«Телефон беремін, тамағыңды ішші…»
Алты жасар Ахат көзін жыпылық-жыпылық еткізеді. Әдейі емес, көзі әлсін-әлсін тала бергесін осылай жасайтыны көрініп тұр. Сонда да бала көзінің майы таусылғанша телефонда отыр.
Бір кезде ас бөлмеден: «Ахат, мында кел, көзіңе дәрі құяйын», – деген дауыс естілді. Бір ай бұрын анасы оны көз дәрігеріне апарғанда дәрігер баласының көз көруі тым нашарлап кеткенін айтып, көзіне дәрі жазып, оған қоса теледидар, телефон көрмеуін қатаң ескерткен болатын. Оны тыңдайтын Ахат жоқ. Бір нәрседен құр қалып бара жатқандай дәрісін шала тамыздырды да, қайтадан телефонға отырды. Ата-анасы да балаларына «телефонды көп көрсең, жанарыңнан айырыласың» деп ақылын айтудың орнына, керісінше бесікте жатқан кезінен телефонға тәуелді етіп қойғанын қайтерсіз?!
Ахатты тамақ ішкізу үшін де, ұйықтату үшін де «телефон берем» деген сөзді айту бұл үйде әдетке айналып кеткен. «Баланы бұлай жаман үйреткендерің қалай?» дейін десең, «онсыз Ахат көнбейді» деп әлгілер өзіңе бассалады. Үлкенге де, кішіге де қолына телефонмен кісен салып, санасын құлыптап тастаған заман-ай! Үлкендердің өзі телефонға тәуелді болғасын, мұны көріп өскен балалардан не сұрауға болады?
Сол күні құрбымның үйіне барғанымда осы жәйтті көріп, жүрегім ауырды. Жанарын құртша жеген, онымен қоса, мінезін де ашушаң етіп, роботқа айналдырған телефонның зиянын бала білмейтін шығар, алайда соны түсіндіру, балаға ненің жаман, ненің жақсы екенін ұғындыру ата-ананың міндеті емес пе?!
Өкінішке орай, қазіргі ата-аналар балаларын өбектейміз деп, шектен шыққан секілді. Ата-анасы әр еркелігіне мойынұсынып, қымбат телефонға дейін сатып әперсе, баласы «жоқ» деген сөзді қайдан түсінсін! Жасыратыны жоқ, өзіміз ұялы телефонды жоғары оқу орнына түскенде бір-ақ алғанбыз. Оның өзі интернет қосылмайтын, тек байланысқа ғана жарайтын телефон болатын. Ал, қазіргі заманда бірінші сынып оқушыларының өзі смартфон ұстап жүретіні заңдылыққа айналды. Бәлкім, XXI ғасыр техниканың дәуірі болғасын, бұл шынымен заңды құбылыс па деп қаласың кейде.
–Бала кезімізде теледидардан басқаны білмеуші едік. Ауылда тек мектепте ғана сыммен істейтін телефон болатын. Компьютер болса да, оны көрген емеспіз. Ал, біздің әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміздің балалық шақтарында мұндай техника түрлері атымен болмаған. Қазіргі кезбен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Санамыз сондай бос нәрселерге еліктемегесін, бар назарымыз оқуда еді. Әке-шешеміздің бізді күштеп сабақ оқытқаны немесе бір жерге жұмсау үшін «ананы берем, мынаны берем» деп көндіргені есімде жоқ. Қайда жұмсаса да, жүгіріп кететінбіз. Бос уақытта айтқызбай-ақ ата-анамызға көмектесіп, үйдің тірлігіне араласатынбыз. Бала кезімізде смартфон болмаса да, ешнәрседен құр қалған жоқпыз. Қайта жастай телефонда отырып, көзімізді құртып алмағанымызға шүкір дейміз. Қазір кез-келгеніміз жұмыс орнымызда күнімен компьютердің алдынан шықпайтынымыз рас. Смартфонымызға қайта-қайта жалтақтайтынымыз тағы бар. Былайша айтқанда, көзге артығымен салмақ түсіп жатқаны анық. Ал, бесіктен белі шықпай жатып, телефонға телмірген бүлдіршіндеріміздің көзі бара-бара не болар екен? – деп, сол күні құрбыма баласына қит етсе телефон бере беруі дұрыс емес екенін түсіндірмек болған едім.
Біз осылай әңгімелесіп отырғанда Ахат телефонын қолында ұстаған күйі ұйықтап қалыпты. Күні бойы телефонда ойнаған ойындары түсіне кірді ме, кім білсін, ұйықтап жатса да, бірдемелерді айтып, ернін жыбырлатып, аяқтарымен тебініп қояды. Телефон баланың көзіне ғана емес, санасына да кері әсер ететінін естен шығармайықшы!..
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.