Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Брифинг - АРҚА АЖАРЫ

Брифинг

Қайғылы жағдайға тап болмайын десеңіз…

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Доспаев суға шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары жөнінде айтып берді.

Қауіпсіздік адам өміріндегі ең маңызды фактордың бірі болып табылады. Осы орайда, аталмыш департамент өз құзыры аясында өңірдің су айдындарында ересектер мен балалар өліміне жол бермеу шараларын қамтамасыз етеді. Ақмола облысының аумағында дем алатын және балық аулайтын 754 су айдыны бар.
– Нұра мен Есіл өзендері ең қауіпті су айдындары болып табылады. Мұнда екі жылдың ішінде 14 адам, оның ішінде 5 бала суға кетті. Өткен жылдың суға шомылу маусымында облыстың су айдындарында барлығы 22 адам, оның ішінде 7 жасөспірім қайтыс болды. Барлық оқиға құтқару бөлімшелері жоқ, күзетілмейтін су айдындарында және жабдықталмаған суға шомылу орындарында тіркелді. Биылғы жылдың 1 маусымында суға шомылу маусымы басталады. Карантин аяқталысымен және жазғы демалыс басталысымен облыс тұрғындары мен меймандары дем алу үшін демалыс аумағына, кемпингтерге, әртүрлі су айдындарына көптеп барады. Осы орайда, суда адам өліміне жол бермеу мақсатында департамент облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірге кешенді алдын алу шараларын жүргізуде. Облыстың су айдындарында құтқару жұмысын жүргізу үшін департаменттің арнайы отрядында 61 кәсіби құтқарушы, 4 құтқару бөлімшесі, Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде сүңгуірлер бөлімдері дайындалды. Олардың техникасы мен жүзу құралдары, су асты жабдықтары пайдалануға дайын. Балалар жыл сайын суда малтуға үйретіледі. Биылғы жылы осыған 165 бала оқытылды. Су көздерінде адам өлімінің алдын алу үшін БАҚ құралдары және өзге де жолдармен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, керек жерлерде «Суда шомылуға болмайды» деген белгілер орнатылуда. Әзірге осындай 160 белгі орнатылды. Зеренді мен Есіл аудандары аумағында суға түсетін коммуналдық орындар ашылды. Бүгінгі күні 55 құтқарушысы бар 28 маусымдық құтқару бекеті құрылды. Облыстың су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс әкімі «Суға шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы» қаулыны бекітті. Сондай-ақ, облыста төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі комиссияның екі отырысы болып өтті. Мұндай отырыстар барлық қала мен аудандарда өткізілді. Дегенмен, соған қарамастан, биылғы жылдың өзінде екі адам суға кетті. Бұдан шығатын қорытынды, өзен-көлдерде адамдардың өздері де барынша сақтық шараларын сақтап, біз де осы мәселелерге мұқият көңіл бөліп, тиянақты жұмыс істеуіміз керек,–деп түйіндеген полковник Қанат Доспаев суда өзін-өзі ұстаудың негізгі ережесін де еске салды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар