировкасы Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахналанған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. «Жастар жалыны-2015» республикалық байқауының 1 орын иегері. Қазіргі таңда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Табиғи болмыс
Қуат алып арқар иіс ақ таңнан,
Тауда туып, таста түлеп шаттанғам.
Асаулығым түз жылқысы тарпаңдай,
Ал көңілім таза кірсіз ақ қардан.
Тұла бойым түзу өскен ұшқаттан,
Болмысымды туған жерге ұқсатқам.
Киіз үйде өсіп-өндім, ержеттім,
Саратанмен көшіп жүріп қыстақтан.
Жүрегіммен құштар болдым өлеңге,
Кеудемдегі жалын сірә сөнер ме?
Парыздармын тәңіріме жаратқан,
Қарыздармын мені туған өр елге.
Қарагерім, қара өлеңім серігім,
Қыздыратын той-думанның көрігін.
Қиялым бар көкті кезген қырандай,
Қос жанарым қарашығы бөрінің.
Құмға біткен сексеуілдей төзімім,
Жазда жауған сүмбіледей сезімім.
Армандарым Хантәңірдей тым асқақ,
Тірі жанға көрсетпеген көзірім.
Сыңсып кетсе сыбызғыдай ізгі үнім,
Айықтырар Ай дидарлы қыз мұңын.
Бұғалыққа бағынбайтын басым бар,
Өз қолымда шылбырым мен тізгінім.
Сағынышым сарғалдағы Арқаның,
Сабыр-күшім қорғап жүрер қалқаным.
…Алтай жаққа қарап мен де ұлимын,
Еске түссе бала күнгі салт-әнім.
…Ау-уууу, ау-уууу!
Құлағымда Көкбұлақтың сырлы үні,
Құшағымда жұпар иіс қыр гүлі.
Қабағымда атқан таңның арайы,
Жанарымда жайма шуақ күн нұры.
Кірпігімде қауырсыны қыранның,
Тіл ұшында фатиқасы құранның.
Ту сыртымда туған айдың сұлбасы,
Шаштарымда қара орманы Тұранның.
Ерінімде қызылқаттың тосабы,
Өр кеудемде қызыл оттың ошағы.
Ақ тісімде ақ күріші даланың,
Қиялымда көктің кемпірқосағы.
Мойынымда өтелмеген парызым,
Алақанда жазылмаған арызым.
Иығымда батпан ойдың салмағы,
Мұрынымда қара шыбын, жан-ызың.
Ауызымда аңыз дала жыр-әні,
Ми ішінде азат елдің ұраны.
Өн бойымда табиғаттың тамыры,
Табанымда топырақтың құнары.
Сезімімде өткен күннің наласы,
Жүрегімде махаббаттың жарасы.
(Өмір өтер көзді ашып жұмғанша,
Өткен өмір қас пен көздің арасы).
Таңдайымда шырқалмаған саз-ұлы,
Маңдайымда тағдырымның жазуы.
Мүсінім бар төрт мезгілге ұласар,
Батпас маған ақ ажалдың азуы.
Асқазанда өлмес күннің шұрылы,
Жылы демде тіршіліктің дірілі.
(Түйсігімді түрткілейді-ау дамылсыз,
Көктен жеткен үнсіздіктің бір үні).
Табиғаттан жаратылған мүсінмін,
Иесімін кеудемдегі құсымның.
Саусағымнан сорғалатып тағыда,
Кеңістікке қаршыға жыр ұшырдым.
P.S. Адам емес Ақын екем түсіндім!
Жыр күрең
Жанарымнан ұшқындап жан шуағым,
Ақ қағазға өлең боп тамшыладым.
Арманыма қол созып тағат таппай,
Жылқы жырды күн-түні қамшыладым.
Тақымдадым таң сайын жыр күреңін,
Мінсіз мүсін жорғадай, тұрқы керім.
Буырқанған теңіздей аласұрған,
Сұлу сөзді көмейде іркімедім.
Құлын күндер шапқылап барады алыс,
Жүрегімде бүрлетіп дара намыс.
Өлең деген арғымақ кермедегі,
Өмір деген бітпейтін қара жарыс.
Сол жарыстың келемін ортасында,
Шап күреңім, шалдықпа, қорқасың ба.
Үнсіз ғана ағайын батаңды бер,
Керек емес, айғайың, қолпашың да.
Киесіндей қастерлі қарт даланың,
Кісінесе күреңім шаттанамын.
Шаң қаптырып бір күні жабыларға,
Озып келер бәйгеден баптағаным!
Дүйім жұртым сол кезде таңданады,
Қанат қағып көңілдің арман әні.
Жыр күреңнің кекілін шапақ сүйіп,
Атар әлі мен күткен таңдар әлі.
Күтіңдер!
Ұмыттым
Кәрі қыздай, кәрі шалға ұзатқан,
Ағыл-тегіл жылап жатыр мұз-ақпан.
Қыз көктемнің бір елесі жүргендей,
Әудем жерде, жүз аттам.
Ең ақырғы көз жасындай ақпанның,
Бұла жаңбыр, тәнін езді-ау ақ қардың.
Жыл құсымен құлағыма жетердей,
Қайырмасы тәтті әннің.
Таяқ жеген ақ тайлақтай, қамшыдан,
Ақ қыс отыр, сауға сұрап тамшыдан.
Елеңдеймін бір сүйінші болардай,
Көктем атты жаршыдан.
Ақпан соңы. Қара жаңбыр. Көк тайғақ.
Апкетердей салқын қысты отқа айдап.
Көкшетауға көктем жетіп келсе ғой,
Қауызына шоқ байлап.
Жанарымды ызғар қарып тайғызғам,
Көктегі айдың бетіндегі айғыздан.
Бұл мезгілдің бұлқан-талқан мінезін,
Көріп едім қай қыздан?
P.S. …ұмыттым!
Өтінем
Сағынышты жүрегімде бүрлеттім,
Жалынышты әлі күнге білмеппін.
Жақсыларға жақын жүріп, тек сырттай,
Алыс кеттім арасынан дүрмектің.
Көкірекке көшіріпап күз демін,
Өзіме тән өрнегімді іздедім.
Ажарына ессіз ынтық болсамда.
Жұпар текті ақ гүлдерді үзбедім.
Көңіл ауып Көксеркедей өр елге,
Аңсарымды сарқып жүрмін өлеңге.
Қоңыр құлжа жырларымды қосақтап,
Қозы жырды байлай салдым көгенге.
Сыбызғыдай әуелетіп үн қатқан.
Жаңылмадым жадымдағы ырғақтан,
Жалғыз өзім жортып барам жол салып,
Із мөрлеген көкбөрідей қырбақтан.
Кещелердің құлаққа ілмей әмірін,
Шынар жырдың кеңге жайдым тамырын.
Адамдардың жанарынан ойнаған,
Жай отынан сақта мені Тәңірім!
P.S. Өтінем!
Көңілді кеш. Дастархан. Би алаңы.
Оқшауландым қырандай қиядағы.
Қарлығаш қыз қасыма ұшып келді,
Ақ үрпек балапандай ұядағы.
Ажарынан ақ мамық үміт күліп,
Мойыл қара көзінен сыр ұқтырып.
– Билейік! – деп сызылды, қолын созып,
Мөлдір мұңды мөлт еткен ұмыттырып.
Ере кеттім селт етіп сасқанымнан,
Көне кеттім құлдилап аспанымнан.
Өн бойымды өртеді жалынға орап,
Шуақ бөліп сұлуым жас жанынан.
Құшағымда үр бейне ырғалады,
Ақ күмісі сыңғырлап сырғадағы.
Бір арнада тоғыстық билеп жүріп,
Қосылған қос бұлақтай жылғадағы.
Ұғындым ба сол бір сәт ғұмыр мәнін,
Татқым келді ернінің шырын дәмін.
Әтіріне елітіп жұпар иіс,
Әңгіме қып әр-нені сыбырладым.
Ішкі сыры арудың Хаққа мәлім,
Ақ пейілін мен оның таптамадым.
Баяулатқан сылқым ән бітпей тұрып,
Өпкім келді самал боп ақ тамағын.
Бітіп тынды амал не тәтті вальс,
Кетпесін деп тілеп ем шаттық алыс.
Жыл құсымен жарысып қанат қағып.
Жыр боп кейін оралды аққұба қыз.
О, ғаламат, не деген көркем еді,
Көз алдымда еліктей еркеледі.
Жұмақ гүлі секілді жаз жамалы,
Ғаламда жоқ теңдессіз зер төгеді.
Сол бір әуен соншалық келте ме еді?
Сағындым
(Көшпелі өмірді серік етіп қара мекенде қалған ШОНАЙ ағама арнадым).
Көк шалғын Көксерке бөктерін,
Кезқұйрық, кекілілік, кептерін.
Бастаудың басында бусанып,
Жусан боп бүрлеген көктемім.
Сағындым!
Күн күлген көк күмбез – аспанын,
Сыр бүккен бәдізді – тастарын.
Түйетас түбінде қап қойған,
Кіршіксіз, жайдарлы – жас шағым!
Сағындым!
Көшпелі дәстүрдің жұрнағын,
Өрнекті текемет, сырмағын.
Қурайға қосылып шырқаған.
Таудағы байғұздың – сырлы әнін.
Сағындым!
Қайшы өркеш саратан – күйісін,
Бейкүнә жас төлдің – иісін.
Үкілі түскиіз ілініп,
Кереге керілген – үй ішін.
Сағындым!
Абыздың ат байлар кермесін,
Ауылдың алты ауыз термесін.
Атамның бес өрім қамшысын,
Арқанын, шылбырын, өрмесін.
Сағындым!
Апамның шуақты ақ жүзін,
Дем салған шипалы жалбызын.
Мейірім аңқыған сөздерін,
Бақытқа бастаған нәрлі ізін.
Сағындым!
Әкемнің паңбарқыт шапанын,
Отарға қос артқан атанын.
Кенже ағам асырап малданған,
Ақ азу бөлтірік, апанын.
Сағындым!
Тәтемнің бізі мен кестесін,
Құрт қосқан көжесін, кеспесін.
Әсерлі әткеншек әлдиін,
Көкейге түйіп ап есте шын.
Сағындым!
Ағамның, құрығын, шалмасын,
Жеңгемнің тәп-тәтті жармасын.
Қатпайтын Қара су балығын,
Жөңкілген Үлкен су арнасын.
Сағындым!
Жараған бураны жоталы,
Тостақ көз іңгенді боталы.
Сыбаға сақталған сандықты,
Бедері оюлы, оқалы.
Сағындым!
Нәрі көп теңдессіз тұз-дәмін,
Зәрі жоқ шымшыған ызғарын,
Ақ арын сақтаған құлыптап
Жанарын сатпаған қыздарын,
Сағындым!
Сарлықтың сап-сары қаймағын,
Ақ сүтін, іркітін, айранын.
Құздағы қыранның тұғырын,
Бөрінің айласын, айбарын!
Сағындым!
Ақ қарын, теріскей шоқының,
Тор аттың жүгенін, тоқымын.
Күңгейдің томарын, жиренін,
Тезегін, шілігін, отынын.
Сағындым!
Алқызыл шапақты – таң нұрын,
Мөп-мөлдір шық тұнған тал бүрін,
Көк майса көктемнің алғашқы,
Жып-жылы мүбәрак – жаңбырын.
Сағындым!
Кіршіксіз кірпияз – түз гүлін,
Бұраң бел бұлақты – қыз бұрым.
Зау көктен сәлемін жолдаған,
Сарала қаздардың ізгі үнін.
Сағындым!
Жосаға боялған асығым,
Жасаңым, жайсаңым, жасылым.
О, менің оралмас көктемім,
О, менің көшпелі ғасырым.
Сағындым!
Қышқылтым қой арша түтінін,
Айбарлы төбеттің бітімін.
Аң-құсын, шыбынын-шіркейін,
Мейман-дос ағайын, бүкілін!
Сағындым! Сағындым! Сағындым!
Манарбек ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері