Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен брифингте облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы Нұрлан Жалғасбаев Ақмола облысында коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Коронавирус індеті мен дағдарысқа байланысты өткен кеңестегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында департамент бірқатар шаралар қабылдаған. Төтенше жағдайға байланысты биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап тұрғындар үшін сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету жөніндегі коммуналдық қызметтің тарифтері 10 пайызға төмендетілді. Бұл тұрғындардың тек қана сәуір айында 72,1 миллион теңге үнемдеуіне мүмкіндік берді. Мұндай уақытша шара кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне қайшы келмегенін, тарифтерді азайту бюджеттік ұйымдардың есебінен жүргізілгенін атап өткен жөн.
– Облыс орталығындағы «Көкшетау-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтамасыз ету қызметінің (1 гКал) тарифін тұрғындар үшін 1 907,05 теңгеден 1 716,35 теңгеге дейін арзандатты. Есептеу аспабы бар жылумен қамтамасыз ету қызметінің тарифі 1 337,37 теңгеден 1 203,63 теңгеге дейін азайды. Есептеу аспабы жоқ жылумен қамтамасыз ету қызметінің тарифі
2 876,38 теңгеден 2 588,74 теңгеге дейін төмендеді. Бұл жерде тариф салықсыз есептелетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ, «Көкшетау Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғындарды сумен қамтамасыз етудің тарифін (1 текше метр) 70,55 теңгеден 63,5 теңгеге дейін төмендетті. «Көкшетау Энергия орталығы» серіктестігі тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ету қызметінің тарифін
(1 кВт) 13,94 теңгеден 12,55 теңгеге дейін арзандатты. 1 деңгейдегі электр қуатымен қамтамасыз ету қызметінің тарифі 13,22 теңгеден 11,90 теңгеге дейін, 2 деңгейдегі тариф 16,73 теңгеден 15,06 теңгеге,
3 деңгейдегі тариф 20,91 теңгеден 18,83 теңгеге дейін төмендеді,–деген департамент басшысы «Степногорск Су арнасы», «Атбасар Су», «Бурабай Су арнасы», «Шортанды Су», «Ерейментау Су арнасы», Ерейментау ауданындағы «Теплосервиз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарының, «Степногорск Энергосбыт», «Шаңтобе-энергокомплекс», «АРЭК Энергосбыт» серіктестіктерінің тұрғындарды сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету қызметтерінің тарифтері арзандағанын айтты. Комитет тапсырмасы бойынша департамент өңірлік кәсіпкерлік палатасымен бірге департамент коммуналдық қызметтің барлық тұтынушыларына жауапкершілік пен айыппұл салу шараларын қолданбау, ақысын төлемегені үшін коммуналдық қызметтен ажыратпау жөнінде табиғи монополиялар субъектілеріне ұсыныс жіберген.
– Төтенше жағдай кезінде көп зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің қарызын қайта қарау қажеттігі жөнінде табиғи монополиялар субъектілері мен қоғамдық маңызы бар рынок нысандарына хат жіберді. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитет төрағасының бұйрығымен Қазақстан Рес-публикасы аумағында жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу шарасын күшейту мақсатында аталмыш субъектілер ұсынатын есеп пен мәлімет мерзімі биылғы жылдың 1 маусымына дейін ұзартылды. Одан әрі департаментпен табиғи монополия субъектілері қызметі тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу, тариф құрудың ашықтығын қамтамасыз ету жұмысы жалғаса түседі. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар қызмет бағасының негізсіз көтерілуіне қарсы күрес жүргізіледі,–деді департамент басшысы Нұрлан Жалғасбаев.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.