Ғайша ЖОЛДЫБАЕВА,
Астрахан ауданындағы Ұзынкөл негізгі мектебінің мұғалімі.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирустың екінші рет таралуына дайындық мәселесін де көтерді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда осы індетке қарсы төтенше жағдай алынып тасталғанымен, карантин тәртібі жалғасуда. Дегенмен, бұл талапты қазір екінің бірі сақтамай жүргені белгілі. Президент өз сөзінде бүгінгі күні барлық елдердің қауіпсіздігін құрайтын биологиялық қауіпсіздік мәселесі тұрғанын айтты. Жағдай біздің еліміздің аумағында және шекаралас мемлекеттерде табиғи ошақ пен өзге де аса қауіпті індеттің таралуымен қиындап отыр. Бірқатар реформа мен қайта құру санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және жұқпалы індетті бақылау жүйесі қызметінің босаңсуына себеп болды. Осы орайда, Президент өз тиімділігін дәлелдеген моделге оралып, санитарлық-эпидемиологиялық станциясының жұмысын нығайту және институционалдандыру қажеттігін атап өтті. Елімізде мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің мәртебесі мен құзыры артатын болды. Жаңа комитетті құру жұмысы басталады.
Сондай-ақ, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім мен денсаулық сақтау саласының мәселелері талқыланды. Мәселен, Президент Қазақстан оқушы білімінің деңгейі бойынша дамыған елдерден қалып қойғанын айтты. Бір оқушыға жылына мың доллар жұмсалады. Қала мен ауыл мектептерін теңестіру маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқулық жасаушылардың заңды жауапкершілігін енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарын лигаларға бөлу ұсынысын қолдады. Президент мемлекеттік қызмет үшін жаңа дарындыларды іздеуге шақырды. Енді жалған диплом беретін кеңселер жабылатыны көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекет басшысы дәрігерлерді қателігі үшін айыптауды қайта қарауды, жыл соңына дейін Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі жөнінде заң шығаруды тапсырғаны да көңілге қонымды.