Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеріңнің аты – еліңнің тарихы - АРҚА АЖАРЫ

Жеріңнің аты – еліңнің тарихы

Ата жұрт атауларының ақтаңдағы

Тыңның эпицентрі аталған Ақмола өңіріндегі елді мекендердің идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген атауларын өзгертетін уақыт жетті. Жетпіс жылғы солақай саясаттың тұмшалаған қара шымылдығын серпіп тастасаңыз, арғы жақтан атамекеннің байырғы атаулары саф алтындай жарқ ете түсер еді.

Алда-жалда табиғаты тамылжыған Сандықтау ауданына жолыңыз түсе қалса, бұл өлкені жергілікті бұрын-соңды ұлт мүлде мекен етпеген тәрізді әсерде қаласыз. Елді мекендер Новоникольск, Новоселовка, Веселое, Быстримовка, Граниковка, Михайловка деген тәрізді атаулармен бір-біріне жалғасып кете береді. Құтты Ресейдің ішкі бір губерниясында жүрген тәріздісіз. Ал, осы атаулардың тұнық дүниені былғай, барды өшіре, санадан сыра қойылғандығын дәлелдеу оп-оңай. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ақмола облысындағы ономастика саласындағы игі бастамаларға қолдау білдіріп, архивтерде шаң жұтып, қажымай-талмай ізденіс жұмыстарын жүргізу арқылы байырғы жер-су атауларын ғылыми сараптамадан өткізіп, дәйекті деректер ұсынып отыр. Ендігісі осы құжаттарды негізге ала отырып, әділеттің салтанат құруы. Жоғарыда біз айтып өткен Сандықтау ауданындағы қазіргі қаптаған атаулардың бәрі кешегі кеңес заманында әділетсіздікпен қойылған. Зерделей зерттесеңіз, ілкі заманғы жер-су атаулары тұнып тұр. Мәселен, орталық мемлекеттік архивтегі №317 қордың бірінші тізіміндегі №58 істе Новоникольскінің — Қояндыкөл, Новоселовканың — Жалтыркөл, Веселоеның — Балапан, Быстримовканың — Жалпаққарағай, Граниновканың — Тақыр жыланды, Михайловканың — Жыланды, Мельниковканың — Қарағайлысай, Новоромановканың — Үш аша, Спасскоеның — Сарымсақты аталғаны туралы нақты деректер бар. Ақкөл ауданындағы Урюпинка ауылы ілкі заманда Шолаққарасу аталған екен. Бұл жайлы дерек орталық мемлекеттік архивтегі №371 қордан табылып отыр. Ондағы Ақмола уезі қоныс аудару аудандарындағы елде орналасу барысы туралы мәлімдеме деп аталатын құжатта тайға таңба басқандай ап-анық көрсетіліпті. Деректерге қарағанда, бұл елді мекен сонау 1884 жылы құрылып, 1901 жылға дейін Сосновка деп аталған. Оның себебі де бар, жаңа елді мекен орналасқан жерді ит тұмсығы өтпейтін қалың қарағай орман қаумалап тұрған. Тек кейін өкінішке орай, сансыз зәулім қарағай аяусыз оталып, құрылысқа пайдаланылған да, кейін жойылып кеткен. Уақыт өте келе, Ресейдің Волгоград облысындағы Урюпинск қаласынан қарашекпенділердің жайлы жер іздеп, үдере көшіп келулеріне байланысты бұл жер Урюпинка аталған. Әйтсе де, ескі атауы біраз уақытқа дейін жойылмай, Сосновка-Урюпинка деген қосарлы атпен аталған. Бұл туралы Ақкөл ауданының мектеп мұрағатынан табылған жазбада жан-жақты баяндалады. Көркем табиғаттың ілкі замандағы кескініне қылау түспей тұрған шақтағы ғажайып бейнесі де сипатталыпты.
Ілкі заманда атам қазақ жер-су атауларын тегіннен-тегін қоя салмаған. Төскейіндегі елге айрықша еңбегі сіңген, ерлігі мұра болған бабалар есімі немесе жер-судың айрықша белгілері негіз болған. Мәселен, осы Урюпинканың қоныстанған жерінің ілкідегі атауы Шолаққарасу. Бұл өзен негізгі қорегін жерасты суларынан алатын болған. Қырық күн шілдеде, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта өзен тартылып, ойдым-ойдым қара суларға айналады екен. Сол себепті жылап аққан шағын өзен Шолаққарасу атанған. Осы аудандағы Ново-Рыбинский ауылының байырғы атауы – Шортанкөл. Жалпақ далада тананың көзіндей жарқырап жатқан көлде шортан балық ересен көп болыпты деседі. Жаздың жалпағында таң ата жылқыны суға құлатқанда, шортан балық бастары шоқпардай болып, көл жиегінде үймелесе жүзеді екен. Көптігі сондай, қаталап келген жылқыны үркітеді екен. Міне, осыдан көл Шортанкөл деген атауға ие болған. Байырғы атау туралы орталық мемлекеттік архивтің №371 қорында анық дерек келтірілген. Елді мекеннің көл жағасына орналасуының да өзіндік себептері бар. Өйткені, шабатасын сүйреткен қарашекпенділер қазақ даласының құнарлы жеріне, өзен-көлдерінің маңайына үйір. Орманында саңырауқұлағы, жеміс-жидегі бар, көлінде балығы бар болса, құдайларының бергені емес пе? Мәселен, Аршалы ауданындағы Михайловка ауылы Мойылды өзенінің жағасынан ірге тепкен. Есіл өзенінің Ақмола алқабында әлденеше ұсақ салалары бар. Шөліркеген даланың шөлін қандыру үшін жаратқан ие әдейі дәл осылай иен далаға тармақ-тармақ қылып жіберген тәрізді. Өзен аңғарындағы Михайловканың әуел бастағы есімі Мойылды екендігі ешбір талас тудырмайды. Бұл да архивтегі №371 қорда бар.
Астрахан ауданындағы Новочеркасск елді мекенінің бұрынғы атауы Шаншар. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архивінің №198 қорының үшінші тізімінде ап-анық жазылған. Ақмола облысындағы ел мен жер атауларын зерделей зерттеп, айрықша мол еңбек сіңірген өлкетанушы Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты өлкетану жазбасының 37-38 беттерінде Астрахан селосына таяу жердегі Шаншар ауылының үстіне Доннан келген мұжықтар 1895 жылы қоныс салғаны жайында деректер жазылады. Бұл жерді бұрын жергілікті жұрт «Кіші Тасмола», Семеновка поселкесін «Үлкен Тасмола» деп атаған екен. Бұл атаулардың да өзіндік мәні бар. Ақмола қорғаны орнағаннан кейін ат аяғы жететін жерлерде топ-топ солдат ұстау үшін осындай орын сайлаған деген нақты дерек бар. Ондағы мақсат – қазақтың атты сарбаздары шабуыл жасай алмас үшін биік етіп жақпар тастардан қалап осындай қорғандар жасаған. Бұл тас молалардың қалдығы 1943 жылға дейін сақталды деседі көзі қарақты жергілікті тұрғындар. Шаншар жеріне келімсектер 19-ыншы ғасырдың соңында қазық қадаған екен. Ит арқасы қияндағы Курскіден, Полтавадан, Саратовтан, Тамбовтан, Харьковтан, барлығы 134 адам көшіп келіпті деген дерек бар. Кейін көктемгі лай судай лықсыған келімсектің саны одан да өсіп, 10 губерниядан 49 отбасы қоныс аударып, ұзын-ырғасы 347 адамға жеткен. Осы аудандағы Петровка бұрын Жыланды атанған. Ордалы жыланға мекен болған қырат төбе ежелден Жыланды аталған екен. Ордалы жылан туралы естіген адам сенгісіз неше қилы аңыз да бар. Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты жазбасында 1985 жылы Қушоқы, Қоскөлді мекендеп отырған ауылдардың үстіне Эстляндия, Лифляндиядан келген эстондықтарға крестьян шенеуніктері арғы аталарынан мұра болып қалғандай жер бөліп беріпті. Олар өздері мекен еткен жерге Петровское деп ат берген. Міне, осылайша түгін тартса майы шығатын жер ешбір негізі, тая-
нышы жоқ атауға ие болып, әлі күнге дейін тұр. Ал, Камышенка ауылының бұрынғы атауы Балықты. Бұл туралы дерек жоғарыда аталған музей қорының бірінші тізімінде көрсетілген. 1899 жылы балықты көлін бауырына басқан аға сұлтан Ыбырайдың тұңғышы Теңізден туған Садық қажының атамекеніне Саратовтан сандалып келген жұрт қоныс салыпты. Көл кейпіне қарап, Камышенское деп ат қойыпты. Сол атау әлі күнге дейін өзгерген жоқ.
1898 жылы Бурабай ауданының аумағында әлмисақтан түтін түтетіп отырған Арықбалық қонысының үстіне қоныс аударушылар үдере көшіп келіп, бұрынғы әп-әдемі атауын жергілікті жұрттың санасынан өшіріп, Успеноюрьевка атандырған. Ежелгі атау Омбы облыстық тарихи архивінің №111 қорында сақтаулы тұр. Байырғы Ереймен баурайы да мұндай бассыздықтан аман қалмаған. Мәселен, Новомарковка елді мекенінің бұрынғы атауы Мыңшұқыр. Бұл туралы дерек «Ақмола уезі қоныс аудару аудандарындағы елді орналастыру барысы туралы мәлімдеме» атты құжатта ап-анық көрсетіліп тұр.
Енді бір сәт «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкенің өңін келтіретін өміршең атауларды тірілту. Ол үшін ел мен жер тарихын тағы бір таразыласақ. Мұндай жұмыс ішінара жүргізіліп те жатыр.
–Былтыр «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» жобасын жүзеге асыру аясында өлкетану жұмысын ілгерілету мақсатында өзеннің ланшафттағы рөлін анықтайтын негізгі сипаттамаларын анықтау және Есіл өзенін кешенді зерттеу мақсатында Жақсы ауданында кешенді тарихи-этнографиялық экспедициясы өткізілді. Экспедиция құрамына ғылыми қызметкерлер, сонымен қатар осы жерді зерттеу үшін облыстық музейдің археологтар тобы кірді, «Номад» археологиялық клубының жетекшісі Е.Байдүсеновпен бірлесіп қорғандарды зерттеу бойынша барлау жұмыстарын жүргізді. Экспедиция қорытындысы бойынша 10 елді мекенге барып, 50-ден астам респондент сұралып, 70 музейлік маңызы бар заттар жиналды,–дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов, – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі археология профессоры В.Зайбертпен бірлесіп, Ботай мәдениетіне жататын жаңа ескерткіштерді анықтау мақсатында Біржан сал ауданына, сонымен қатар, Бурабай және Бұланды аудандарына Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ботай» ашық аспан астындағы музейге және Бурабай ауданындағы «Ботай – Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешеніне барып, барлау экспедициясын ұйымдастырды. Кейінгі ұрпақ атамекеннің ежелгі атауларын білуге тиісті. Әйтпесе, қиянат болады емес пе?
Біз келтірген деректер облыстағы кешегі заманның келеңсіздігін көрсететін мысалдардың бір парасы ғана. Асылында, атам қазақ жер-су атауларын бекер қоймаған. Ақыл таразысынан өткізіп, санамен салмақтап, елімен бірге мәңгі жасайтын ат қойып, айдар таққан. Бажайлап қарасаңыз, шет-шегі жоқ сайын далада аты, атауы жоқ бірде-бір тау түгіл шоқы, көлі түгіл көлшік, орман түгіл тоғай жоқ. Бәрінің елге етене жақын атауы бар. Бүгінгі ұрпақтың міндеті, сол бабадан қалған байырғы атауды қалпына келтіру.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар