Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Брифинг - АРҚА АЖАРЫ

Брифинг

Оқу жылының қорытындысы шығарылып, міндеттер белгіленді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов 2019-2020 оқу жылының аяқталуы және алдағы жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Биылғы 2019-2020 оқу жылының ерекше болғаны белгілі. Елімізде жұқпалы індет белең алып, төтенше жағдай жарияланған соң, барлық білім мекемелері соңғы тоқсанда қашықтықтан оқыту жүйесіне ауысты. Күні кеше жалпы орта білім беретін мектептерде онлайн режимде соңғы қоңырау шарасы өтті. Қалай болғанмен де, ұстаздар мен ата-аналардың еңбегінің арқасында оқу жылы ойдағыдай аяқталды.
Басқарма басшысының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, осы күні облыста 611 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеп, оларда 35 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз балабақша орындарымен қамтылыпты. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде бала тәрбиесімен айналысып жүрген 3504 педагогтің 1743-і жоғары білімді мамандар. 2020 жылы облыс тағы 7 балабақша мен 585 орынға толығатын болады. Олар Атбасар, Бурабай, Целиноград аудандарында және Көкшетау қаласында ашылатын болады. Барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелері облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемиологиялық жағдай негізінде жанданатын болады. Әзірше тек кезекші топтар ғана жұмыс істеп жатыр.
Бүгінгі күні облыста 576 мектеп жұмыс істеп тұр. Бұларда 129126 оқушы білім алуда. Биыл 4515 оқушы мектеп бітіріп, олардың 297-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 187-сі үздік аттестатпен тәмамдады. Түлектердің 2314-і мемлекеттік тілде білім алған, қалғандары орыс тілінде оқыпты. Басқарма басшысы биылғы оқу жылында түлектер мемлекеттік емтихандарды төтенше жағдайға байланысты тапсырмай-ақ, аралық және қорытынды бақылау жұмыстарының нәтижесінде қорытылғанын атап өтті.
Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енді жоғары оқу орындарына түсуге және мемлекеттік грандтарды анықтауға арналған сынақ негізінде өтеді. Бұл үшін облыста 11 пункт әзірленген, оның 3-еуі Нұр-Сұлтан қаласында. 3718 мектеп бітіруші ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Олардың 2124-і мемлекеттік тілде, 1590-ы орыс тілінде және 4-еуі ағылшын тілінде ҰБТ тапсыратын болады. Тестілеуді талапкерлер бес пән бойынша, яғни, үш негізгі пән – Қазақстан тарихы, математика, оқу сауаттылығы және екі пәнді өздерінің таңдауы бойынша тапсырады. ҰБТ-ға 3 сағат 50 минут уақыт беріледі. Және де тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында санитарлық талаптарды қатаң сақтау негізінде өтеді. Жұқпалы індетке байланысты аудиторияға талапкерлерді кіргізудің саны екі есе қысқарған, оған қоса, талапкерлер сынақ тапсыру кезінде әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс.
Сондай-ақ, брифингте түлектер кеші туралы да айтылды. Түлектер кеші 3-4 маусым аралығында өтеді. Оған мектеп бітіруші оқушылар, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері мен педагогтар қатысады. Аттестат тапсыру салтанаты ашық алаңда, далада өткізілуі тиіс.
– Салтанатты шара аясында соңғы қоңырау соғылады және аттестаттар тапсырылады. Ал, түлектер кешіне келер болсақ, біз бұрыннан дәмханалар мен мейрамханаларға баруға қарсы болып жүрдік. Бірақ, ата-аналар мен түлектер қарсылық танытып, қалай да жиналып, кештер ұйымдастыратын. Көптеген ата-аналардың қолы қысқа болса да, балалары өзгеден қалыспасын деп қарызданып, қауғаланып кешкі көйлектер әперіп, қажеттінің барлығын жасауға тырысатын. Ал, биыл олай болмайды. Коронавирус пандемиясының дендеп кетпеуі үшін кештер өткізілмейді. Бізге балалардың денсаулығы өте маңызды. Осыны барлық білім ордаларының басшылары мен ата-аналары да ескерсе дейміз. Ауа райы жақсы болса, далада ашық алаңда салтанатты кеш өткізетін боламыз. Күн жауын-шашынды болса, онда акт немесе спорт залдарында 40 минуттан аспайтын уақыт ішінде салтанатты шара өткізілетін болады. Егер мектепте бірнеше мектеп бітіруші сыныптар болса, онда кезекпен өткізіледі, – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі күні балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын ұйымдастыру пандемияның таралуына байланысты өзекті мәселеге айналып отыр. Білім және ғылым министрлігі бұл орайда каникул кезінде балалардың сауықтыру және жазғы демалыстарын ұйымдастырудың «Қазақстанның балалары – жазды қуанышпен толтырайық!» тұжырымдамасын әзірлеп қойды. Бұл тұжырымдама балалардың демалысын дәстүрлі және қашықтықтан өткізу бойынша екі нұсқада әзірленген. Егер COVID-19 індетінің таралу көрсеткіші облыста 7 пайыз деңгейінен жоғарылайтын болса, оқушылардың жазғы сауықтыру демалыс-тары қашықтықтан өткізу форматына
ауыстырылады. Бұл дегеніміз, мектептердің жанындағы лагерьлер, қосымша білім беру ұйымдары, түрлі бағыттағы балаларды дамыту орталықтары онлайн түрінде балалармен жұмыс істейтін болады. Оған жас-тар ресурстық орталықтарының еріктілері мен лагерьлердің жетекшілері (вожатый) жұмылдырылады.
Қазіргі уақытта оқушылар демалысын дәстүрлі форматта ұйымдастыру үшін облыста 20 қала сыртындағы және 450 мектеп жанындағы лагерьлер, 300 мектеп жанындағы профильдік алаңдар дайындалып жатыр. Ағымдағы жылы өңірдің 121527 оқушысын сауықтыру демалысымен қамту жоспарлануда. Бұл жалпы оқушылардың 99 пайызын құрайды. Демалысқа ең алдымен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын қамту көзделіп отыр. Бұл 18 мыңға жуық баланы қамту деген сөз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12745 баланы құрапты.
Облыстың бас ұстазы Бейбіт Жүсіпов сонымен бірге, өңірдегі техникалық-кәсіптік колледждердің жағдайына тоқталды. Сондай-ақ, биылғы жылы аймақтың 136 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігі белгілі болды, оған бюджеттен 14,6 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты.
2020-2021 оқу жылында 11 сыныптар жаңартылған оқыту бағдарламасына қосылып, барлық сыныптар толықтай осы бағдарлама негізінде білім алатын болады.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар