Облысымызда қазіргідей төтенше жағдай барысында бірыңғай дистрибьюторлар тарапынан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, Ақмола облысы бойынша «СК-Фармация» серіктестігінің қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Іңкәр Мирьякупованы әңгімеге тартқан едік.
Облыс тұрғындарының қауіпсіз, тиімді, сапалы әрі арзан базалық дәрі-дәрмекке және вакциналарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың уақтылы жеткізілу механизмін жолға қою жұмыстары бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Елімізде 2018 жылдан бастап барлық дәрі-дәрмектерді жеткізу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бір орталыққа шоғырландырылды. Сондықтан, «СК-Фармация» серіктестігі дәрі-дәрмектерді амбулаториялық жолмен сатып алу және жеткізу бойынша бірыңғай дистрибьютор болып белгіленді. Оларды қаржыландыру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүзеге асырылады.
– Бүгінгі таңда Ақмола облысында кепілді көлемдегі тегін медициналық көмектің (ККТМК) аясында 50 мыңнан астам адам көмек алды. Нақтырақ айтсам, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 667 ересек азамат пен 2370 бала тегін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, – дейді Іңкәр Еркінқызы.
Осылайша тегін берілетін дәрілердің белгілі бір тізімі жасалған. Бұл тізім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығымен көрсетілген. Сондай-ақ, сырқаттар тегін дәрі-дәрмектерді тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханада белгіленген бір дәріханадан алуына болады.
–Дәрі-дәрмектің қанша түрі бар және оған қанша қаражат жұмсалды? деген сауалымызға мынадай жауап алдық:
– Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымға жеткізілетін дәрі-дәрмектер көлемін медициналық мекеменің өзінен келіп түскен өтінімдерге сәйкес сатып алады. Дәрі-дәрмектер амбулаториялық емделушілерге және стационарлық деңгейде ем алатын пациенттерге беріледі. Бүгінде Ақмола облысының медициналық мекемелеріне 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатқа сатып алынған 347 түрлі атаулы дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл дәрі-дәрмектер диспансерлік есепте тұрған және тегін рецепт бойынша алатын азаматтарға арналған. Дәл қазіргі уақытта облыстағы науқастарға 970 миллион теңгенің тегін дәрі-дәрмегі таратылды. Тағы бір айтарым, 2020 жылы Ақмола облысының медициналық ұйымдары стационар жағдайында емделетін пациенттер үшін 4,2 миллиард теңгенің дәрі-дәрмектеріне тапсырыс берді. Ал, бүгінгі күні 1,3 миллиард теңгенің дәрі-дәрмектері стационарларға жеткізілді.
Жалпы, науқастарды мазалайтын тағы бір сұрақ, облыстағы медициналық мекемелердегі дәрі тапшылығы мәселесі. Бұл тұрғыда Іңкәр Еркінқызының айтуынша, Қазақстанның әр азаматы кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға құқылы болғандықтан, облысымызда ККТМК және МӘМС жүйесі аясында дәрі-дәрмектердің тапшылығы аса байқалмайды. Өйткені, қазіргі таңда медициналық ұйымдарда жарты миллиард теңгенің дәрі-дәрмек қоры бар. Оған қоса, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында шамамен 30 миллиард теңгенің дәрі-дәрмектері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар да барын айта кету керек. Алайда, алдағы уақытта науқастарды қамтамасыз етуде проблемалар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда олар кез-келген жергілікті телефоннан бірыңғай дестрибьютордың 1439 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы, бүкіл қазақстандық науқастар сияқты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері туралы мәлімет ала алады. Онда байланыс орталығының операторлары кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде диспансерлік тіркеу және амбулаториялық ем алу үшін науқастарға тегін ұсынылатын қажетті дәрілік заттарды жеткізу мерзімдері туралы ақпарат береді.
Жалпы, елімізде жарияланған төтенше жағдай аясында дәрі-дәрмек жеткізу бойынша еліміздің үш миллион тұрғынын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көзделген. 2020 жылға бірыңғай дистрибьютор ретінде компания 1385 түрлі дәрі-дәрмек бойынша 259 миллиард теңгеге келісім-шарт жасаған. Түптеп келгенде, бұл науқастарды емдеуде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынып отырғаны айқын.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.