Жеріңнің аты – еліңнің тарихы

Елді мекендердің тарихи атаулары анықталуда

Бүгінде облысымыздағы бірқатар елді мекендердің тарихи атаулары қайта жаңғыртылуда. Оларды ешқашан тарих қойнауынан өшіріп тастау мүмкін емес. Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты тілдерді дамыту бөлімі өздерінің әлеуметтік facebook  парақшаларында арнайы «Тарихи атаулар» айдарын ашты.

Бұл аталмыш жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік желілер арқылы оқырмандардың өңірлердің тарихи атауымен таныс болуына мүмкіндік жасау. Олай дейтініміз, өңірімізде тереңнен сыр шерткен киелі мекендер жеткілікті. Бірақ, олардың көбі  орысша атаумен аталатындықтан, кейбір аудан, ауыл атының түп-тамырын біле бермейтініміз жасырын емес. Міне, осы ретте облыстық тілдерді дамыту бөлімі қолға алған жобаға қызығушылық танытқан жандардың қатары көбеюде. Бөлім күн сайын  әлеуметтік желіге өңірдегі бір өлкенің тарихи атауы жайлы тың ақпарат  жариялайды. Бүгінде облыс бойынша 46 елді мекеннің тарихи атауы белгілі болған. Оның ішінде Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласы да бар.
– Макинск қаласының тарихи атауы тарихи құжаттарға сәйкес Аютөбе немесе Айтөбе екені анықталды. Осы тарихи атауларды іздестіру барысында біз бірқатар музейлер мен архивтерге хабарласып, көмек сұрадық. Бұл өтінішіміз аяқсыз қалмады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қолдау білдіріп, сол мекеменің қызметкері Ирина Бекзатқызы бізге көптеген атаулардың анықталуына мүмкіндік жасады. Табылған мәліметтерді халыққа жеткізу мақсатында арнайы әлеуметтік желілерге жүктеудеміз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова.
Бұған қоса, осы іздестіру жұмыстары барысында Сандықтау ауданының 10 елді мекенінің тарихи атауы белгілі болған. Сондай-ақ, бұл қатарда Целиноград, Бурабай аудандарына қарасты ауылдар да бар екен. Олар тек ауыз екі тілде ғана емес, архив құжаттары арқылы дәлелденген.  Ол атаулар кейін неге өзгерді, бұрынғы атауының мағынасы қандай? Міне, осының бәрін «Тарихи атаулар» айдарынан оқуыңызға болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар