Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайдың «жүрек айнасы» - АРҚА АЖАРЫ

Абайдың «жүрек айнасы»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи мақаласы еліміздің мәдени-тарихи өміріндегі үлкен бір елеулі оқиғаның бастамасы болғандай әсердеміз. Өйткені, жер-жерлерде Абай мұрасын тану, оны қайта зерделеу деген ауқымды іс-шаралар атқарыла бастады. Президенттің осы мақаласы қоғамның идеологиялық арқауында жаңа бір серпіліс туғызып, ұлттың рухани дүниесінде жаңа бір кезеңнің басталғанынан хабар беретіндей жылы леп әкелгенін жасыруға болмайды. Абай хакімнің телегей-теңіз ақыл-ой кенішінен осы қазақтың үйренгені бар әрине, алайда, қазіргі заманға сай қайталап түлетіп, жас буынның өмірлік ұстанымына айналдыру – басты мақсат болмақ.

Осы мақалада, «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан да, Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Мақаланың басты ұстанымы сол ұлтты Абайша сүюге үндеуі.
Ұлы Абай жайында сөз айту, ой толғау әр қазаққа оңай секілді сезілгенімен, тапбермеде тантырақтап, қиналып қалатыныңыз өтірік емес. Абайды білмейтін қазақ жоқ. Ары-бергі уақыттың мінберінен Абай жайында сөз қозғап, ой тербемеген қазақ зиялысы аз. Шамалағанда бір ғасырдан асты. Оның басында Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» деген әйгілі мақаласы тұр.
Ахаң Абай шығармашылығы туралы «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамша шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Сондықтан, Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ, ол ауырлық Абай айта алмағаннан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыдан емес, оқушыдан. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін жазады» деп мағыналы терең ой түйеді.
Бізге, осы қазаққа «қиянатшыл дүниеден қырық жамау болған» Абайдың «жүрегінен» жақын ештеңе жоқ. Абайдың жүрегі айнадай таза, пәк, сәуелі жүрек. Ол айнымасқа бекіген жүрек. Жалпы, Абайдың өлеңдері мен «қара сөзінде» мол көрініс тапқан «жүрек» концептісі ақынның дүниетанымдық пайымынан, толық түсінігінен, адам болмысы туралы философиялық ой қорытпаларынан бастау алып, одан әрі әдеби-көркем бейнелеулермен, тілдік ажарлаумен кестеленіп, тұтасқан эстетикалық-моральдық түзілісті құрап кетеді.
Дүние жаратылысты танып білудегі соны ізденістер, философиялық көзқарастар, ғылыми-теологиялық ұстанымдар мен ұмтылыстар негізінен екі түрлі өлшемге иек артады. Бірі – ақыл мен сананы жоғары қойса, екіншілері – «жүрек» категориясын, яғни, махаббат, сүйіспеншілік һәм ізгілік (гуманизм) мұраттарды алға шығарады. Абай – дүние болмыстың ақиқатын «Махаббатпен» түсінушілер қатарында. Абай философиясының үш тағаны – имани үш сүю. Ол – махаббатпен жаратқан Алланы сүю, екіншісі – адамзатты сүю, үшіншісі – әділетті сүю. Философ Ғ.Есім осы үш сүюді талдай келе, алғашқысын – парыз философиясы, екіншісін бауырмалдық философиясы және әділеттік философиясы деп жіктейді де, Абай айтқан жомарттықтың (жәуенмәрттілік) үш қазығы – әділеттілік, шапағаттылық және даналық дейді. Әділеттілік – адамның жараты-
луында болса, шапағаттылық – адамның ақ пейілділігінің өлшемі, ал, даналық – ақылдылықтың жемісі болмақ.
Абай адамның негізгі үш қасиетіне ыстық қайратты, жылы жүректі, нұрлы ақылды жатқызады. Осы үшеуінде жаратушының адамға берген ерекше мәнді сый-сияпаты тұрғандай. Бірақ, «ауруды жаратқан құдай, ауыртқан ол емес» дегендей, ыстық қайраттың, жылы жүректің, нұрлы ақылдың иесі болмақ адамның өзіне қатысты болмақ. Адам өз болмысына өзі үңіліп, жақсылық пен жамандықты екшеп, қасиетсіздіктен өз бойын, жүрек анасын таза ұстауы шарт екен. Манағы үш қасиетке қарама-қайшы келетін, қайратсыздық (сөнген қайрат), салқын жүрек, суық ақыл орын тепсе, дүниенің оңбайтыны сол. Сөнген қайраттан – намыссыздық, жігерсіздік, ынжықтық туындаса, салқын жүректен – пиғылсыздық, немқұрайлылық, ынсапсыздық, ұятсыздық, сүйе білмеушілік, мұратсыздық, жаны ашымастық, мейірімсіздік, қайырымсыздық балалап, суық ақылдан – зұлымдық, қатыгезділік, өшпенділік, кекшілдік, айлакерлік, сұмпайылық, сұм сұрқиялық бас көтереді. Адамзатты махаббатпен жаратқан Алла пендесіне ерік те берген екен. Адам әлгі еркін дұрыс пайдалана алмаса, өзінің де өзгенің де өміріне балта шаппақ.
Адам болмысындағы өзара үйлесімділікті реттеуші, Абайша айтқанда, жүрек. Он жетінші қара сөзінде әлгіндегі «ыстық қайратты», «жылы жүректі», «нұрлы ақылды» өзара айтыстыра келіп, төреші ғылымға мынандай уәж айтқызады: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Осы үшеудің басын қос, бәрін жүрекке билет… Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда қалпында сақталады…»
Абайдың, «Ет жүрексіз еріннің айтпа сөзін», «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі хаққа қол емес» дегеннің мәнісінде «жүрегіңнен шықпаған сөзді айтпа, Жаратушы Алланы, оның хикметін, мұғжизасыз жүрекпен сезін» деген байлаулы ой, байыпты ұстаным жатыр. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса жүрек ұмыт қалады… Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» дейді тағы да хакім Абай.
Ұлы ақын Абай өлең тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, сезім нәзіктігін, ой өткірлігін, мінез құбылмалылығын көрсететін бейнелі сөздердің неше түрін осы «жүрек» деген әрі заттық, әрі абстракциялық ұғымдармен астастырып береді. Мысалы, жүрегім менің қырық жамау, жүректің жігі, жүректің көзі, жүректің оты, жүректің ақыл суаты, жүректе қайрат болмаса, ауру жүрек соғады, жүрек – теңіз, жүрекке жылы тию, ыстық жүрек, сорлы жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек, мұз жүрек, асыл жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шошынған жүрек, ит жүрек, сұм өрбіген жүрек, үрпиген жүрек, сөніп қалған жүрек, махаббат пен ғадауат майдандасқан жүрек.
Жүрек сөзіне бағыныштылық Алланы, оның хикметін сүю – суфизм іліміне өте тән. Ислам дін іліміндегі мағрипат, тариқаттың ұзақ жолы жанкештілікті, жаннан кешушілікті, дағуа тақуалықты талап етеді. Қожа Ахмет Яссауидің 64-хикметінде былай дейді: «Тариқат – дүр танып білсе бәрі де, Мағрипат дүр қанса білім нәріне, хақиқаттың жетпек сонда мәніне». «Жаратқанды ынты-шынты жаныңмен сүй, адал жас боп сорғалар қаныңмен сүй» – дегенді де осы Қожа Ахмет рәсила етеді (65 хикмет).
Абай «ауру жүрек соғады ақырын жәй», «жүрегім ойбай соқпа енді», «қайран жүрегім мұз болмай ма» деп толғанса, Қожа Ахмет «көзім – жас, көңілім – қайғы, жаным – жалын», «жарақат жүрегімді сорлатпай ма?!» деп аһ ұрады. Ал, Қожа Хафиз «Қайран жүрек дауа таппай дал болар да қамығар», «Менің бүтін жан жүрегім – сенің ғажап жанарыңда, сенің ғажап жанарыңның тұрмын түгел қамауында», «Дос ақыл – айна бейне кесесі ғой Жәмшидтің», «О жүректің әміршісі, қызыл шарап бойды алды», «Жылуыңнан жүрегімнің оты қайта жанады», «Бір өзің деп үлпілдейді кеудемдегі бұл жүрек» – деп өзінің ғажайып ғазалдарында жүрекке жүгінеді.
«Абайдың ойынша адамзат баласы ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да Адам өмір сүруге, еңбек етуге, және адамдыққа ұмтылуы қажет» дейді жазушы Роллан Сейсенбаев.
Сүю – жүректің ісі. Ұлтты сүю үшін кіршіксіз жүрек аздық етеді, оған кемел ақыл да керек.
Нұрбек НҰРАЛЫ,
әдебиет және өнер музейінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар