«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы волонтерлік жобалар бойынша шағын гранттар байқауын ұйымдастыруды қолға алып отыр.
Қазіргі таңда екі бағыт бойынша өтетін байқауға жергілікті ұйымның үйлестіруімен өтінімдер қабылдау жүргізілуде. Біріншісі, экологиялық ағарту, көгалдандыру, өзендер мен көлдерді тазарту, жануарларды қорғау жұмыстарын қамтитын жобалар. Екіншісі, тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту. Республика бойынша үздік деп танылған 68 жоба иегері 300 мың теңгелік грантқа ие болып, өз бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Ұйым төрайымы Мәнсия Есекееваның айтуынша, өңіріміз бойынша 18-ден асқан жастардың жобалары болса, өтінімдерін беруге болады. Өйткені, ондай жастарға қаржылай қолдау көрсетіліп, өздерінің жобаларын жүзеге асыруларына мүмкіндік туғызылып отыр екен. Ал, кәмелет жасына толмаған мектеп жасындағылар бұл жобаға өздерінің жетекші ұстаздарымен қатыса алатыны қуантады.
Байқау 23 мамырға дейін жалғасады. Бір айтарымыз, өтінім берушілер Qazvolonteer.kz платформасына тіркелулері тиіс. Одан әрі өтінімдерді жоба тақырыбына қарай электрондық пошта арқылы жіберулеріне болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.