Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Батылдық - АРҚА АЖАРЫ

Батылдық

Жарайсың, Ұлттық Ұлан офицері!

Жасыратыны жоқ, Ұлттық Ұлан әскери қызметшілері қысылғанға, жәбір көргенге, қиналып көмек сұрағанға уақытылы жәрдем беріп, құтқарып, ер азаматқа тән істерді еселеп келеді. Бұған тағы бір дәлел ретінде Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, капитан Василий Гуньконың таяуда жасаған ерлікке бергісіз іс-әрекетін айтып кетсек, орынды болады деп есептейміз. Бұл оқиға 2020 жылдың 18 сәуір күні сағат 17.00 шамасында орын алған болатын. Елімізде жарияланған төтенше жағдай режиміне байланысты капитан Василий Гунько кезекті жұмыс бабымен қала көшелеріндегі тәртіпті бақылауға шыққан.
– Облыс орталығындағы көшелердегі тәртіпті тексеріп келе жатқан болатынбыз. Сол кезде Ш.Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан № 198 үйдің ауласынан көмекке шақырған адамдардың «құтқарыңдар!» деген жан ұшырған айқайы шықты. Бірден көмекке ұмтылдық. Жалт қарасам, аулада екі тапаншамен қаруланған бір қаскөй қарапайым адамдарға қару кезеп, әлімжеттік көрсетіп тұр екен. Дереу 102 нөміріне хабарласып, мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Содан соң тәуекелге бекіндім де, бұзақының қарапайым тұрғындарға кесірі тиіп кетпесе екен деген ниетпен оның назарын өзіме аударуға тырыстым. Мендегі ой полиция қызметкерлері келгенше жағдайды бақылауда ұстау болатын. Ақыры солай болып, учаскелік полиция инспекторы келген соң бірлесіп бұзақыны полиция басқармасына жеткіздік, – дейді Василийдің өзі.
Осы орайда, өз өмірін қауіп-қатерге тігуден тайынбай, қарапайым халықтың амандығы үшін барын салған жігіт қандай мақтауға болса да лайық.
Василий Гунько 1990 жылы 12 қарашада Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында қарапайым қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Орта мектепті Зеренді ауданының Садовый елді мекенінде тәмамдады. 2008 жылы Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін тәмамдаған.
Қазіргі таңда темірдей тәртіпке әбден үйреніп, қызметін бес саусағындай меңгерген майталман маман Василийдің осы салада жұмыс істеп жүргеніне он жылға жуық уақыт болыпты. Ол еңбек жолын Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде бастаған. 2015 жылдан бері Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде жұмыс істейді. Взвод командирі қызметінен батальон штабының меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген. Ал, қазіргі уақытта осы әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, әскери шені капитан.
Әрбір күні қауіп пен қиыншылыққа толы әскери қызметкердің өмірлік серігі болу кез-келген әйелдің қолынан келе бермейтін қасиет. Сол қағиданы бұзбай, жарының сенімінен шығып, бала тәрбиесі мен үй шаруасына көңіл бөліп отырған жан жары екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Осыдан кейін батыр деген сөзге лайық әскерилеріміз көп болсын, жарайсың, Ұлттық Ұлан офицері дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: капитан Василий Гунько.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар