Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Спорттық жаттығулар қайта жанданды - АРҚА АЖАРЫ

Спорттық жаттығулар қайта жанданды

Ақмола облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы жанындағы «Жоғары спорттық шеберлік мектебі» 2013 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеуде.

Оның негізгі қызметі мен атқаратын міндеттері – өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен тығыз байланыс жасап, жоғары дәрежелі спортшыларды Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының сапына қосу. Осы орайда біздің мекеменің қызметкерлері жыл басында арнайы күнтізбе жасап оны жоғарыда аталған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріне таратады. Ақмола облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебі жұмыс істей бастаған 7 жылда ел құрамасының сапына талай танымал спорт тарландарын қосты. Мектебімізде 10 олимпиадалық, 3 олимпиадалық емес спорт түрлері және ұлттық қазақ қүресі қанатын кеңге жайған. Әрбір жарыс сайын шеберліктерін шыңдап Әлем, Азия чемпионаттары мен өзге де халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салып жүрген жерлестерімізге 37 жоғары дәрежелі жаттықтырушы дәріс береді.
Жоғары спорттық шеберлік мектебінің 147 шәкірті бүгінгі таңда ел құрамасының сапында әр түрлі сайыстарға қатысып жеңістен жеңіске жетуде. Атап айтқанда боксшымыз Дина Жоламан 57 келі салмақта 2016 жылы әлем чемпионы атанды. Тағы бір аруымыз Карина Ибрагимова 2018 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемдік жарыстың қола жүлдегері болды. Шаңғышы Николай Чеботько да Италияда өткен әлем біріншілігінде қола медаль иеленді.
Ақмола облысының спортшылары Азия біріншіліктерінде де топ жарып келеді. Солардың қатарында 49 келі салмақта жұдырықтасатын боксшы Теміртас Жүсіпов бір мәрте чемпион, бір рет қола жүлдегер атанды. Биатлоншы Роман Еремин екі мәрте Азия біріншілігін жеңіп алды. Спорттың осынау түрінен жерлестеріміз Анастасия Кондратьева мен Алина Райкова екі рет құрлық біріншілігінде жүлдеге ие болды. Велошабандоз Евгений Гидич өткен 2019 жылы командалық-топтық жарыста Азияның алтынын жеңіп алды. Ауыр атлет аруларымыз Анна Нурмуханбетова, Фаина Сиванбаева Азиялық жарыста алдына жан салмады. Бұрымды балуандарымыздың да боз кілемдегі белдесулері көңілге қуаныш ұялатады. Соның айқын айғағындай, 2019 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында Айна Теміртасова әйелдер күресінен Азияның қола медалін жеңіп әкелді. 2020 жылы тағы бір балуан қызымыз Үндістанда өткен Азия жарысында Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Осынау толағай табыстар жоғары спорттық шеберлік мектебінің аймағымыздағы білікті бапкерлері мен бірлесе жұмыс істеудің игі нәтижесі екендігі сөзсіз.
Елімізде жарияланған коронавирусқа қарсы төтенше жағдай мен карантин режимі жоғары дәрежелі спортшылардың жаттығу процесіне кері әсер еткені жасырын емес. Алайда, спорт менеджерлері Қазақстан Республикасының құрамасы сапындағы жерлестерімізбен күнбе-күн әлеуметтік желі арқылы тікелей байланыста болды. Жоғары спорттық шеберлік мектебінің бөлім жетекшісі Максим Мартысевич пен әдіскер Әсет Рамазан инстаграм арқылы бірнеше танымал спорт тарландарымен және ардагерлерімен тікелей эфир арқылы сұхбаттар жүргізді. Солардың қатарында бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Мусинов, бокс ардагері, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Қалымбек Мұхамеджанов, ауыр атлетикадан олимпиадалық ойындардың жүлдегерлері Марина Гробовецкая мен Ирина Некрасова өз ойларын ортаға салды. Бүгінгі таңда ел намысын лайықты қорғап жүрген боксшы қыздарымыз Дина Жоламан, Карина Ибрагимова, Жансая Балтабекова үй жағдайындағы жаттығуларды, Мөлдір Базарбаева мен жеңіл атлет Анастасия Глухарева спортшыларға әлеуметтік желі арқылы таңғы ас дайындау тәсілін көрсетті. Бұл үрдіс төтенше жағдай кезінде кестеге сай жүріп, ұлттық құрама сапындағы жерлес спортшыларды жігерлендіре түсті.
Төтенше жағдай аяқталып, карантин режимі жеңілденген сәттен бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен өңіріміздегі кәсіби және ұлттық құрама сапындағы спортшылар стадиондар мен шағын аудандардағы спорт алаңдарында санитарлық талаптарды сақтай отырып, жаттығу жасауға кірісті. Олар өздерінің жеке бапкерлерімен бірге жеңілдетілген бағдарламаға сай біртіндеп, спорттық баптарын қалпына келтіріп жатыр. Ақмолалық спортшылардың да алға қойған басты мақсаты 2021 жылға шегерілген Токио Олимпиадасына лицензия жеңіп алу. Одан үмітсіз емеспіз. Сол үшін де жерлес спортшылар тынымсыз тер төгіп жүр.

Аян ШӨКЕНОВ,
Ақмола облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы жанындағы жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар